Қазақстанда тағы да несие амнистиясы жарияланған жоқ – Ұлттық банк

Жарияланды
Ипотекалық несие де, тұтынушылық несие де кешірілмейді

Әлеуметтік желілерде «халықтың несиесі кешіріліп, амнистия жасалады» деген ақпарат таралып жатыр. Осы орайда ҚР Ұлттық банкі бұл ақпарат шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Қажетті кеңес алу үшін 1477 номеріне хабарласуға болады. 

«Кредиттік амнистия жасалады» деген сарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақстан Ұлттық Банкі азаматтар мен БАҚ өкілдерін тек ресми ақпарат көздеріне сүйенуге шақырады. Қажет кеңес алу үшін 1477 қысқа нөмірі арқылы Қазақстан Ұлттық Банкінің Байланыс орталығына хабарласуға болады» делінген ҰБ таратқан хабарламада. 

Ал ҚНРДА қазіргі уақытта тек «ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы» жүзеге асырылып жатқанын хабарлайды. 2015 жылдан қолға алынған бағдарлама 2007-2008 жылдағы әлемдік қаржы дағдарысынан, сондай-ақ ұлттық валюта бағамы әлсіреуінен зардап шеккен ипотекалық қарыз алушыларға көмек көрсетеді. 

«Осыған орай, Бағдарлама талаптары бойынша қаржылық қолдау 2004 – 2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алған қарыз алушыларға көрсетіледі» дейді агенттік. 

Бағдарламада белгіленген қаржылай көмек шаралары жалғыз баспанасы бар қарыз алушылар және халықтың әлеуметтік осал тобына кіретін борышкерлер үшін пайыздық мөлшерлемені 3%-ға дейін төмендетуді көздейді. Қалған валюталық ипотекалық қарыз алушылар үшін пайыздық мөлшерлеме 12%-дан аспайды. Бұдан бөлек, Бағдарлама шеңберінде сыйақы, айыпақы (өсімпұл, айыппұлдар) және комиссиялар бойынша мерзімі өткен берешек есептен шығарылды.

Валюталық ипотекалық қарыз берешегін Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) теңгеге конвертация жүргізілді.

«2020 жылғы қаңтардан бастап Бағдарламаға қатысатын ХӘОТ санатындағы ипотекалық қарыз алушылар үшін қосымша көмек шаралары іске асырылуда. Мұндай қарыз алушыларға қолдауды банктер олардың қаржылық және әлеуметтік жағдайын жан-жақты талдау негізінде жеке тәртіппен көрсетуде, талдау нәтижелерінен кейін банктер қарыз бойынша берешекті төмендету және 20 000 теңге мөлшеріндегі ай сайынғы төлеммен жеңілдік берілген кестелер белгілеу туралы шешім қабылдайды. Қарыз алушылардың бұл санатына қолдау көрсету 2021 жылдың соңына дейін аяқталады» делінген хабарламада. 
 

Сондай-ақ оқыңыз