Қазақстанның Еуропа Одағымен жасалған сауда экспорты 30 % өсті
Еуропалық Одақ Қытай және ЕАЭО елдерімен бірге Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып табылады. Қазақстанның ЕО елдеріне экспортының негізгі бөлігін мұнай, мұнай өнімдері және металдар құрайды. Еуроодақтан Қазақстанға негізінен дәрі-дәрмек пен вакциналар, ұшақтар, сорғылар, компрессорлар мен желдеткіштер импортталады.
ЕО Қазақстанның маңызды және тұрақты сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Қазақстан ЕО елдерінің сауда серіктестері арасында 33 орында. Қазақстан үшін ЕО негізгі сауда серіктесі болып табылады, ол 2020 жылы жалпы сауданың үштен бір бөлігін құрады.
2020 жылғы дағдарыстан кейін Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы сауда ағымдағы жылы біртіндеп қалпына келеді.
Соңғы статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың 10 айында Қазақстан мен ЕО елдері арасындағы тауар айналымы 23,6 млрд долларды құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда (19,5 млрд доллар) 20,7%-ға жоғары.
Қазақстаннан ЕО-ға экспорт 10 айда мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің 28%-ға, ферроқорытпалардың 2 есеге және алюминийдің 55,3%-ға ұлғаюы есебінен 30,1%-ға өсіп, 19,0 млрд АҚШ долларын құрады. 2021 жылғы қаңтар-қазанда ЕО елдерінен Қазақстанға импорт 7,3%-ға төмендеп, 4,6 млрд долларды құрады.
2020 жылы COVID-2019 пандемиясынан кейін ЕО мен Қазақстан арасындағы өзара сауда көлемі (26%-ға) 18,3 млрд долларға дейін айтарлықтай төмендеді, бұған энергия бағасының төмендеуі мен негізгі санаттарға сұраныс көп әсер етті.
Соңғы жылдары Қазақстан ЕО-дан, негізінен, мұнай-газ секторы арқылы айтарлықтай тікелей шетелдік инвестициялар (ТШИ) ағындарынан пайда тапты. 2019 жылы ЕО ТШИ 63,9 миллиард еуроны құрады.
2020 жылдың 1 наурызында Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Қазақстан-Еуропа келісімі күшіне енді. Қазақстан бұрынғы КСРО мемлекеттерінің бірі болып Еуропалық Одақпен осы Келісімге қол қойды.
Бұл Келісім қызметтер саудасы, компанияларды құру және олардың жұмыс істеуі, капиталдың, шикізат пен энергияның қозғалысы, зияткерлік меншік құқықтарын қорғау сияқты салаларда бизнес үшін жақсы жағдай жасауды көздейді.