Тоқаев Швейцарияның Президентімен келіссөз жүргізді
Женева қаласындағы Әулие Петрдің Кафедралды соборының алдында өткен ресми кездесуден кейін екі елдің басшылары келіссөз жүргізді. Бұл туралы Ақорда кз сайты хабарлады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ги Пармелан бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды. Содан кейін екі елдің әнұрандары шырқалды. Президенттер Швейцарияның туына құрмет көрсетіп, Құрмет қарауылын бойлай өтті.
Салтанатты рәсімнен кейін мемлекеттер басшылары шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді.
Өзара сенім жағдайында өткен кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Швейцария арасындағы саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, қаржы салаларындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың ахуалы мен перспективаларын жан-жақты талқылады.
Бұдан бөлек екі ел басшылары Бреттон-Вуд институттары, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара ықпалдастықты қарастырып, аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерді, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай мен осы елге гуманитарлық көмек көрсету мәселесін сөз етті.
Сонымен қатар пандемияға және климаттың өзгеруіне қарсы күреске, Орталық Азиядағы су дипломатиясына қатысты өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ги Пармелан саяси және экономикалық байланыстардың оң қарқынын атап өтіп, екіжақты байланыстардың барлық бағыты бойынша өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екендерін білдірді. Мемлекет басшысы Швейцариямен жан-жақты қатынастарды дамытуға баса мән беретінін және осы елді Қазақстанның Еуропадағы маңызды саяси әрі экономикалық әріптесі санайтынын айтты.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ги Пармеланға Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық реформалар жөнінде айтты. Екі ел басшылары ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, фармацевтикалық өнеркәсіп және «жасыл» жобалар саларындағы бірлескен жұмыстарды атқару үшін мемлекеттеріміздің әлеуеті зор екенін айтты.
Келіссөз қорытындысы бойынша мемлекеттер басшыларының қатысуымен бірқатар үкіметаралық және коммерциялық келісімге қол қойылды.
1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Конфедерациясы Федералдық Кеңесі арасындағы бағалы металдардан жасалған бұйымдардағы сынамалық таңбаны өзара мойындау жөніндегі келісім;
2. 1994 жылғы 12 мамырда Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Швейцария Федералдық Кеңесі арасында қол қойылған сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі келісім хаттамасы (Сауда қызметтерін ішкі реттеу қағидалары);
3. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Stadler CIS AG» компаниясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық жөніндегі келісім.