БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар және жалпыға бірдей белгіленген зейнет жасына толған адамдардың (ерлер 63 жасқа толғанда, әйелдер 2021 жылы 60 жасқа толғанда, әйелдердің зейнеткерлік жасын жыл сайын 2027 жылы 63 жасқа толғанға дейін жарты жылға ұлғайта отырып), сондай-ақ мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардың, бекітілген кесте бойынша БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.
Зейнет жасына толуына байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін алушылар тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшелеріне уақтылы жүгінулері қажет. Зейнетақы төлемдері өтініш берілген күннен бастап тағайындалады және зейнетақы жинақтары таусылғанша жүзеге асырылады.
Мерзімсіз болып белгіленген бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар салымшыларға БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін алушылар БЖЗҚ-ның өңірлік бөлімшелеріне, немесе электрондық цифрлық қолтаңбасы болған жағдайда БЖЗҚ-ның интернет-сайтында (www.enpf.kz) өтініш қалдыруы керек.
Баса назар аударатын жәйт, зейнетақы тағайындау туралы өтінішпен бірге ХҚКО-ға құжаттарды зейнет жасына жетуге 10 күн қалғанда беруге болады. Осыған байланысты ағымдағы жылы 60 жасқа толған, туған күні 31 желтоқсан (қоса алғанда) аралығындағы әйелдерді 2021 жылдың соңына дейін ХҚКО-ға жүгінулеріңізді сұраймыз, өйткені 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап әйелдер үшін зейнетке шығу жасы 60,5 жасқа дейін ұлғаяды.