Дамушы нарықтар валюталарының серпіні әртүрлі бағытта болды

Жарияланды
Бразилиялық реал мен индонезия рупиясы нығайды, ресей рублі мен түрік лирасы әлсіреді

Сауда-саттық қорытындысы бойынша, 12 қарашада теңгенің нарықтық бағамы бір апта ішінде 0,1%-ға (429,82 теңгеден) нығайып, бір АҚШ доллары үшін 429,59 теңге деңгейінде қалыптасты. Дамушы нарықтар валюталарының серпіні әртүрлі бағытта болды. Бұл туралы ҚР Ұлттық Банк баспасөз қызметі хабарлады.

Қазанда АҚШ-та соңғы 30 жылдағы инфляцияның рекордтық деңгейі (6,2% ж/ж) туралы деректердің шығуы және АҚШ ФРЖ мөлшерлемесінің жуырда көтерілетіні жөніндегі күтулердің күшеюі дамушы нарықтардың валюталарына қарсы АҚШ доллары индексінің нығаюына әсер етті. Қарашада бағаның өсуін күту аясында АҚШ-тағы тұтыну ахуалының индексі 66,8 тармаққа дейін (2011 жылдан бастап ең төменгі деңгей) төмендеді.

Дамушы елдер валюталарының АҚШ долларына қатысты бағамдарының[1] серпіні төмендегідей қалыптасты:

Бразилия реалы қазанда инфляцияның 10,67%-ға ж/ж қарқын алатыны жөніндегі деректердің шығуы аясында 1,4%-ға (5,54-тен 5,46-ға дейін) нығайды, бұл – мөлшерлеменің өсетіні жөніндегі күтулерді арттырды;

Индонезия рупиясы Орталық банктің күшті макроэкономикалық факторларға және шетелдік инвесторлар салымының әкелінуіне байланысты ұлттық валютаның нығаятыны жөніндегі күтулер туралы түсіндірмелері аясында 0,8%-ға (14 331-ден 14 219-ға дейін) нығайды. Covid-19-бен ауырғандар санының азаюы және карантиндік шаралардың жеңілдеуі инвесторлардың сентиментін қолдады;

үнді рупиясы бір апта ішінде 74,46-дан 74,44-ке дейін нығайып, іс жүзінде өзгерген жоқ;

Мексика песосы инвесторлардың күшейту қарқынының жеделдейтіні жөніндегі күтулеріне қарамастан, Орталық банктің негізгі мөлшерлемені 5%-ға дейін 25 б.т. арттыру жөніндегі сақтықпен қабылдаған шешімі аясында 0,9%-ға (20,34-тен 20,52-ге дейін) әлсіреді;

Оңтүстік Африка ранды АҚШ долларының жаһандық нығаюы және АҚШ-та инфляция туралы деректердің шығуынан кейін жағымсыз сентимент аясында 1,9%-ға (15,05-тен 15,33-ке дейін) әлсіреді;

Ресей рублі АҚШ-тың ЕО-ға Ресей Федерациясының Украина аумағына басып кіру ықтималдығы жөнінде қауіптенетіні туралы хабардар еткені жөніндегі хабарларға байланысты 2,2%-ға (71,25-тен 72,85-ке дейін) әлсіреді;

түрік лирасы инфляцияның қарқын алуына қарамастан, мөлшерлеменің тез арада төмендейтінін күтулер аясында 3,2%-ға (9,69-дан 10-ға дейін) әлсіреді.
 

Сондай-ақ оқыңыз