Мобилді аударымдарға байланысты ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап
Соңғы уақытта қоғамда мобилді аударымдарға салық салынады екен деген әңгіме қатты тарады. Тіпті жеке тұлғалардың өзі бұдан үлкен қауіп көріп, артық шығынға батамыз ба деп алаңдаған. Десе де бұл жаңашылдықтың кәсіпкерлерге бағытталғанын байқау қиын емес. Көп жағдайда кәсіпкерлердің тауар мен қызмет ақысын жеке шотына аудартуы – салықтан жалтару болып саналады. Осыны түсіндірген мемлекет ендігі кезекте бизнеске арналған арнайы шот ашылады дегенді айтады.
Осы орайда мемлекеттік кірістер комитеті ең жиі қойылатын сұрақтарға жауап берген.
Мен таксистпін. Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелсем кассалық аппарат алуым керек пе? Өзім жүргізуші бола алам ба? Әлде жүргізуші жалдауым қажет пе?
Иә, кассалық аппарат болу керек. Бірақ сіз мобилді қосымшаны да пайдалана аласыз. Ол үшін тиімді салық режимін таңдасаңыз болады. Патент негізінде – 1 пайыз. Бұл жүйе жалдамалы жұмысшылар болмаған кезде қолданылады. Ал «жеңілдетілген жүйе» бойынша табыстың 3 пайызын салыққа аударасыз. Жүргізуші жалдап қажет емес. Өзіңіз жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, жолаушы тасымалдай аласыз.
Мен жеке тұлғамын. Менің мобилді ақша аударымым туралы деректер салық органына беріле ме?
Жоқ. Банк құпиясын сақтау талаптарына сәйкес сіздің аударымыңыз туралы деректер салық органдарына берілмейді. Сіз бұрынғыдай жеке мақсатыңыз үшін ақша аудара аласыз және қабылдай аласыз.
Мобилді ақша аударымына шектеу қойыла ма немесе салық салына ма?
Жоқ. Жеке тұлғалардың арасындағы ақша аударымдарына салық салынбайды. Заң жобасында ақша аударымына жаңа салықтың немесе шектеудің пайда болатыны көзделмеген.
Егер кәсіпкер клиенттерден мобилді ақша аударымын алатын болса, ол үшін көтеріңкі салық төлеуі керек пе?
Жоқ. Заң жобасында жаңа салықтың пайда болатыны туралы айтылмаған. Кәсіпкерлік мақсатта мобилді ақша аударымын пайдалану қазірдің өзінде сатушыларды ҚР заңнамасына сәйкес фискалдық чек беру міндетінен босатпайтынын атап өтеміз.
Бұл заң жобасы не туралы?
Заң жобасы жеке тұлғалардың арасындағы мобилді ақша аударымына қатысты емес. Мобилді төлемдер ұғымын және жеке кәсіпкерлік пен заңды тұлғалар үшін тауарлар немесе қызмет көрсету үшін ақыны арнайы кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға қабылдау міндетін енгізу көзделіп отыр.
Бұл мәселе 2021 жылдың 25 қарашасында парламент «Салық және бюджеттегі өзге де міндетті төлемдер туралы» заң жобасын қабылдаған соң басталды. Соның бірі мобилді төлемдерді фискализациялауға байланысты.
Алматы кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Максим Барышевтің айтуынша, ендігі кезекте банктердің мобилді қосымшасында тағы бір функция пайда болады.
«Жаңашылдыққа байланысты банктердің мобилді қосымшасында тағы бір жаңа функция пайда болады. Қазір мобилді қосымшаларда «аударым» деген ғана бөлім бар. Енді «төлем» деген тағы бір бөлім қосылмақ. «Аударым» арқылы туыстар, достар арасында ақша аударымдары жүзеге асса, «төлем» арқылы тауар, жұмыс, қызметтер ақысы төленеді» дейді Барышев.
Қаржы вице-министрі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, төлемді мобилді аударым арқылы қабылдап, салық төлемейтін кәсіпкерлерді арнайы ақпараттық жүйе анықтайды.
«Мәселен, бір адамға бірнеше адамнан тұрақты түрде ақша аударымдары жасалып тұрса және ол бір аптаға, тіпті бір айға дейін созылатын болса, бірден салық органдары қызметкерлерінің назарына түседі. Ондай кезде мамандар әлгі адамның немен айналысатынын жіті тексереді. Тіпті банктерден қажет ақпарат алады. Бізде ақпараттық жүйелер жақсы дамыған. Жасанды интеллект көмегімен ондай күмәнді операцияларды анықтау қиынға соқпайды. Қазір бірнеше мобилді қосымша бар. Кәсіпкер онлайн кассалық аппараттың мобилді нұсқасын жүктеп алып, оны заңдық негізде пайдалана алады. Ал салық есептілігі e-Salyq Business қосымшасын енгізумен автоматты түрде пайда болады. Мұның бәрі болашақта бизнес жүргізуді оңай ету үшін жасалып отыр. Еске салайық, мораторий аясында жеке кәсіпкерлер 2023 жылға дейін табыс салығынан босатылған» деді қаржы министрінің орынбасары Марат Сұлтанғазиев.
Ол сондай-ақ тауар мен қызмет ақысын бұрынғыдай жеке шотына аудартқан кәсіпкерлерге қандай жаза қолданылатынын айтты.
«Қазір бізде өз уақытында есепке қоймағандығы үшін салынатын әкімшілік айыппұлдар бар. Чек ұрмағаны, яғни есепте айналымды көрсетпегендігі үшін де әкімшілікке жауапкершілікке тартылады. Бәрінде де бірінші ретте ескерту беріліп, екінші рет қайталанса айыппұл басталады» деп түсіндірді вице-министр.