Банк пен қаржы

Халық банктерге қаншалықты сенеді? Қаржы институттарындағы салым көлемі артты ма?

Халықтың несиесі 9,93 трлн теңгеге жеткен

Қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі жеке тұлғалардың салым көлемі 12,6 трлн теңгеден асқан. Яғни, бұл депозитте жатқан қаржы көлемі. 2020 жылмен салыстырғанда жеке тұлғалардың салымы 20,6 пайызға көбейіпті. Айлық динамикада 0,7 пайызға артқан. 

Тұтынушылар салымының жылдық өсім көрсеткіші бойынша әзірге «Отбасы банкке» теңесер қаржы институты жоқ. Тұрғын үй саласындағы жетекші банктегі салым мөлшері – 1,4 трлн теңге (+48,1 пайыз). Тек бір айдың өзінде банк портфелі 1,1 пайызға өсім көрсеткен. Ал жиынтық портфель бір жылда 53,4 пайызға артып, 1,51 трлн теңгеге дейін өскен. Жеке тұлғалар депозитінің жылдық өсімі бойынша үздіктер қатарына Bank RBK (315,3 млрд теңгеге дейін) және Jusan Bank те (691,2 млрд теңгеге дейін) кірген. 

Finprom-ның жазуынша, бұл сегменттегі көшбасшы көрсеткіш «Отбасы банкте» алғаш рет байқалып отырған жоқ. 2020 жылы қараша айында жеке тұлғалар салым портфелінің жалпы жылдық өсімі 17,6 пайызға (2019 жылмен салыстырғанда) өссе, осы уақыт аралығында «Отбасы банк» портфелі бірден 27 пайызға өскен. Бұл әрине, қандай жағдай болмасын қазақстандықтардың банкке үміт артатынын, депозитке ақша жиюды – өз болашағына салынған инвестиция деп түсінетінін аңғартады.  Енді мұның үстіне біржолғы зейнетақы төлемін «Отбасы банк» депозитіне аудару мүмкіндігінің пайда болуы – депозиттегі ақша мөлшерін одан әрі арттыратын болды. Мұндай мүмкіндікті ел тұрғындары 2021 жылдың 16 желтоқсанынан бастап пайдалана алады. Айта кету керек, 2021 жылға арналған БЖЗҚ-дағы жеткілікті шек мөлшері 2022 жылдың сәуіріне дейін жарамды. 

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының ұсынысына сәйкес,коммерциялық банктердегі бір жылдық «қысқа» кезең үшін мейлінше табысты жинақ салымдарына арналған депозитт жоғары ставкасы 12,7 пайызды құрайды, егер мерзімі екі жыл болса 11,4 пайыздан аспауы керек. Барлық банктер жоғары пайыз ұсынбайды. Көбінде салымдар бойынша пайыз кепілдік беру қоры бекіткен межеден де төмен. Ал тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі жыл сайын сомаға қосылатын 20 пайыздық сыйақысымен тартымды. Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі шеңберінде үш критерийді орындау маңызды. Олар – депозитте үш жылдан кем емес уақыт қаржы жинау, тұрғын үй сомасының 50 пайызын жинау және бағалау көрсеткішінің минималды деңгейіне жету. Егер осы талаптарды орындаған болсаңыз «Отбасы банк» арқылы небәрі 5 пайызбен тұрғын үй заемын алуға болады» деп жазады Finprom. 

Бұл уақытта халықтың несиесі 9,93 трлн теңгеге жеткен. Бұл былтырғы сомадан 38,7 пайызға көп. Демек, несие алушылар саны артқан. Осы соманың ішінде жеке тұлғалардың қарызы 5,77 трлн теңгені құрайды. Бір жылда 35,1 пайызға өскен. 

«Қазір кепілсіз берілетін тұтынушылық заемдар ең танымал әрі кең қолданысқа ие. Ондай несиелерді қазір 22 екінші деңгейлі банктің 13-і береді. Кепілсіз несие бойынша ең төменгі жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) Bank RBK ұсынады – 8,27 пайыз. Үздік үштікке «Сбербанк» (8,38 пайыз) және Halyk Bank (10,4 пайыз) кіреді. Бұл сегменттегі орташа ЖТСМ 17,49 пайыздан басталады. Сектордағы займдардың максималды мерзімі – 60 айға дейін. Дәл осындай мерзімге 10 банк несие беруге дайын. Бұл ретте «Банк ВТБ (Қазақстан)» 84 айға дейін несие рәсімдейді» деп жазады Ranking. 

Сондай-ақ Bank RBK және Halyk Bank-ті қоса алғанда 6 екінші деңгейлі банк 7 млн теңгеге дейін несие береді. Бұл ретте сектордағы шекті сома 5-8 млн теңге аралығында екенін атап өту керек. Тек Kaspi Bank ғана ең көп дегенде 1 млн теңге мөлшерінде ғана несие ұсынады.  

«Сектордағы несие портфелінің сапасы жоғары қарқынмен өсіп келеді. Қазан айының қорытындысы бойынша жеке тұлғалар несиесі көлеміндегі мерзімі өтіп кеткен берешек үлесі 2,9 пайызды ғана құраған. Бір жыл бұрын ол көрсеткіш 4,9 пайыз болған еді. Ал тұтынушылық несие сферасындағы мерзімі өткен берешек үлесі – 3,5 пайыз (бір жыл бұрын 5,2 пайыз)» делінген Ranking зерттеуінде. 

Екінші деңгейлі банктердің жиынтық қарыз портфеліндегі NPL 90+ үлесі небәрі 4,1 пайыз деңгейінде ғана. Оның ішінде ең үздіктері Bank RBK – 2,5 пайыз, Halyk Bank – 3,1 пайыз және «Сбербанк» – 5,3 пайыз.