Биылғы тұғырлы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен қатар келген Сулейман Демирель атындағы Университеттің 25 жылдық мерейтойына арналған мерекелік гала-концерт өтті. Мерекелік салтанатты кешке ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев, ЖОО ректорлары, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, СДУ түлектері мен жергілікті әкімшілік мекемелерінің өкілдері қатысты.
Арнайы жылы лебіздерімен келген қонақтар Университетке жақсы тілектері мен сыйлықтарын беріп, мерекелік концерттің куәгері болып қайтты.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің атынан вице-министрі Қуаныш Ерғалиев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай СДУ қауымдастығындағы 30 қызметкерге білім және ғылым жолындағы көп жылғы еңбектері үшін алғыс хаттармен марапаттады.
Сонымен қатар, СДУ-дің түлегі ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин жиналған қауымға студенттік кездердегі естеліктерін айтып, Университет ұжымын 25 жылдық мерейтоймен құттықтады.
Айта кетейік, Сулейман Демирель атындағы Университеті – 1996 жылы Тұңғыш Президент- Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен еліміздің тәуелсіздігін алғаш таныған елдердің қатарындағы Түркия мемлекетінің 9-шы президенті Сулейман Демирельдің қатысуымен ашылды.
Ширек ғасырда оқытуды ағылшын тілінде жүргізген еліміздегі алғашқы университеттердің бірі болып табылатын СДУ-да 55 білім беру бағдарламасы, оның ішінде 28 бакалавриат, 20 магистратура, 7 докторантура бағдарламалары бойынша 7 мыңнан аса түлек шығарды. Оның ішінде білім беру бағдарламаларының 80%-дан астамы ағылшын тілінде, қалғаны қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.
Бүгінде шәкірттеріміз тек Қазақстанда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде қызмет етіп, әсіресе педагогика мен IT саласында, инженерия, құқық, экономика және бизнес салаларында озық ойлары мен терең ұшқырлықтарының арқасында ерекшеленіп келеді.
Университеттің Стратегиялық даму жоспарының басты мақсаты – еліміздегі және Орта Азиядағы таңдаулы, халықаралық үлгідегі жоғарғы оқу орындарының бірі болу.