Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, Теміртау, Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Шымкент қалаларында ауаның ластану деңгейі жоғары. Оған көмірді пайдалану, жабдықтардың тозуы, зауыттардағы шаң тазартатын қондырғылар жұмысының тиімсіздігі себеп болып отыр екен. Сонымен қатар министр қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының санитарлық және экологиялық талаптарға сәйкес келмейтінін де атап өтті.
2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша елімізде қалдықтарды қайта өңдеу үлесі – 20,2 пайыз. Ведомствоның Waste to Energy жобасы жайлы айтқанына біраз болды. Аталған жоба негізінде 6 қалада қоқыс жағатын зауыт салынбақшы. Қазір инвестор анықталып, аукцион өткізіліп қойған.
«Жеке инвестициялар шамамен 293 млрд теңгені құрайды. Өз кезегінде, мемлекет қажетті инфрақұрылыммен: жер телімдерін, электрмен, сумен жабдықтауды қамтамасыз етуі тиіс. Қоқыс тастайтын жерлерді жою және болдырмау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан 2030 жылға дейін парниктік газ шығарындыларын 1990 жылғы деңгейден 15%-ға қысқартуға ниетті. Бұл мәселе бойынша жол картасы әзірленді» деді ведомство басшысы.
Брекешев Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының қазандық жабдықтары мен газ тазалау жабдықтарын қайта құру, сондай-ақ әк күйдіру цехын Теміртау қаласының сыртына көшіру жоспарланып отырғанын айтты. Компания 2025 жылға дейін атмосфераға шығарындыларды 30%-ға төмендетуге міндеттеме алған. Сондай-ақ олар Теміртау қаласының айналасына 500 мың ағаш отырғызады.
«Шығыс Қазақстан облысында «Қазмырыш» АҚ 2025 жылға дейін Жаңа қолжетімді технологияларды пайдалана отырып, шығарындыларды 20%-ға төмендетеді. «Қазмұнайгаз» компаниясы мұнай өнімдерін жою мен кәдеге жаратуды бастады. Қазірдің өзінде 2,5 млн тоннаның бір миллионнан астамы жойылды. Жұмыс 2024 жылы аяқталады. Сондай-ақ «Қошқар ата» тарихи жерде ластануды жою қолға алынды. Осы мақсатта республикалық бюджеттен биыл 1 млрд теңге, 2022 жылға – 3 млрд теңге, 2023 және 2024 жылдарға 500 млн теңгеден қарастырылған. Ақтөбе облысында ферроқорытпа зауытындағы цехтарды жаңғырту және қайта құру есебінен шығарындылар үштен бірге азаяды. 2025 жылға дейін кәріздік-тазарту құрылыстарын жаңғыртуды жүргізу жоспарланған. Алматыда «Самұрық-Қазына» қоры 2-ші ЖЭО-да бу-газ қондырғысын салу және 3-ші ЖЭО-ны жаңғырту туралы шешім қабылдады» деді спикер.
Сондай-ақ министр көршілес елдерден су алу процесінің сәтті жүргенін, соның арқасында оңтүстік облыстардағы шаруалардың суармалы сумен қамтамасыз етілгенін айтты.
«Мемлекет басшысы өз Жолдауында су тапшылығына байланысты цифрландыру мен суды үнемдейтін технологияларды енгізуге баса назар аударып отыр. Цифрландыру жұмыстары былтыр басталды. Алдағы 5 жылда ұзындығы 3,3 мың шақырымнан асатын 212 арнаны цифрландыру жоспарланған. Бұл шараларды жүзеге асыру 2,2 текше шақырымға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға қарай 6 облыста жалпы көлемі 1,7 млрд текше метр 9 су қоймасын салу көзделген. Су қоймаларын салу арқасында 20 елді мекендегі су тасқыны қаупі азаяды. 195 мың гектар жаңа суармалы жер айналымға енеді. Ауыл шаруашылығында 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл Түркістан облысындағы Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталды. Қалғандары бойынша техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде» деді министр.
Ведомство басшысының айтуынша, Президент бастамасымен елімізді ауқымды көгалдандыру қолға алынды. Оның аясында 5 жыл ішінде 2 млрд ағаш отырғызу жоспарланған.
«2 млрд ағаш отырғызу бойынша цифрлық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында интерактивті карта жасалды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу бойынша жеке жұмыс жүргізілуде. Биыл егіс 100 мың га алқапта жүргізіледі, 2022-2025 жылдары жыл сайын 250 мың га алқапта егіледі. Осылайша, 2025 жылдың соңына дейін Арал теңізінің құрғаған түбінде 1,1 млн га алаңда орман дақылдары егіледі, бұл шаң мен тұздың таралуын тоқтатуға, сондай-ақ өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді» деді.
Сонымен қатар ол экологиялық туризмді дамыту мәселесіне де тоқталды. Қазіргі уақытта жеке инвестиция есебінен Іле-Алатау ұлттық саябағында туристер орталығы салынды. Кэмпинг құрылысы басталды. Алтын Емел, «Көлсай көлдері» және Шарын ұлттық саябақтарында тиісті жұмыстар басталып кетті. Биылғы инвестиция көлемі 3,9 млрд теңгені құраған. Жақында Қарағанды облысында 14-ші «Ұлытау» ұлттық саябағы құрылды.
Ал балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасы әзірленіпті.
«Балық өнімдері экспортының деңгейі өсуде. Республикада балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын құру үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды. Бизнес пен балық шаруашылығы субъектілері тарапынан қабылданып жатқан шаралардың арқасында балық өсіру және балық өңдеу жөніндегі жобаларды іске асыруға мүдделілік артуда. Балық өсірудің күтілетін өсімі балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын құруға жаңа серпін береді. Заң шығару жұмысына келетін болсақ, биыл 4 Заңға қол қойылды. ҚР Парламентінің қарауында 2 заң жобасы жатыр. Бұл «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» және «Өсімдіктер әлемі туралы» заңдар. 5 заңнамалық акті әзірленуде. Атап айтқанда, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске Жер қойнауын геологиялық зерттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеудеміз, онда қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеруді мемлекеттік бақылау жөніндегі функцияларды министрліктің қарамағына беру, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын және басқа да заңнамалық бастамаларды қалыптастыру мен бекіту жөніндегі функцияларды, сондай-ақ жаңа Су кодексінің тұжырымдамасы мен аңшылық шаруашылығын дамыту жөніндегі заң жобасы жасалуда» деп қорытты спикер.