Ресурстар

Ревакцинацияға қатысты сауалдарға жауап

Бұл не, кімдерге салады және қашан алу керек?

Еліміздің ірі қалалары — Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 22 қарашадан бастап ковидке қарсы ревакцинация басталды. Осы ретте оқырман көкейінде жүрген сан сауалға қысқа әрі нұсқа жауап бергенді жөн көрдік. Ревакцинация деген не, ол не үшін қажет, кімдерге бірінші кезекте салынады? Осы және өзге де сұрақтарды қамтыдық. 

1. Ревакцинация деген не?

Бұл — коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын салдыру немесе қайта вакцинациялау. Оны кейде бустерлік вакцина деп те атайды. Әдеттегі вакцинаның толық не жарты дозасы салынады.    

2. Не үшін керек?

Ағзаның қорғанысы уақыт өте келе әлсірей береді. Атап айтқанда, иммунитетті құраушы антиденелер, В-лимфоцит, Т-лимфоцит және Т-жад жасушасы қайта түзілуі үшін қайта салдырған дұрыс. 

3. Қашан іске асырылады?

Ревакцинация 22 қарашада басталып кетті. Екі кезеңде өтеді. Бірінші кезекте салдыратын тәуекел тобындағылар:
•    Медициналық қызметкерлер;
•    Педагогтер;
•    Күштік құрылым қызметкерлері;
•    Медициналық-әлеуметтік мекемелер контингенті мен персоналдары;
•    60 жастан асқандар;
•    Иммунитеті төмендер. Яғни коронавирусқа қарсы вакцина салдырғаннан кейін антидене пайда болмағандар;
•    Өздігімен қаралғандар және ковидке қарсы антиденелерді тексерткенде нәтижесі теріс болғандар;
•    КВИ-мен ауырып, вакцинация жасатқандар сауыққан кейін 3 айдан кейін қайта вакцина салдыра алады.

4. Қанша уақыттан кейін ревакцинация жасалады?

Векторлық вакцина салдырғандар (Спутник) 9 айдан кейін (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе м-РНК-вакцина (Pfizer) ала алады. Ал инактивтендірілген Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) түрін алғандарға ревакцинация 6 айдан кейін векторлық (Спутник) немесе м-РНК-вакцина (Pfizer) салдырса болады. м-РНК-вакцина (Pfizer) салдырғандар инактивтендірілген Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе векторлық (Спутник) вакцинаны жарты жылдан кейін алады. Сондай-ақ, ревакцинацияны бірінші курсты алған түрімен де алуға болады.        

5. Салдырмас бұрын не нәрсеге мән беру керек?

Вакцинаның қарсы көрсетілімдері бар ма, соны анықтау қажет. Сондай-ақ, бірінші салдырғаннан бері денсаулығыңыз қалай болды? Соны байқайсыз. Созылмалы ауру пайда болмады ма, асқынып кетпеді ме? Егер солай болса, жағдайыңыздың жақсарып, қалыпқа келгенін күткеніңіз абзал.

6. Ревакцинациядан кейін қалай күтіну керек? 

Вакцина салдырған адам көпшілік ортадан бойын аулақ ұстай тұрғаны жөн. Себебі иммундық қорғаныс ағзаңызда бірден пайда болмайды.   

7. Кімдердің ревакцинация жасатпағаны дұрыс?

Әр вакцинаның қарсы көрсетілімдері болады. Сондықтан алдымен дәрігермен кеңесу міндетті. Өйткені вакцина құрамындағы қандай да бір компонентке ағзаңыз гиперсезімтал болуы мүмкін. Немесе аллергия беруі мүмкін. Сондай-ақ, инфекциялық, созылмалы ауруларды да жекелей қарастырған жөн. Егер бірінші екпеден кейін бір өзгерістер пайда болған болса, ревакцинацияны енді басқа түрімен жасатуға болады. Оны да дәрігермен ақылдаса отырып шешу қажет.  

8. Ревакцинация жасатпағандарға не болады?

Әзірге бұл сұраққа қандай да бір нақты жауап жоқ. Бірақ медициналық қызметкерлердің жұмысы шектеледі деседі. Өйткені Алматы қаласының қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиеваның айтуынша, ковидке қарсы вакцинаның үшіншісін алмағандарға пациенттермен жұмыс істеуге тыйым салынады. Яғни олар пациентпен тікелей байланыспайтын жұмыстарға ауыстырылады.     

9. Антиденелерге тест жасау керек пе?

Ревакцинация жасардан бұрын антиденелерге тест жасалмайды. Дегенмен қалауыңызға қарай, тапсырып көрсеңіз болады. Бір айта кетерлігі, оның қорытындысы вакцина салдырмауға болады деген анықтама бермейді. Сол себепті антиденелер деңгейі бұл ретте ештеңе шешпейді. Гамалея атындағы орталықтың басшысы Александр Гинцбург бір сөзінде «Халықаралық есептеу жүйесіне сәйкес, адам ағзасында 300 антидене анықталса, оны коронавирустық шектеулерден босатуға болады. Яғни кви-дің дельта штамынан толықтай қорғауға қауқарлы деген сөз. Ал ең жақсы көрсеткіш — 500 антидене» деген болатын. 

10. Паспортта қандай өзгеріс болады?

Құжатта жаңа блок қосылады. Ревакцинация деген тұста препараттың атауы, вакцина салдырған күн көрсетіледі. 

11. Ревакцинация жасатуға ең күшті түрі қайсысы?

Сарапшылар бұған қатысты біржақты жауап бермей отыр. Ал Денсаулық сақтау министрлігі өкілдерінің айтуынша, барлық вакцина бірдей. Сондықтан таңдау еркі әркімнің өзінде қалады деген сөз.   

12. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы неліктен ревакцинацияға қарсы?

ДДСҰ вакцинасы бар елдердің кедей елдерге бөліп берудің орнына өз азаматтарының ғана қамын ойлағаны дұрыс емес деген пікірде. Яғни ұйымның ойынша, әлем бойынша барынша көбірек адам вакцина салдырса, бұл бәріміз үшін жақсырақ. Сондықтан ревакцинациядан бұрын барлығын алғашқы компоненттермен қамтуға тырысқан жөн дейді. Әйтсе де, бұл пікірмен көпшілік мемлекет келіспей, ревакцинация жасатып жатыр. Бұл қадамдарын олар өз азаматтарының денсаулығы маңыздырақ деп түсіндіреді.    

13. Әлемдегі ахуал қандай?

Айтқандай, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының кейбір сарапшылары азаматтарының басым бөлігі вакцина салдыра алмай отырған мемлекеттерге көмектесіп, бөліскен абзалырақ деп санайды. Тіпті ұйым басшысы Тедрос Гебрейесус үшінші бустерлік дозаға уақытша мораторий жариялауды да ұсынған. Бірақ аталған ұйымның кейбір сарапшылары басқаша айтады. Мысалы профессор Сантьяго Мас-Кома ревакцинация қажет деп отыр. Себебі екпеден кейінгі иммундық қорғаныс бірнеше айға ғана сақталады екен. Әзірге қандай жиілікпен қайта салдырған дұрыс екеніне қатысты нақты шешім шыққан жоқ. Ғалымдар әлі қарастырып жатыр. Дегенмен әлемнің біраз елінде ревакцинация басталып кетті. CDC федералдық агенттігі, АҚШ аурулардың алдын алу және бақылау орталығы Pfizer/BioNTech және Moderna-дан кейін бустерлік дозаны — алты айдан кейін, Johnson & Johnson алғандарға екі айдан кейін алу керек дейді. Ал Ұлыбританияның NHS Ұлттық денсаулық сақтау қызметі жасы елуден асқандарға, тәуекел тобындағыларға — дәрігерлер, әлеуметтік сала қызметкерлері, педагогтерге жарты жылдан кейін салдыру керек деген пікірде. Францияда үшінші дозаны тек қарттарға (65 жастан асқандарға) және ауыр науқастарға салады. Дегенмен ұлттық медициналық реттеуші Haute Autorite de santé алдағы уақытта барлық ересекті қамтуды жоспарлап отыр деседі. Израильде алты айдан кейін екпенің бустерлік дозасын салдырғандарды ғана толыққанды вакцинацияланған азамат деп санайды екен. 12 жастан жоғарылардың бәріне, соңғы алты ай ішінде ковидпен ауырмағандардың бәріне міндетті.