Проблема шаш етектен. Тұрғын үй құрылысы нарығындағы түйткіл қашан шешіледі?
Жыл санап тұрғын үйге деген сұраныс артып келе жатыр. Биыл Қазақстанда 33 мыңнан астам үй пайдалануға берілген. Биыл тоғыз айдың қорытындысы бойынша елімізде 11,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынып біткен. Бұл 2020 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 8 пайызға жоғары көрсеткіш.
Finprom-ның жазуынша, өңірлік бөліністе Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласында және Маңғыстау облысы көш бастайды. Елордада биылдыққа 2,3 млн шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Бұл бүкіл елдегі құрылыстың 19,6 пайызы. Алматыда 1,4 млн шаршы метр үй салынса, Маңғыстау облысындағы құрылыс көлемі 954,1 мың шаршы метрді құрайды.
Жалпы алғанда жыл басынан бері 32,43 мың жеке үй және 1032 көппәтерлі үй пайдалануға беріліпті. Меншіктің барлық түрін қоса алғанда 98,9 мың пәтер тұрғызылған.
«Позитивті динамикаға қарамастан мәселе шешілді деп айтуға әлі ерте. Қазақстанда жан басына шаққанда әр адамға 22,6 шаршы метрден келеді. БҰҰ бекітілген стандартына сәйкес қамтамасыз ету көрсеткіші кем дегенде бір адамға 30 шаршы метрден келуі керек. Биыл тоғыз айда тұрғын үй құрылысына 1,9 трлн теңге инвестиция салынған. Бұл былтырғы сомадан 27,5 пайызға көп. Бөлінген ақшаның 76,6 пайызы – құрылыс салушылардың жеке қаржысы. Оның 554,7 миллиарды немесе 38,6 пайызы – халықтың ақшасы, соның ішінде үлестік құрылысқа бөлінген қаражат» делінген зерттеуде.
Сарапшылардың жазуынша, тұрғын үй құрылысына осыншама мол қаржы салынып жатқанына қарамастан сенімсіз құрылыс компанияларының әрекеті мен түрлі айла-әрекеттер елдегі әлеуметтік тұрақтылыққа кедергісін тигізуде.
«Тұрғын үйді пайдалануға беру бойынша лидер атанып отырған Нұр-Сұлтанның өзінде құрылыстың тым ұзаққа созылу және үлескерлерді алдап кету әрекеттерінің әлеуметтік және қаржылық қиындыққа ұшырауына әкеліп соқтыруда. Жыл басында астана әкімдігі биыл 7 мың үлескердің пәтерге қол жеткізетінін айтты. Өйткені проблемалық үйлерге миллиардтаған қаржы бөле отырып, мемлекеттің өзі құрылысты соңына дейін жеткізуге мәжбүр» дейді Finprom.
Бірінші жарты жылдықтың өзінде мемлекет 21 сақалды құрылысты салып шығуға мәжбүр болған. Солардың ішінде мына құрылыс нысандары бар:
• «Жастар 4» тұрғын үй кешені ( құрылысы 11 жылға созылған);
• «Талисман» тұрғын үй кешені ( құрылысы 6 жылға созылған);
• «Зере-1» тұрғын үй кешені ( құрылысы 7 жылға созылған);
• «Ақерке-2» тұрғын үй кешені ( құрылысы 7 жылға созылған);
• «Жеті жол» тұрғын үй кешені ( құрылысы 10 жылға созылған) және басқалар.
Екінші жарты жылдықта үлескерлерін он жылдан бері күттіріп жүрген 57 проблемалық тұрғын үй құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл орайда құрылыс қарқынын бәсеңдетіп, елдің әлеуметтік ахуалын нашарлатқан құрылыс салушы компаниялар мәселесі автоматты түрде алға шығады.
Сондықтан құрылыс компаниясын таңдау кезінде оның тарихын, сәтті тапсырған нысандарының санына, нарықта қанша жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанына мән беру өте маңызды.
Соңғы ақпараттар бойынша құрылыс компанияларының 36 пайызы қиын жағдайда. Тіпті елорданың өзінде құрылыс компанияларының төрттен үшінде сатылымдағы тұрғын үй кешен саны үшеуден аспайды.
«Биыл азаматтардың зейнетақы қорынан ақша алып, оны тұрғын үй мақсатына жұмсау мүмкіндігі туды. Сонымен қатар құрылыс материалдарының қымбаттауы бүкіл әлем бойынша тұрғын үй құнының көтеріліп кетуіне әсер етті. Бұл жағдай тұрғын үй құрылысы нарығына спекулянттар мен теріс ниетті құрылыс салушылардың келуіне себеп болды. Қазіргі кезде ай сайын жаңа құрылыс компаниясы пайда болады. Жыл басынан бері олардың саны 50,8 пайызға немесе 2,3 мыңға көбейіп, қазан айында 6,7 мыңды құраған. Яғни, тұрғын үй құрылысының қарқынды өсу фонында жаңа компаниялардың да саны еселеп артып жатыр. Олардың қаншалықты сенімді екені белгісіз» деп жазады Finprom.
Қысқасы, құрылыс нарығында сан мен сапа аса бір үйлесім тауып тұрмаған сияқты. Өйткені Ұлттық банктің зерттеуінше, тексерілген құрылыс компанияларының тек 20 пайызы үшінші тоқсанда өз жағдайларын орнықты деп бағалаған. 36,2 пайыз компания аса қиын жағдайда тұр.
Korter порталының дерегінше, елордада 87 құрылыс компаниясы бар. Бірақ көбінде сатылымда тек бір-екі тұрғын үй кешені ғана бар. 74 пайызында немесе 67 компанияда сатылатын тұрғын үй кешен саны үшеуден аспайды. Тіпті бір тұрғын үй кешенін салумен әуре боп жүрген компаниялар да бар.
Ал салып жатқан нысаны жетеуден асатын ірі компаниялар саны – 7. Олар – BI Group (сатылымда 41 тұрғын үй кешені бар), BAZIS-А (25 тұрғын үй кешені), K7 Group (14 тұрғын үй кешені), «Рамс Казахстан» (8 тұрғын үй кешені), Nova City (BI Group формациясы), ТОО G-Park және Sensata Group (әрбірінде 7 тұрғын үй кешенінен бар) компаниялары.
Тағы бір қызығы Қазақстандағы құрылыс компанияларының 99 пайызы шағын кәсіпорын қатарына жатады. Тек 0,7 және 0,3 пайызы ғана – орта және ірі кәсіпорындар ретінде тіркелген.