Депозитке ақша салу әлде инвестициялық қорға қаржы құю. Клиент үшін қайсысы тиімді?
COVID-19 тудырған тауқымет әлі біразға дейін жалғасатын сияқты. Жаһандық экономиканың көп секторы әлі ковид құрсауында тұр. Тегеурінді бұғауды бұзып-жарып шыға алатын емес. Қазақстанда да сол кеп. Пандемия әсіресе өзі онсыз да әрең тұрған ұлттық валютаны одан сайын әлсіретіп жіберді.
Жалпы, теңге жыл басынан бері 3 пайызға құнсызданыпты. Ал егер «коронадағдарысқа» дейінгі кезеңмен салыстырар болсақ (нақтырақ айтқанда 2020 жылдың басымен салыстырғанда) 13,4 пайызға әлсіреп кеткен. Мұндай «оңтайлы» сәтті қымбатшылық қалай ғана айналып өтсін?! Инфляция көпжылдық антирекорд жасап, қазан айының қорытындысы бойынша 8,9 пайызды құрады. Қымбатшылық кез келген салада анық байқалып тұрды. Қалтасы жұқарған халықтың мұң-зарын халықтың өзінен басқа түсінер ешкім де байқалмайды. Инфляцияның дәл осындай биікке шығуы 2016 жылдың қазанынан бері алғаш байқалып отырғанын да айту керек. Инфляция барлық компонент бойынша байқалып тұр – азық-түлік, азық-түліктік емес тауарлар және ақылы қызметтер.
Әрине, осындай қысылтаяңда адамдар мейлінше ұқыптап тиын жинаудың қамына кіріседі. Қазіргі заманда ақша басын құраудың жалғыз әрі қолайлы жолы – депозит. Бірақ бүйірден тап берген инфляция депозитке де залалын тигізбек. Қазан айынды инфляция 8,9 пайызды құраған кезде теңгемен сақталған жеке тұлғалар депозитінің сыйақысы 8,4 пайыз ғана болды. Теңгенің әлсірегенін былай қойғанда банк депозиттері ақша қаражатын инфляциялық процестерден сақтандырар шамада емес.
«Осы жағдайлар, азаматтардың қаржылық сауаттылығының өсуі, қаржы институттарының технологиялық шешімдері елімізде бағалы қағаздар нарығын танымал ете бастады. Қазақстандықтар үшін жарналық инвестициялық қор құнды қағаздар нарығында тартымды құрал саналады. Бір жыл ішінде бұл құралды пайдаланушылар саны 4 есе, 4,6 мың адамға дейін өсті. Құралдың ерекшелігі сол – инвестор кәсіби басқарушы компания арқылы құнды қағаз немесе басқа да бағалы құралға өз қаржысын салады. Қазір елімізде 23 ашық және интервалдық инвестициялық жарна қоры 10 кәсіби басқарушы компания эгидасымен жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар көптеген қорлар валюталық болып келеді, яғни азаматтар өз қаржысын шетел валютасымен сақтай алады. Егер шетел валютасымен депозит бойынша сыйақы мөлшерлемесі 1 пайыздан аспаса, жекелеген жарналық инвестициялық қорлардың мақсатты табысы 10 пайызға жетед» деп жазады Ranking.
2021 жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша валюталық жарналық инвестициялық қорлардың таза активі 124,4 млрд теңгені құраған. Валюталық қорды басқарушы компаниялар арасында активтердің ең көп өсімі Halyk Global Markets-те байқалады: +12,3 пайыз. Үздік үштікке ForteFinance (2 қор, +10,7 пайыз) және «Фридом Финанс» (+6 пайыз) кіреді.
Бұл ретте жарналық инвестициялық қордың ерекшелігі не десе, кірудің минималды шегін, жоғары деңгейлі табыстылықты және компанияның сенімділігін атауға болады.
Жыл басынан бері жарналық инвестициялық қорлардың жиынтық таза активі 2 есе ұлғайып, 130,6 млрд теңгені құраған.
Әрине, елдің бәрі жөңкіле көшіп, құнды қағаздар нарығын жағалап жүрген жоқ. Инвестиция салып пайда табу – міндетті түрде кепілдік берілетін табыс емес. Оның да тамырын тап баспасаң салың суға кетуі ғажап емес. Ал банк депозитіне там-тұмдап ақша жия беру, әйтеуір сенімді. Қай күні алсаң да өз еркің. Алмай, жинаған үстіне жинасаң одан әрі көбейе береріне кепілдік бар. Әйтеуір, жоғалмайды. Тіпті банк банкрот болды деген күннің өзінде депозиттерге кепілдік беру қоры ақшаңызды шашау шығармай қайтарып бере алады.
Жыл басынан бері қазақстандықтардың банктегі салымдары 16 пайызға өскен. Биыл қазанда екінші деңгейлі банктегі салымдар 25,1 трлн теңгеге жетіпті. Биыл көктемде АТФБанк-ті жұтқан Jusan Bank бір ай ішінде салым көлемін 46,8 пайызға арттырған. Ал жыл басынан бері бұл банктің депозитіне түскен қаржы көлемі 68,1 пайызға өскен. Дәп қазір бүкіл нарықтың 6 пайызын алып тұр. Еншісінде салымшылардың 1,6 трлн теңге қаржысы бар. Сондай-ақ бір айлық өсім деңгейінде Ситибанк Қазақстан (+11,1 пайыз) мен Bank RBK-да (+6,3 пайыз) тәуір нәтиже көрсеткен.
«Jusan Bank салым портфелінде заңды тұлғалар үлесі банктің депозиттік портфелінің 55 пайызын алады. Банк кәсіпкерлерге арнап Jusan Tole деп аталатын төлем жүйесін де шығарған. Бұл шешім кәсіпкерлердің сатылымын арттыруға, сатып алушылардың бонустық бағдарламаларға қатысуына мүмкіндік береді. Соның арқасында сатып алушылар 1,5 млн теңгеге дейінгі сомада 12 айға бөліп төлеу мүмкіндігін иелене алады. Банктің корпоративтік салым портфелі 862 млрд теңгеге жетті. Көшбасшылар қатарында Ситибанк (жеке тұлғалармен мүлде жұмыс істемейді, тек заңды тұлғаларға қызмет көрсетеді) және Альфа Банк те бар. Заңды тұлғалардың екінші деңгейлі банктердегі жиынтық портфелі қазан айында 12,5 трлн теңгені құрады. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға жоғары» деп жазады Ranking.
Қысқасы, екі бағыт бойынша да табыс табуға болады. Жарналық инвестициялық қор жұмысына белсене араласу – қаржыны жинап қана қоймай, оны еселей түседі. Әрі оған өзіңіз тікелей себепкер һәм куәгер боласыз. Депозитте мұндай тәуекел жоқ, ақша ың-шыңсыз жинала береді. Қайсысын таңдасаңыз да өкінбейсіз. Бірақ қай бағытты таңдау үшін де қаржылық біліміңізді алдын ала пысықтап алу және оны әркез жетілдіріп отыру еш артықтық етпейді.