XXI ғасырда әлемнің 65-тен астам елі жер бетіндегі температураның өсуіне байланысты ішкі жалпы өнімнің қысқаруына тап болуы ықтимал. Бұл туралы Глазгодағы COP26 конференциясында ұсынылған Christian Aid ұйымының зерттеуіне сілтеме жасай отырып шетелдік БАҚ хабарлайды.
Мамандардың айтуынша, егер жердің беті Цельсий шкаласы бойынша 2,9 градусқа дейін қызса онда 2050 жылға таман 65 елдің ішкі жалпы өнімі орташа 20 пайызға құлдырап кетеді. Аталған көрсеткіш 2100 жылы 64 пайызға жетуі мүмкін. Ал егер Париж келісімі аясында Цельсий шкаласы бойынша градусты 1,5 деңгейінде ұстап тұру мүмкін болса да ІЖӨ-нің қысқаруы 2050 жылы 13 пайызды, 2100 жылы 33 пайызды құрайды.
Сондықтан қатты ыстық, қуаңшылық, құрғақшылық, су тасқыны, жауын-дауыл бола қалса экономикасы сыр бермес үшін көптеген елге шұғыл түрде көмек қажет болмақ.
Баяндамаға сүйенсек, қатты зардап шегуі мүмкін 10 елдің сегізі Африка құрлығында, ал екеуі Оңтүстік Америкада орналасқан. Олардың ішкі жалпы өнімі 2100 жылға таман 70 пайызға дейін құлдырауы мүмкін екен. Жағдайдың ушығуы Суданда тіркелуі мүмкін дейді сарапшылар. Егер Судан елі ауа-райының өзгеруіне тап болса, онда елдің ішкі жалпы өнім көрсеткіші 2050 жылға таман 32 пайызға, ал 2100 жылы 84 пайызға дейін кері кетпек.
Жақында жарияланған дүниежүзілік метерология ұйымының баяндамасында соңғы он жылдықтың тарихта ең ыстық кезең болғаны айтылады.
«Енді бір күнді де босқа жіберуге болмайды. Климат өзгеріп жатыр және оның адамзатқа тигізер әсері ауыр болмақ. Бүкіл елдер 2050 жылға таман ауаға шығаратын қалдықтарды азайту бойынша міндеттеме алуы керек, 2030 жылға таман оның үлесін 2010 жылмен салыстырғанда 45 пайызға дейін қысқарту керек» дейді БҰҰ бас хатшысы Антонио Гутерреш.
Париж келісімі бойынша әлем елдері планетадағы температураны 1,5 градус деңгейінде ұстап тұру үшін атмосфераға шығарылатын парниктік газ қалдықтарын қысқарту бойынша келіскен. Алайда экологтар бұл мақсат ескірді деп есептейді. 2020 жылы жер температурасы 1850-1900 жылдардан бері алғаш рет 1,2 градустан асып түскен. Бұған соңғы жылдары белең алған жаппай орман өрттері мен Арктикадағы мұздықтардың еруі де біршама «үлес қосып» отыр.
Температура көтерілген сайын Арктика мен Антарктидадағы мұздардың еруі жылдамдауда. Соның әсерінен теңіз деңгейі 1901 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта 19 см-ге жоғарылаған. 2019 жылы Гренландия мұздықтарының 90 пайызы ери бастапты. PNAS ғылыми журналында жарияланған зерттеуге сүйенсек, егер Гренландия мұз жабындары осы қарқынмен еритін болса онда алдағы 200 жылда әлемдік мұхит деңгейі 48-160 см-ге көтеріледі. Осының салдарынан су басу мен дауыл қаупі жиілеп, жағалауға жақын маңда тұратын елдер климаты тұрақты өңірлерге көше бастайды.
Ғалымдардың айтуынша, ғаламдық жылынудың басты себебі – адам әрекетінде жатыр. Адамдар көмір, мұнай, газ жаққан сайын ауаға шығатын көмірқышқыл газы, метан, азот оксидінің қалдығы көбейеді. Олар күн жылуын жұтып қоятын парниктік эффектіні үдетеді. Ғаламдық жылынудағы тек көмірқышқыл газы үлесінің өзі 64 пайыз мөлшерінде екен. Көмірқышқыл газын жұтып алып, климатты реттеп отыратын ормандар еді. Алайда олардың жаппай оталуы және өртелуі ахуалды қиындатып бара жатыр. 1980-2000 жылдар аралығында қалалардың салынуына, плантация мен егістік жердң ұлғаюына, мал жайылымына байланысты 100 млн гектардан астам тропикалық ормандар жойылып кеткен. Әлемдік ауыл шаруашылығы өсімінің тең жартысы ормандарды кесу әсерінен жүзеге асқан. Ауыл шаруашылығы метан мен азот оксидін ауаға бөліп шығару жағынан алда тұр. Қой мен сиыр азық жеу кезінде метан бөліп шығарады екен. Ал ауада азот оксидінің көбеюі тыңайтқышты көп қолдану нәтижесінде пайда болады.
Ғаламдық жылынуды тежеуге болады, бірақ ол үлкен саяси шешімдер мен тәуекелді және мол шығынды қажет етеді. Сарапшылардың айтуынша, ауаға бөлінетін қалдықтарды азайтпау керек, оны мүлде тоқтату қажет. Ол үшін қазбалы отынды жағудан түбегейлі бас тарту қажет. Тиісінше, жер пайдалану, қала салу мәселесін де қайта қарауға тура келеді. Ауаға парниктік газ қалдықтарын шығарудан да құтылу жолын ойластыру керек.
Егер жер бетіндегі температура 2 градусқа жетер болса, онда көптеген аймақтарда дауылдар мен су тасқыны болып, қуаңшылық ыстық аймақтар үшін әдеттегі табиғи құбылысқа айналып кетпек. Әлемдік мұхит суы қышқылданып, теңіз жануарлары өле бастайды.
Арнайы зерттеу жүргізген Ұлттық атмосфералық зерттеу орталығы (АҚШ) 2001 жылдан бері тропосфера қалыңдығы соңғы он жылда 53 метрге ұлғайғанын анықтаған. Парниктік газ қалдықтарының көбеюі салдарынан жер бетіндегі температураның көтерілуі тропосфераны қалыңдата беретін көрінеді. Керісінше, озон қабатының бұзылуына байланысты стратосфера сығымдала түскен.