Жаңалықтар

Инвестициямен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік бағдарлама іске қосылды – Фейк

Алаяқтар жоқ мемлекеттік бағдарлама туралы жалған ақтараттар таратуда

Әлеуметтік желілерде Halyk Bank бір ұйыммен бірлесіп, барлық қазақстандықтарға инвестициялармен айналысуға мүмкіндік беретін жаңа мемлекеттік бағдарламаны іске қосқаны туралы жарнама шықты. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлаған екен. Мұның бәрі өтірік. Бұл туралы stopfake.kz сайты хабарлады.

Мұндай мазмұндағы мемлекеттік бағдарламаның іске қосылғаны туралы БАҚ-та да, мемлекеттік органдардың ресми ресурстарында да хабарланбаған.

Жарнамада логотипі қолданылған KTK телеарнасының ресми сайтында Берік Уәлидің осы тақырыпта жасаған мәлімдемесі туралы ештеңе айтылмаған.

Сондай-ақ, Берік Уәлидің Facebook-тағы ресми аккаунтында инвестицияларға арналған мемлекеттік бағдарлама туралы хабарламалар жоқ.

Halyk Bank сайтында да, әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында да банктің ірі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыратыны туралы ақпарат жоқ. 

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің порталында да мұндай бағдарлама жайлы жазылмаған.

Қорыта айтқанда, таратылған жарнамалық ақпарат фейк. Онда айтылған мемлекеттік бағдарлама жоқ.

Жарнамада алаяқтықтың белгісі бар, қаскүнемдер адамдардың немесе компаниялардың аттарын пайдаланып, пайдаланушыларды фишингтік сайттарға кіруге шақырады.

Мақсат – Желі пайдаланушылары туралы құпия ақпаратты алу: жеке аккаунттардың логиндері мен парольдерін, жеке деректерді, төлем карталарының деректерін, тіпті жеке куәліктердің, төлқұжаттардың және басқа құжаттардың нөмірлерін алу.