Ресурстар

Жемқорлар 10 ай ішінде мемлекетке 9 млрд теңге шығын келтірген

Шенеуніктер көбіне өз қызметін асыра пайдаланады

Қазақстанда 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында сыбайлас жемқорлықтан келген залал 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24%-ға өсіп, 7,5 млрд теңгеден 9,3 млрд теңгеге дейін жеткен. Бұл ақшаға 2021 жылғы бағамен үш типтік мектеп салуға болар еді. 

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес, 2 млрд теңгеге жуық шығын шенеуніктердің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы салдарынан шыққан. Былтыр 10 айда сыбайлас жемқорлық  бюджетке 4,38 млрд теңге залал келтірсе, биыл 6,2 млрд теңгеден асты. 1,8 млдр теңге көлемінде алынған пара сыбайлас жемқорлықтан келген шығынмен салыстырсақ, біршама аздау көрінеді. 

Келітірілген шығыннның 75%-ы немесе 6,96 млрд теңгесі тәркіленіп немесе өз еркімен қайтарылған. 

Биыл қаңтар-қазан айларында құқық қорғау органдары қызметкерлері 1 482 сыбайлас жемқорлық құқық бұзу фактісін тіркеген. Олардың үштен бірі (512)  –  пара беру, одан сәл аздауы (413) – пара алу. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырғанда тергеуге жеткен бұндай қылмыс саны 36%-ға азайған. 

«Қызмет бабын пайдалана отырып жасалған алаяқтық» сыбайлас жемқорлық бабы бойынша ашылған қылмыстық іс саны біршама азайған. Біреудің мүлкін ұрлау және иемденуге қатысты істер бойынша да  статистика төмендеген. Былтыр 10 айда 237 іс қозғалса, биыл 135 іс ашылған. 

Бұған дейін Kursiv.kz сайты сауалнама нәтижелеріне сілтеме жасай отырып, Қазақстандағы орташа пара мөлшері 40 мың теңге екенін жазған еді (шағын мемлекеттік денсаулық сақтау, білім беру, жер қатынастары мекемелерінде). Кәсіпкерлік ортада одан сәл жоғары – 42 мың теңгеден басталады.

Сауалнамаға қатысқан респонденттер параның ең жоғары мөлшері 200 мың теңге деген. 

Өткен айдағы атышулы қылмыстық істердің бірі – шаруаларға берілетін субсидияларды ұрлаған  ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері мен тоғыз облыстың шенеуніктері  миллиардтаған шығын келтіргені анықталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені жан-жақты тексеруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы «түптеп келгенде, елдің бәріне түрмеде орны жететінін» айтып өтті.