Ресурстар

Қазақстанда орман көбейеді. Министрлік 2 млрд талдың қай өңірлерде егілетінін айтты

Биыл 62 мың га жерге 130 млн тал отырғызылған

2020 жылы Қазақстан халқына жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев 5 жыл ішінде орман қорына 2 млрд ағаш отырғызуды тапсырған еді. Осыған орай әкімдіктер орман қорын көбейту және орман өсірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарларын бекіткен. Мемлекет басшысының тапсырмаларын кезең-кезеңмен іске асыру туралы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова айтып берді.

Оның айтуынша, 1,5 млрд астам ағаш жергілікті атқарушы органдардың күшімен, 251 млн ағаш министрліктің күшімен ұлттық парктер мен табиғи резерваттар аумағында егіледі, сондай-ақ табиғат пайдаланушылар мен өзге де бастамашыл топтармен 210 млн дана ағаш отырғызу көзделген. 

«Ағаштардың 70 пайызға жуығы – сексеуіл мен қарағай, қалғаны қайың, шегіршін және жеміс тұқымдары. Орман отырғызу мен ағаш егу жұмыстарының басым  бөлігі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарының тозған және шөлді жерлерінде 714 млн дана сексеуіл екпелерін отырғызу арқылы жүзеге асырылмақ. Ормандарды молықтыру және орман өсіру жөніндегі іс-шаралар, оның ішінде облыстар бойынша ағаш отырғызу көлемдері ғылыми ұсынымдар мен орман өсіру талаптарына сәйкес жоспарланған. Биыл жоспар толығымен орындалды, 130 млн дана 62 мың га жерге отырғызылды. Олардың 80 пайызы сексеуіл мен қарағай» деді ведомство өкілі.  

Осы жылы кешенді жоспарға сәйкес жоспарланған жұмыстарды орындау үшін 12 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген екен. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,6 млрд теңге және жергілікті бюджеттерден 7,4 млрд теңге қарастырылған. Сонымен қатар 422 бірлік техника мен жабдық сатып алынған. 

Қазір республикада 2649 гектар алаңда 218 орман питомнигі жұмыс істейді екен. Кейінгі жылдары қолданыстағы питомниктерді 325 га кеңейту және 282 га алаңда жаңа орман питомниктерін құру жоспарланған. Оларды толықтай іске қосу жоспарланған жұмыс көлемінің орындалуын қамтамасыз етпек. 

«2022 жылға 112 мың га алқапта 280 млн дана көлемінде ағаш отырғызу жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдармен және экология министрлігіне қарасты ұйымдармен отырғызу материалдарын өсірумен қатар, жеке питомниктерден отырғызу материалдарын сатып алу көзделген. 2023 жылы орман өндірісі шеңберінде 190 мың га алаңға 410 млн дана көлемінде ағаш отырғызу жоспарда бар. Отырғызу материалдарын өсіру жоспарына сәйкес, көшеттер 460 млн дана көлемінде шығарылады деп күтілуде» деді спикер. 

Сонымен қатар, 2022 және 2023 жылдары ағаш өсіру және орман егу үшін 262 тоннаға жуық тұқым жиналыпты. 

2 млрд ағаш отырғызу бойынша цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта құрылыпты. Ол геоақпараттық жүйелерді қолдануға негізделген орман шаруашылығының кеңістіктік деректері инфрақұрылымының құрамдас бөлігі болып саналады. 

«Қазіргі уақытта ел бойынша 2 млрд ағаш отырғызу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы кеңістіктік ақпараты бар геодеректер базасы дайындалды. Деректер базасына облыстар бөлінісінде бекітілген кешенді жоспарлардан мәліметтер енгізілді. Интерактивті картада мекеменің атауы, орман шаруашылығы филиалы, квартал және телім көрсетілген әр түрлі қабаттар бар, сондай-ақ мұнда гектардағы алаң, отырғызылатын ағаш түрлері, ағаштар саны, бар орман питомниктері туралы мәліметтер, мекемелердің отырғызу материалдарын қазу туралы мәліметтері, 2 млрд ағаш отырғызудың кешенді жоспарлары туралы ақпаратты көруге болады. Геосервис облыстар бойынша барлық жоспарланған көрсеткіштерді картографиялық түрде көрсетуге, сондай-ақ бекітілген жоспарлардың сапалы орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, OrmanMAP мобильді қосымшасы әзірленді, оған облыстардың мемлекеттік орман қорының шекарасын, облыстардың ормандылығын, отырғызу алаңын, орман отырғызуға жоспарланған учаскелерді анықтау функциясы қосылды. Ағаш отырғызу және орманшылықтарды іздеу бойынша инфографика бар» дейді  экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова. 

Айта кетейік, интерактивті карта мен қосымша штаттық режимде жұмыс істейді.

Ағаштарды, ормандарды заңсыз кесудің алдын алу, қорғау бойынша қандай шаралар қабылданып жатыр? Бұл сұраққа экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаев жауап берді. Оның айтуынша, ақпарат министрлігімен бірлесіп, геоақпараттық жүйе әзірленген. 

«Ол жерде 4 геопортал бар. Атап айтқанда, өрт қауіпсіздігін анықтау, орманды заңсыз кесуден қорғау, орманда заңсыз құрылыс жүйесін салу, сондай-ақ орманды жаңарту түрлері бойынша интерактивті карта жасалды. Биыл елімізде 111 заңсыз ағаш кесу жағдайы тіркелген, оның ішінде кесілген ағаштың көлемі 5 мың текше метрді құрады. Жалпы, келтірілген залал көлемі – 97 млн теңге. Мұның бәрін біздің инспекторлар анықтады. Сонымен қатар, 1 желтоқсаннан бастап қылқан жапырақты ағаштарды қорғау акциясы өтіп жатыр. Әр мекеме, әр ұлттық парк, әр қорық осы жұмыстарды атқаруда. Бұдан бөлек, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде ағашты кеспеу туралы ақпараттар көп беріледі» деді Ерлан Құтпанбаев.

Ерлан Құтпанбаев Қазақстанда тек елімізде өсіп, климатымызға, табиғатымызға тән ағаштар ғана отырғызылатынын атап өтті.