Гаджеттерді кибералаяқтардан қалай қорғаймыз?

Жарияланды
Телефоныңыз сізден қандай қамқорлық күтетінін білесіз бе?

Соңғы кездері кибералаяқтар яки киберқылмыскерлер әрекеті туралы жиі естиміз. Әлбетте, гаджеттер дамыған сайын, оның қолданушылары көбейген сайын одан пайда тапқысы келетіндер арта түседі. Сондықтан осындай қиын жағдайға тап болып қалмас үшін телефонды қолдану әдебін біліп, сауатыңызды арттырған артық болмайды. Ендеше, алаяқтардан гаджеттеріңізді қорғаудың бірнеше тәсілін назарыңызға ұсынғалы отырмыз. 

«Менің телефонымнан олар не ұрлай алады?» деген сауалдың тууы заңдылық. Осы ретте алдымен алаяқтарға сіздің қандай деректеріңіз керегіне тоқталсақ. Киберқылмыскерлерге бар керегі — ақшаңызға қол жеткізу. Ал қаражатыңызды «тартып алу» үшін оларға карта реквизиттері, банктен келген смс-код және құпиясөздер қажет. Болмаса, мобайл банкиңнің логині мен құпиясөзі керек. Мұндай құпия деректерді алаяқтар әлеуметтік инженения мен фишиң арқылы ұрлайды. Көбіне зиянды бағдарламалар мен файлдардың сілтемесі бар хабарламаларды таратады. Зиянды дейтін себебі — ішінде вирус бар. Яғни сол келген смс-тегі сілтемені басып, өтетін болса, кибералаяқтың айы оңынан туды деген сөз. Себебі соның көмегімен гаджеттерді қашықтан отырып-ақ басқарып, барлық құпия деректерді аламын деп ойлайды. Цифрлық сауат қажет дейтініміз де осыдан. Ал қалай қорғану керегін осы материалда айтамыз. Есте ұстайтын дүние: егер сіз өздігініңізбен құпиясөз, кодтарды айтқан болсаңыз, банк қаражатыңыздың орнын толтырып береді деп ойламаңыз. Себебі бұл жерде банктің ешқандай қатысы жоқ. Сонымен бірге зиянды бағдарламаларды орнатқанның салдары да солай.

Гаджетті қалай қорғау керек?

Ал енді қалай қорғанамыз? Ең алдымен кибергигиенаны білуіңіз шарт. Алғашқысы — антивирустық бағдарламаларды қолдану. Қолданатын гаджеттеріңіздің бәріне вирустан қорғайтын бағдарламалар орнатудан бастаңыз. Сонда алаяқтар құрылғыларыңыздағы құпия ақпараттарға қол жеткізе алмайды. Тіпті зиянды сілтемеге өтіп қойсаңыз да, қорғау ықтималы жоғары. Бар болғаны қорғаныш жүйелерін жаңартып отыру міндетті. Алаяқтар бағдарламалық жасақтамалардың әлсіз тұстарын үнемі зерттеп отырады. Оңтайлы сәтті пайдаланып кету үшін, әрине. Сондықтан бағдарламалық жабдықтаманы да жаңартып тұру керек. Себебі шығарушылар жаңарту жасаған кезде антивирустық қорғанысты да ұдайы күшейтіп отырады. Сол себепті бағдарламаның соңғы версиясын жүктеуді ұмытпаңыз. Болмаса, гаджетіңіздің баптауларынан автомат түрде жаңартатын функцияны қосып қойыңыз. Сонда бұған бас қатырып жүрмейсіз.  

Күмәнді қолданбалардан аулақ болыңыз

Бәленің бәрі күмәнді қолданбалардан болады. Сондықтан кез келген нәрсені жүктемес бұрын ойланыңыз. Тексерілген жердің ғана бағдарламасын немесе аппликейшнін жүктеу қажет. Айталық, сізде iOS болса — AppStore, Android болса, онда Google Play-дегілерді ғана орнатыңыз. Іздеу жүйесіне жаза салып, сонда шыққан алғашқы сілтемеге өтіп, жүктей беруге болмайды. Сондай-ақ, жүктемес бұрын өзге қолданушылардың жазған пікірлерін шолып шыққан артық болмайды. Себебі сол жерде көп пайдалы ақпарат табылады. Мысалы қолданба дұрыс жұмыс істемесе, қате көп болса, оны жүктегендер ескертіп, жазып отырады. Әрі жасаушылардың жаңартқанына көз жеткізу керек. Ресми түрде алатын болсаңыз, ондай ақпарат міндетті түрде көрсетіледі. Қолданбаларға қатысты тағы бір кеңес: телефоныңызда артық дүние ұстамаңыз. Егер кезінде бір жүктеп, кейін пайдаланбай кеткен аппликейшндер болса, өшіріп тастауға уақыт табыңыз. Қолыңыз бос болғанда бірер минутыңызды ғана алатын шаруа болашақта біраз жерде қорғап қалуы әбден мүмкін. Себебі жаңартылмаған немесе қорғанысы нашар қолданбалардан деректер ұрлау оңай. 

 Көлденең келген көк аттының айтқан бағдарламаларын орната бермеңіз. Себебі олардың ішінде де зиянды дүниелер болуы мүмкін. Мысалы заңды бағдарламаларды орнатқызып алып, сіздің атыңыздан құрылғыны басқарып отыратындар болады. Егер қашықтан басқарылатын бағдарлама болса, онда экранның ар жағында отырған келесі біреу сізге келіп жатқан хабарламаларды көріп отыра алады. Осылайша мобайл банкиңге кіріп, логин мен пароліңіздің көмегімен сіз болып кіріп, қажет ақшасын аударып алуы мүмкін.  

Құпиялылық баптауларына бей-жай қарамаңыз

Стандарт жағдайда, көпшілігіміз әлдебір қолданбаны орнатар кезде бәріне «әрі қарай», «келісемін» деп баса береді. Ал негізі құпиялылық баптауларын шолып шыққан жөн. Мысалы әлгі қолданбаны қолдану үшін сіздің контактілеріңіз не геолокацияңыз жайлы ақпарат расында қатты қажет пе? Егер ондай қажет болмаса, өшіріп қойыңыз. Айталық, карта қолдану үшін GPS міндетті түрде керек. Ал жазба жазуға арналған қолданбаға соншалықты керек емес десе болады. Қолданушының келісім жаңартылса, бірден шарттармен келісуге асықпаңыз. Не нәрсе қосылды, қандай өзгеріс бар — оқып шығыңыз.    

Құпиясөздеріңіз оңай болмасын

Әдетте, әр қолданбаның құпиясөз қоюда сақталуы керек шарттары болады. Мысалы, міндетті түрде символдарының ішінде әріп пен сан болуы керек, кемінде 8 символ болуға тиіс деген сынды. Кейде арнайы символдар не бас әріпт болуын да міндеттейді. Мұның бәрі құпиясөзіңіздің жария болып кетпеуі үшін жасалатын қорғаныс түрі. Ал жеке өзіңіздің тарапыңыздан не істеу керек? Аты-жөніңіз, туған күніңіз, ұялы телефоныңыз секілді ақпараттарды құпиясөз етпеңіз. Сол сияқты қолданбаның атауын, көпшілікке таныс сөздерді де қоюға әуес болмаңыз. Ондайды бұзып алу оңай. Сонымен бірге барлық жерде бір құпиясөз қою жақсы идея емес. Ондайда сіз үлкен қатерге бас тігіп отырғаныңызды есте ұстаңыз. Шама келсе, кірген сайын қолдан теретін қылып қойыңыз. Автомат түрде енгізілетінін таңдасаңыз, гаджетті ұрлатып алсаңыз түрлі келеңсіздік тудыруы мүмкін. Қосфакторлы идентификация қосып қойған артық болмайды. Ол дегеніміз құпиясөзді енгізуден бөлек, әр кірген кезде жаңа құрылғыдан қосылса код сұралады. Осы тәсіл сенімдірек.   

Телефонды ұрлатып алсаңыз…

«Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, телефонды біреу ұрлап кетсе, оның салдары біраз сарсаңға салады. Сондықтан сізге айтар бірнеше кеңесіміз бар. Алдымен құпиясөз қойыңыз. Әр қолданарда басып жүруге ерінбеңіз. Сонымен бірге экран белгілі бір минуттан кейін өшіп қалатын автобұғаттауды қосыңыз. Құпиясөзден бөлек, саусақ ізімен не Face ID арқылы ашатын қылып қойған жөн. Сонда телефонды ұрлаған не тауып алған адам ішіндегі деректерді пайдалана алмайды. Кейбірі «жоғалтып алсам, жақындарыма хабарласа алмай қалады» деп ойлап, құпиясөз қоймайды. Бұл өте қате. Біріншіден, қайтарғысы келген адам телефонды қуаттап, қосып қояды. Ал сіз жоғалтқан адам ретінде жиі хабарласасыз. Сол кезде телефон тұтқасын көтерсе жеткілікті. Тағы бір кеңес: құрылғының қай жерде екенін қашықтан тексеруге мүмкіндік беретін бағдарламаны орнатып қойыңыз. Сонда жоғалтып не ұрлатып алсаңыз, гаджетіңіздің қайда тұрғанын біле аласыз. Тіпті қашықтан басқарып, ішіндегі барлық ақпаратты өшіруге болады. Android негізіндегі телефондарда — Google Find My Device, iOS платформасында Find My iPhone деген бағдарламалар бар.   Үнемі «бэкап» немесе мәліметтеріңіздің резервтік көшірмесін жасап жүруге әдеттеніңіз. Себебі осы опция арқылы құрылғыңыздың барлық конфигурациясын сақтап, қолданбалар мен ақпараттарды сақтауға мүмкіндік бар.        
 
 

Сондай-ақ оқыңыз