Сұйытылған газ бағасы неліктен арзандамайды?

Жарияланды
Көпшілік талабы әзірге жартылай ғана орындалды

Жаңаөзенде жұрт тағы да көшеге шықты. Бұл жолы сұйытылған газ бағасының шектен тыс қымбаттауына байланысты. Түні бойы алаңнан кетпеген халықтың талабына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дереу құлақ асып, үкіметке тиісті тапсырма жүктеген. 3 қаңтар күні Маңғыстау облысы жанар-жағармай бекеттерінде сұйытылған газ бағасының 120-дан 85-90 теңгеге төмендетілгені хабарланды. 

2022 жылдың қаңтарынан бастап сұйытылған газды онлайн сату жоспарланған. Шілденің өзінде газдың 50 пайызы тауарлық биржа арқылы сатылды. 

Жоғарыда атап өткендей қазір сұйытылған газ тек электронды биржа арқылы ғана саудаланады. Бұған дейін сұйытылған газ бағасы өзіндік құннан да төмен болғандықтан өндірушілер үшін пайда әкелмеді. 2022 жылдың қаңтарында жеткізушілер газ өндірушілерден Маңғыстау облысына арнап 17 406 тонна сұйытылған газ алды. Сөйтіп, қаңтар айындағы орташа көтерме баға – тоннасына 133 126 теңге немесе литріне 78 теңге болды. Мұндай жағдайда Ақтау, Жаңаөзен қалаларындағы бөлшек баға литріне 100-120 теңгеге дейін жетті. Осылайша, бір сәтте лап етіп көпшіліктің наразылығы туындады. 

Энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаевтың айтуынша, электронды саудаға ауысу саланың инвестициялық тартымдылығын арттырады және экономикалық негізі бар баға саясатын қалыптастырады. Сондай-ақ бұл жаңашылдық нарықты ашық етіп, көлеңкелі экспортты азайтуы тиіс болған. 

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, газ бағасы 85-90 теңгеден төменге түспейді. Одан төмен түсіру – саланы тығырыққа әкеп тірейді. 

«Жаңаөзенде орналасқан «Қазақ Газ Өңдеу» заутында газдың 1 тоннасы 98 мың тоннаны құрап отыр. Литрмен айтқанда, 60-70 теңгеге тең. Оған логистиканы қосыңыз. Сонда газ тарату станцияларындағы газдың өзіндік құны шамамен 80 теңгені құрап отыр. Оны өзіндік құннан төмен деңгейде сатуға болмайды. Бұл тығырыққа әкеледі. Сондықтан саланы дамыту үшін, осы салаға инвестиция тарту үшін қолданыстағы зауыттарды осы жағдайда ұстағымыз келсе, газдың бағасын арзандатуға болмайды. Станция қожайындарының бастамасы, әлеуметтік бастама, өз маржасымен бөлісіп, 100-120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін азайту. Біз осы бастаманы қолдаймыз. Ал тексеру жұмыстары жүргізілген соң, нақты рентабельділігі анықталып, шешім қабылданады» деді министр брифингте. 

Мырзағалиев осыдан бірер ай бұрынғы сұхбатында сұйытылған газ бағасының мәселесіне араласа алмайтынын айтқан еді. 

«Өйткені сұйытылған газ бағасы бақыланбайды. Оны нарық қадағалайды. Егер сұраныс болса онда ұсыныс та болады. Рас, тапшылық проблемасы болды, бұл жағдай «Теңізшевройлдың» жазда күрделі жөндеуден өтуіне байланысты еді. Қазір ахуал реттелді, өңірлерге газ белсенді түрде жеткізілуде» деген еді министр халықаралық конференцияда. 

Министрдің айтуынша, біздегі сұйытылған газ бағасы онсыз да өңірдегі ең төменгі тариф болып саналады. 

Телеграмдағы NRG_monitor каналының жазуынша, елімізде соңғы 6 жылда сұйытылған мұнай газын тұтыну 3 есе өскен. «Теңізшевройл» өндірген газ сыртқа экспортталса, өзге компаниялардың өндірісі тек ішкі нарықты қамтиды. Егер тұтыну қазіргідей жалғаса берсе, елде тапшылық туындайды. Министрліктің мәлімдеуінше, газды электронды алаңқай арқылы сатып алу – нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасайды және қажетті көлемді тікелей өндірушіден сатып алуға мүмкіндік береді. 

«Биржалық сауда жағдайында бағаны литріне 60 теңгеге қайта алып келу ақылға сыймайды. Қазақстанның нарықтық экономика жағдайында өмір сүретінін ескерсек, бағаны, оның үстіне биржалық саудадағы бағаны бақылау әсте мүмкін емес» дейді FINANCEkaz каналының авторы Андрей Чеботарев. 

Сұйытылған газ бағасының қымбаттауы өңірлерде бір-бір жарым ай бұрын айқын байқала бастады. «Мой ГОРОД» порталының жазуынша, қазан айының басында Батыс Қазақстан облысында газ бағасы 82 теңгеге жеткен. Ал маңғыстаулық жүргізушілер жыл басында-ақ баға өсті деп шағымданған. Наурыз айында Ақтау қаласындағы жанармай бекеттеріндегі газ бағасы 50-ден 80 теңгеге өсіп, көлік жүргізушілері үшін қолайсыздық тудырған. 

Сол кезде облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және энергетика басқармасының бас маманы Рысгүл Тұрақбаева: «Баға литріне 65 теңгеден аспауы тиіс. Жақында жүргізілген мониторинг нәтижесінде қалада газ бағасын көтеріп жіберген екі бекет анықталды. Оларға байланысты акт толтырылып, монополияға қарсы агенттікке жіберілді» деген еді. 

Маусым айында Түркістан облысында да сұйытылған газ тапшылығы туындап, нәтижесінде бекеттер бағаны литріне 90 теңгеге дейін көтерген болатын. Өскеменде газ бағасы сонау жыл басында-ақ литріне 120 теңгеге қымбаттап қойған. Шығыс Қазақстанды түгел жанармай отынымен қамтамасыз ететін Павлодар мұнай-химия зауытының жөндеуге жабылуына байланысты тапшылық орнаған. 

Болжам бойынша, 2025 жылға таман газ тұтыну көлемі 8,1 млрд текше метрге, ал 2030 жылы 8,4 млрд текше метрге жетпек. 

«Өсіп келе жатқан бұл қажеттілікті өтеу үшін жаңа кен орындарын ашу жоспарланып отыр. Қазір 11 кен орнында өндіріс жасау және барлау бойынша 9 жер қойнауын пайдаланушымен келісімшарт бар. Ол кен орындарының бағалау қоры – 187 млрд текше метр. 2021 жылдың бірінші жартысында мемлекеттік экспертиза кен орындарын ашу бойынша 51 құжатты қарастырып, оның 38-і оң қорытындыға ие болды» деген еді вице-министр.
 

Сондай-ақ оқыңыз