Ресурстар

Цой: Елімізде «Омикрон» штаммы анықталған жоқ

Әлемдік рейтингте 1 млн тұрғынға шаққанда Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 108-орында

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой хабарлағандай, қазіргі уақытта әлемде КВИ-дің 267 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 500 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 5 млн-нан астам адам қайтыс болды.Бұл туралы primeminister.kz сайты хабарлады.

 «ДДСҰ Еуропа аймағының деректері бойынша соңғы екі аптада 54 елдің 25-інде сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. Соңғы 14 күнде Францияда аурудың барынша өсуі байқалды, онда сырқаттанушылық 154%-дан астам, Португалияда 80%-дан астам, Швецияда 60%-дан астам, Италияда 50%-дан астам өсті. Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 28%-ға төмендеді», — деді А. Цой.  

Әлемдік рейтингте 1 млн тұрғынға шаққанда Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 108-орында, өлім-жітім бойынша 222 ел ішінде 102-орында тұр. Республикада оң ПТР тестімен коронавирус инфекциясының 977 714 жағдайы және теріс ПТР тестімен 83 209 жағдай тіркелді, науқастардың 95%-дан астамы сауығып шықты. Репродуктивті сан – 0,92 және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендегені байқалады.

Бүгінгі таңда Ақмола облысы «қызыл аймақта» тұр. 5 өңір «сары аймақта», 11 өңір «жасыл аймақта» орналасқан.

 «Республикада сауыққан адамдардың саны ауырған адамдардың санынан басым. Мәселен, қараша айында қазан айымен салыстырғанда сауыққан адамдардың саны ауырған адамдардың санынан 1,6 есе көп болды. Инфекциялық төсектер 24%, реанимациялық төсектер 21% толы», — деді Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы.

Емдеуді жалғастырушылар санының азаюы бойынша оң динамика байқалады, соңғы үш айда науқастар саны 3,7 есе азайды (84 268 науқастан 22 353 науқасқа дейін). Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасуда.

1-компонентпен 8,8 млн-нан астам адам егілді, егілуге тиісті ересек халықты қамту 77,5%-ды құрады. Егілуге тиісті ересек тұрғындардың 72,5%-ын қамти отырып, екінші компонентпен 8,2 млн-нан астам адам егілді. ҚР халқын бірінші компонентпен қамту 47,2%–ды, екінші компонентпен қамту 43,3%-ды құрады. Бүгінгі таңда Comirnaty (Pfizer) вакцинасымен 128 174 жасөспірім және 31 747 жүкті және бала емізетін әйел вакцинацияланды. Екінші компонентпен 5 592 адам егілді. Вакциналау жұмыстары жалғасуда.

Әлемде қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, Иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссия халықты ревакцинациялау тактикасын қайта қарады. Осылайша, 8 желтоқсаннан бастап 6 айдан кейін вакцинацияны екі дозамен аяқтаған барлық адамдар, сондай-ақ коронавирус инфекциясымен ауырған адамдар ревакцинацияланады. Бүгінгі күні ревакцинациямен 44 702 адам қамтылды.

Алексей Цойдың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі тұрақты негізде коронавирус инфекциясы штамдарының айналымдағы нұсқаларына мониторинг жасайды. Мәселен, коронавирустың «Омикрон» штамының жаңа нұсқасының пайда болуын ескере отырып, Алматы қаласында коронавирустың «Омикрон» штамының нұсқасына тән мутацияның болуына алдын ала ПТР скринингі жүргізілді.

 «Коронавирустың «Омикрон» штамы нұсқасының айналымы анықталған жоқ. ҚР барлық өңірлерінде алынған оң сынамалардың үлгілерін толық геномдық секвенирлеу жұмыстары жалғасуда», — деп түйіндеді сөзін денсаулық сақтау министрі.