Жаңалықтар

Ғарыштық мониторинг жерді мақсатсыз пайдаланудың алдын алады. Ғарыштан бақылаудың тағы қандай пайдасы бар?

Ғарыш саласы инновациялық сала ретінде өте тез өзгереді

Қазір еліміз орбитада 6 отандық спутникті сәтті пайдаланылып отыр, оның ішінде жерді қашықтан зондтаудың 3 спутнигі бар. Аэроғарыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетовтың айтуынша, жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі екі ғарыш аппаратынан тұрады. Айыру қабілеті жоғары жерсерік – «KazEOSat-1» қалалық ортадағы, сондай-ақ қорғаныс мақсаттарындағы нысандар мен өзгерістерді анықтау үшін егжей-тегжейлі түсірілім жүргізеді. Ал айыру қабілеті орташа саналатын «KazEOSat-2» жерсерігі аумақтарға мониторинг жүргізеді және ауыл шаруашылығы алқаптары, табиғи ресурстар және өзге де нысандардың жай-күйін тексереді. 

Бүгінде Қазақстанда ғарыштық мониторингтің бірнеше бағыты бар, мәселен: 

•    Экология министрлігі үшін – қалдықтар, орман және су ресурстары, пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру мониторингі; 

•    Ауыл шаруашылығы министрлігі үшін – егістіктер, жайылымдық жерлер, жерді пайдалану мониторингі; 

«Ғарыштан түсірудің арқасында кадастрлық деректерді алып, нәтижені салыстырамыз және экологиялық реттеу комитеті мен жергілікті атқарушы органдарға береміз. Бұдан әрі жергілікті инспекторлар сол жерлерге барып, заңсыздықтарды фотоға түсіріп, тіркейді. Осылайша, геосервис – жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың ведомстволары арасында жедел ақпарат алмасудың тиімді құралы болады» депді спикер.   

Сонымен қатар, ол өткен жылы Өзбекстан аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгеті бұзылғанда Қазақстанмен шекаралас аумақтағы жағдайға күнделікті мониторинг жүргізілгенін атап өтті. Су тасқыны аймағында судың таралуының анимациялық моделі жасалған. 

«3 жыл ішінде Қазақстанның 61 ауданының жайылымдық жерлері түгенделді, олардың цифрлық карталары жасалды. Ауданы 127,7 млн гектарды құрады, бұл еліміздің барлық жайылым жерлерінің 68 пайызын құрайды. Талдау жайылымға арналған жаңа аумақтарды жоспарлаудың тиімді құралы бола алады. 2020 жылдан бастап мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді ұтымды пайдалануға мониторинг жүргізілуде. Мониторинг жүргізу үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы барлық жерлерге 4 жыл ішінде мұрағат жиналды. Мониторинг әр жер учаскесі бойынша жүргізілді. Мынадай нәтижелер алынды: егістіктер бойынша 22 млн гектар аумақ зерттелді, оның ішінде 685 мың гектар – мақсатсыз пайдалану, яғни ішінара пайдаланылмайды немесе жайылымдар сияқты егістіктер. 1 млн гектар жер пайдаланылмайды» деп хабарлады спикер.  

2016 жылдан бері Бас прокуратурамен бірлесіп жер ресурстарын өз бетінше басып алуға қатысты мониторинг жүргізіліп келеді. Мониторинг облыстық және республикалық маңызы бар 20 қалада, шамамен 50 шақырым буферлік аймақ аумағында жүзеге асырылады. Жүздеген елді мекен зерттеліп,  жүздеген заң бұзушылық анықталған. 

Мониторинг жасаудың кейбір түрлері бойынша еліміздің бүкіл аумағы, ал кейбір міндеттер бойынша белгілі бір бөліктер ғана қамтылады. Баубек Оралмағамбетов бұл әуелден солай ойластырылғанын жеткізді.

«Егер спутниктер туралы айтар болсақ, кейбір тапсырмалар бойынша ажыратымдылығы жоғары суреттер қажет, ал процестің физикасы келесідей: сурет неғұрлым дәл болса, түсірілімнің ауқымы соғұрлым шектеулі болады. Егер ажыратымдылығы 1 метр болатындай етіп түсіретін KazEOSat-1-ге тоқталсақ, онда түсіру жолағы 20 шақырымды қамтиды. Бүкіл аумақты жоғары ажыратымдылықпен түсіре алмаймыз. Өйткені оған спутниктеріміздің техникалық мүмкіндігі жетпейді. Ал шетелден сатып алар болсақ біраз қымбатқа түседі» дейді Оралмағамбетов. 

Ведомство басшысы ғарыш саласы инновациялық сала ретінде өте тез өзгеретінін атап өтті. Жалпы, барлық салаларда болжам 10 жылға жасалады. Себебі 20-30 жыл ішінде бұл болжамдар дәл болмауы мүмкін.  

«Қазір Байқоңыр ғарыш айлағында жүктеменің төмендегенін байқап отырмыз: ұшыру алаңдарының саны азаюда, бүгінде онда зымырантасығыштардың екі түрі ғана – «Протон» мен «Союз-2» пайдаланылады. Болашақта «Бәйтерек» бірлескен жобасы арқылы Байқоңыр ғарыш айлағын дамыту жоспарланған – бұл «Союз-5» зымыран тасығышына арналған «Зенит М» кешенін жаңғырту және «Гагарин стартының» №1 стартын жаңғырту. Бірақ біз үшін инвестиция тарту есебінен кешеніміздің дами түскені маңызды. Бәлкім, біз дұрыс істемей жатқан шығармыз? Бұл зерттеу әлемнің басқа ғарыш айлақтарының қалай жұмыс істейтінін білетін, benchmarketing жасайтын шетелдік консалтингтік компаниялардың қатысуымен жүргізіледі және нақты ұсыныстар жасалады. Соның нәтижесі бойынша «Байқоңыр кешенін дамыту жөніндегі жол картасы» әзірленеді, негізгі қызмет түрі – ұшыру қызметі және ғарыштық туризм түріндегі қосымша қызмет болады деп ойлаймыз» деді спикер.