Ресурстар

Инвестиция деген не?

Балаларға инвестиция әлемін жақсырақ түсінуге көмектесетін кітаптар мен фильмдер тізімі

Инвестиция – ақшаны болашақта табыс табу мақсатында салу. Сіз ақшалай қаражатты салған кезде инвестор атанасыз. Бұл туралы fingramota.kz сайты толық айтып береді.

Инвестициялаудың түрлі тәсілдері бар. Ең кеңінен тарағаны – банкке салу немесе, басқаша айтқанда, депозит. Бұл сенімді әрі қауіпсіз қаржы құралы. Инвесторлар депозиттерді көбіне ақша табу үшін емес, ақшаларын сақтау үшін таңдайды, оның үстіне қазақстандық банктерге салынған салымдарды мемлекеттің өзі қорғайды.

Ақша салудың тағы бір тәсілі – жылжымайтын мүлікке инвестициялау: үйлерді, пәтерлерді, бизнес-орталықтарын сатып алып, кейін жоғары бағада қайта сату немесе жалға беру. Алайда оны сатып алу үшін қомақты қаражат керек. Сондай-ақ шығыны да аз емес. Бұл салық төлеу, коммуналдық қызмет (жарық, жылу, газ, су және т.б.) ақысын төлеу, жөндеу жұмыстары және өзге де шығындар.

Жинақтап сақтандыруды да инвестиция құралы ретінде қарастыруға болады. Оның көмегімен, мысалы, оқу немесе той секілді маңызды мақсат үшін ақша жинауға болады. Өмірді жинақтау арқылы сақтандыру полисі адамды қорғап, оның қаржылық тұрақтылығына кепілдік береді. Алайда бұл қаржы құралының да артықшылығы мен кемшілігі бар: болашақта опық жеп қалмас үшін, сақтандыру шартын мұқият оқып, зерделеу қажет. Жалпы, кез келген шартқа қол қоймай тұрып, оның талаптарымен егжей-тегжейлі танысып алған абзал.

Мысалы, алтын сияқты қымбат металдарға, коллекциялық монеталарға және басқа да құралдарға инвестициялауға болады.

Инвестиция үшін барынша белгілі қаржы құралы бағалы қағаздар болып табылады – бұл меншік құқығын немесе оның иесі мен оны шығарған ұйым арасындағы қарыз қатынастарын куәландыратын ақшалай құжат. Бағалы қағаздар қор активтері, ал бағалы қағаздар нарығы қор нарығы деп аталады. Бағалы қағаздардың алуан түрлері бар – акциялар, облигациялар, вексельдер, чектер, кепілзаттар, жинақ сертификаттары және т.б.

Олардың артықшылығы – кірістілігі депозитке қарағанда көбірек, бірақ тәуекелі жоғары. Сондықтан сәтті салу үшін инвестордың бағалы қағаздар нарығының қалай жұмыс істейтіні жөнінде білімі болуы керек, ондағы жағдайды үнемі талдап, белгілі бір бағалы қағаздарды сатып алу арқылы дұрыс тәуекелге баруы керек. Себебі, егер инвестициялық стратегия дұрыс таңдалмаса, онда барлық кірісіңізді бір сәтте жоғалту қаупі жоғары болады.

Инвестор қандай тәуекелдерге тап болуы мүмкін?

Кез келген инвестиция — бұл бір жағынан кіріс көзі болса, екінші жағынан белгілі бір тәуекел. Жылына тәуекелсіз 100% кіріске кенелу мүмкін емес. Сондықтан, оны төмендету үшін өз ақшаңызды саларда оның жолдарын жан-жақты талдап, аса мұқият болу қажет. Мұндай тәуекелдерді алдын ала анықтай білу маңызды.

Балаларға инвестиция әлемін жақсырақ түсінуге көмектесетін кітаптардың, фильмдер мен ойындардың тізімі:

Гейл Карлиц, Дебби Хониг «Начинающий инвестор»,
Кэтрин Бейтман «Юный инвестор»,
Джеймс Маккена «Твой первый миллион»,
Татьяна Попова «Волшебный банкомат», 
Илья Бутман «Даша, Саша и копилка»,
Лиана Шнайдер «Конни и карманные деньги»,
Эдуард Матвеев «Лесная Биржа» және «Лесная биржа: атака Воронов».
Уоррен Баффет туралы деректі фильм «Стать Уорреном Баффетом» (2017, НВО)
«В погоне за счастьем» (2006) отбасымен көруге тұрарлық фильм.
«Монополия», «Денежный поток», «Стокер», «Фликса», «Биржа», «Игра в жизнь» үстел ойындары.