Алматы облысында да төтенше жағдай жарияланды

Жарияланды (жаңартылды )
23:00 мен 7:00 аралығында комендаттық сағат енгізіледі

Алматы қаласы және Маңғыстау облысымен қатар, Алматы облысында да төтенше жағдай жарияланды. Мемлекет басшысы арнайы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. ТЖ режимі 19 қаңтарға дейін жалғасады. 

Аталмыш облыста да кешке қарай комендаттық сағат енгізіледі. Облыс коменданты болып Алматы облысы полиция департаментінің бастығы Серік Күдебаев тағайындалды. 

Төтенше жағдай кезінде төмендегідей шектеу шаралары күшіне енеді:

1) Қоғамдық тәртіп, мемлекеттік және стратегиялық объектілердің,  халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін объектілер күзеті күшейтіледі.

2) Алматы облысында жүріп-тұру, көлік құралдары қозғалысы шектеледі.

3) Жеке тұлғалардың құжаттары мен көлігі тексеріледі. 

4) Алматы облысына кіріп-шығу шектеледі.

5) Бейбіт жиын, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыруға және өткізуге тыйым салынады.

6) Ереуілдерге тыйым салынады.

7) Қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға тыйым салынады. Дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдері айналымына ерекше режим белгіленеді. 

8) Жеке тұлғалардың қолындағы қару мен оқ-дәрі, улы заттар уақытша алынады. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойғаны хабарланған еді. 

Ел аумағында наразылық шаралары күшейіп, үкімет отставкаға кетті. Премьер-министрдің міндеті уақытша Әлихан Смайыловқа жүктелді,

Ішкі істер министрлігі «қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін» 200-ден аса адам ұсталғанын хабарлады. Жер-жерде болған қақтығыс салдарынан 95 полицей зардап шегіп, 35 қызметтік көлік бүлінген.

Айта кетейік, Жаңаөзен қаласында 2 қаңтар күні сұйытылған газ бағасының  қымбаттауына наразы халық бейбіт шеруге шықты. Өңірде сұйытылған газ бағасы бірден литріне 60 теңгеден 120 теңгеге қымбаттаған. Бұл наразылық ел аумағына жайылып, ірі-ірі қалалардың тұрғындары жаңаөзендіктерді қолдап, көшеге шыға бастады. 3 қаңтар күні президент Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық түрғыда ескере отырып, құқықтық сала аясында қарастыруды тапсырды.

Кейін Маңғыстау облысының ЖҚС иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендететіні белгілі болды. 4 қаңтар күні үкімет құрған комиссия Маңғыстау облысында сұйытылған газ бағасын литріне 50 теңгеге дейін арзандату туралы шешім қабылдады. 

Сондай-ақ оқыңыз