Қазақ газын өңдейтін зауытқа дрон түсті: Қазақстанда отын тапшылығы туындамай ма

Ресейдің Орынбор облысындағы ірі газ өңдеу зауытына жасалған дрон шабуылы Қазақстан энергетика секторында алаңдаушылық туғызды. Себебі аталған кәсіпорын Қазақстанның газ экспорты мен ішкі нарығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Дегенмен, ҚР Энергетика министрлігі жағдайды толық бақылауда ұстап отырғанын және елде газ тапшылығы болмайтынын мәлімдеді.
Министрлік осы жайт отандық тұтынушыларды газбен тұрақты қамтамасыз етуге кері әсер еткен жоқ деп тұжырымдайды
«Отын көлемдері басқа көздер есебінен үздіксіз толықтырылуда. Қазақстанның газ инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Ішкі нарық энергия ресурстарымен толық қамтамасыз етілген, жағдай министрлік пен ұлттық оператордың тұрақты бақылауында», – дейді министрлік өкілі Әсел Серікпаева.
Ресейдегі зауыттың Қазақстанға қатысы қанша
24 маусымға қараған түні Украина дрондары Ресейдің Орынбор облысындағы «Газпром» нысандарына, атап айтқанда, газ өңдеу және гелий зауытына соққы жасады. Оқиға салдарынан кәсіпорын аумағында бірнеше жерде өрт шыққан.
Бұл жағдай Қазақстанның энергетика саласына өз әсерін тигізбек. Өйткен елде өндірілетін тауарлы газдың шамамен үштен бір бөлігі (жылына 30 миллиард текше метрдің 9 миллиардқа жуығы) дәл осы зауытта өңдеуден өтеді. Бұл зауыт шикі газды арзанға сатып алып, өңделген көгілдір отынды Қазақстанға үш есе қымбат бағаға сатып отыр.
«Қарашығанақ» кен орнынан шығатын шикі газ Ресейге жөнелтіліп, сонда тазартылғаннан кейін ғана, дайын тауарлы және сұйытылған газ ретінде оралады. Жеткізу тізбегінің бұзылуы отандық өндіріске тікелей әсер етуі мүмкін.
Белгілі мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдиновтің пікірінше, бұл шабуылдар «Қарашығанақ» кен орнындағы жұмыс қарқынын бәсеңдетуі мүмкін. Зауыт шикізат қабылдауды тоқтатса, Қазақстан тарапы амалсыз газ бен мұнай өндіру көлемін азайтуға мәжбүр болады. Баламалы инфрақұрылымның шектеулі болуы бұл тәуекелді күшейте түседі.
Мұндай жағдай бұған дейін де, атап айтқанда 2025 жылдың қазан айында орын алған. Ол кезде Қарашығанақ мұнай өндірісін 30%-ға дейін қысқартуға мәжбүр болған еді. Алайда, ол кезде ішкі нарықтағы тапшылық Ресейден қосымша тасымдалданған газ есебінен жабылған еді. Ал қазір көрші елдің отын нарығындағы жағдай мәз емес.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс 2022 жылғы 24 ақпанда басталған. Сол түні федерация күштері көрші ел аумағына басып кірген. Кейінгі уақытта Киев Ресейдің энергетика нысандарына жиі шабуылдап жүр.