Ішкі істер қызметі электронды форматқа көшірілмек. Жоба қалай жүзеге асады?
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арналған жолдауында және кеңейтілген алқа мәжілістерінде ішкі істер министрлігіне ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз етуді, оның ішінде қылмыстық процестің үш деңгейлі моделіне көшіру және полицияны сервистік жұмыс үлгісіне көшіру бойынша бірқатар тапсырмалар берген еді. Осыған орай министрлік бірқатар өзгерістер жасаған сыңайлы.
Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, ведомство бірқатар қызметтерді онлайн форматқа ауыстырған.
«Цифрлық мәліметтер базасын құрдық, айыппұлдар туралы электронды хабарламалар жүйесін іске қостық, жүйелерімізді басқа мемлекеттік органдардың жүйелерімен біріктірдік. Бұл атқарылған жұмыстардың бір ғана бөлшегі. Ең алдымен, біз мемлекеттік қызметтерді алу кезінде азаматтардың полициямен тікелей байланысы алынып тасталды. Енді олар мемлекеттік органдардың жұмыс режиміне тәуелді болмай, қызметтерге тапсырыстарын кез келген ыңғайлы уақытта ала алады. 40 қызметтің 38-і автоматтандырылды. Бұл ІІМ қызметтерін алуан түрлі жолмен алуға мүмкіндік берді. Мысалы, азаматтарды енді ХҚКО-да, «электрондық үкіметтің» порталы арқылы немесе M-GOV мобильді қосымшасы арқылы тіркеуге болады» деді Сәрсенов.
Оның айтуынша, азаматтар қызметтерді онлайн түрде алуды ұнатады. Мысалы, биыл ХҚКО арқылы 500 мыңнан астам адам тіркелсе, портал арқылы 800 мыңнан астам адам тіркелген. Ақпараттық жүйелерді біріктірудің арқасында мемлекеттік органдар көптеген құжаттарды базадан ала алады. Халық арасында ең танымал қызметтер – көлік құралдарын тіркеу (жыл сайын 2,5 млн тіркеу) және жүргізуші куәлігін алу (жыл сайын 1 млн құжат). Сәрсеновтың айтуынша, бұрын әр қызметке шамамен 6 сағат уақыт кететін және оларды көрсету процесстері сенімсіздік туғызатын. Сондықтан, 2012 жылы 16 облыс орталығында арнайы ХҚКО-лар ашылып, қызмет көрсету уақыты 1,5 сағатқа дейін қысқарған.
«Бұл ретте полиция қызметкерлерінің, қызмет алушылардың және халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарының байланысы мүлдем алынып тасталды. Полиция тек құжаттардың электронды көшірмелерінің толықтығын тексереді және соттылыққа тексеру жүргізеді. Бұл бізге қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға мүмкіндік берді. Ал қазір жүргізуші куәлігін онлайн режимінде алуға немесе ауыстыруға болады. Сонымен қатар, өткен жылы әрбір облыс орталығында мемлекеттік нөмірлерді шығаратын машиналар орнатылды, бұл автокөлік нөмірлері мен «дубликаттарын» жасауға кететін уақытты 5 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Осыдан екі жыл бұрын елімізде осындай екі машина ғана болғандықтан, нөмірлерді 20-25 күн күтуге тура келетін. Біз онлайн қызметтерді белсенді түрде дамытудамыз. Ең танымал мемлекеттік қызметтердің бірі – автокөлікті сату және қайта тіркеу «Kaspi Bank» мобильді қосымшасында көрсетіледі. Бұнда елдегі барлық қайта тіркеудің төрттен бір бөлшегі өтеді (күніне 2,5 мың тіркеу)» деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ қоғамдық орындардағы қылмыс деңгейі үштен бірге төмендеді, 10 мыңға жуық қылмыс жаппай бейнебақылау арқылы ашылды дейді министрдің орынбасары. Қазір республика аумағында 625 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қолданыста, оның 100 мыңға жуығы жедел басқару орталығына шығарылған. Сәкен Сәрсеновтың айтуынша, 2021 жылдың 9 айында ғана камералардың көмегімен республика бойынша 9 913 қылмыс ашылыпты.
Вице-министр қазір 78,6 пайыз іс бойынша электронды форматта тергеу жүргізіліп жатқанын айтты.
«Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде жедел бақылау орталықтары (ЖБО) ерекше маңызды. Өйткені дәл осы жерге бейнебақылау камераларынан және 102 қосымшасынан барлық оперативтік ақпарат келіп түседі. Ал ЖБО-на қиылыстардағы, мектептердегі, сауда ойын-сауық орталықтарындағы, саябақтардағы, вокзалдардағы, әуежайлар және т.б. жерлердегі камералардан видео келетінін ескерсек, оларды модификациялау қажет болды. Қазірдің өзінде ЖБО жүйесіне талдау функциясын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, оқиға орнына полицияның жедел жөнелуі үшін жақын маңдағы бос патрульді автоматты түрде анықтау функциясы қарастырылған. Бұл жерде адами фактор мүмкіндігінше алынып тасталады, жүйенің өзі ақпаратты талдап, патрульдердің жүктемесін тексеріп оларға тапсырма қояды» дейді.
Биыл полиция қылмыспен күресте халықпен өзара іс-қимылдың жаңа форматына көшті.
Азаматтардан хабарламаларды қабылдауға арналған омниканалдық жүйе іске қосылды. Жүйеге «102» мобильді қосымшасы кіреді, онда орталық басқару орталығының кезекші операторына баратын жедел бейнеқоңырау түймесі бар. Содан кейін пайдаланушы кеткен патрульдің нақты уақыттағы қозғалысын қадағалай алады. «102» мобильді қосымшасын AppStore мен PlayMarket-тен жүктеп алуға болады.