2021 жылды теңге курсы долларға шаққанда 432-мен аяқтады. Елордада бір доллардың максималды курсы – 435 теңге болса, Алматыда 435,5 теңгеге жетті. 31 желтоқсан кешкі 17:00-де Қазақстан қор биржасындағы (KASE) доллардың орташа курсы 431,80 теңгені құрады. 2021 жылдың қаңтарында бір доллар 420 теңгеден саудаланғанын ескерсек, жыл соңында ұлттық валюта 16 теңгеге әлсіреп кеткенін байқаймыз.
2022 жылғы теңге курсына қатысты сарапшылардың да көзқарасы сан алуан. Әрине, біржақты кесіп айту қиын. Өйткені төл валютаның нығаюына не әлсіреуіне әсерін тигізер түрлі фактор бар.
Еуразиялық даму банкі теңгенің әлсіреуі 2022 жылы да жалғасады деген болжам айтады. 2022-2023 жылдары теңге номиналды мәнде 1-2 пайызға құнсызданбақ. Сауда-серіктес елдерге қарағанда бізде инфляцияның ырыққа көнбей тұруы – валютамыздың күш алуына мүмкіндік бермейді. Бұл орайда даму банкі теңге курсы 434 болуы мүмкін деп болжайды.
Қазақстандағы PwC компаниясының зерттеуінше, курстың әрі қарайғы динамикасы мен құбылуы COVID-19 пандемиясының басылуына немесе қайта өршіп кетуіне, жаңа штамдардың қаншалықты қауіпті боларына тікелей байланысты. Компания сарапшылары алдағы бір жылда бір доллар 450 теңгеден, алдағы үш жылда 490 теңгеден саудалануы бек мүмкін деген ой айтады.
Экономикалық сарапшы Сергей Домниннің айтуынша, биыл доллар нығая түседі деген пікір айтады.
«Федералды резерв жүйесі ставканы көтеруді үш раундтан кем емес көтеруді жоспарлап отыр. Бұл жұмсақ валюта, оның ішінде теңгеге қатысты доллар позициясын нығайта түседі. Оның үстіне мұнай бағасы да 2021 жылғы деңгейде болады деп болжанады. US EIA аналитиктері желтоқсандағы болжамында мұнай бағасы барреліне 70 доллар болады деді. Тіпті экспорттың өзі (2 млн тоннадан кем емес) сауда балансы профицитінің ұлғаюына да мүмкіндік бермеді» дейді сарапшы.
Экономист Арман Байғанов инфляция деңгейінің түспей қоюы теңгені әлсірете түседі дейді.
«Инфляция кесірінен қазақстандық тауар өндірушілер ЕАЭО-дағы көршілерімен лайықты бәсекелесе алмайды. Курстың нығая қоюы екіталай. Доллар 430 теңгеден түсе қояды деп күтпеймін» дейді экономист.
Осыдан біраз уақыт бұрын президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфляция дәлізін 4-6 пайызға дейін түсіруді тапсырған болатын. Бірақ бұл межеге жете қою қиын секілді. Мемлекет басшысы 5 қаңтар күні елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға байланысты өткізген жиында атқарушы биліктің инфляцияны тежеу туралы міндетті орындай алмағанын айтты. Қымбатшылықты ырыққа көндіру жаңа үкімет пен министрлер кабинеті жаңа басшысының бірінші кезектегі шаруасы болмақ.
«2020 жылы АҚШ пандемияға байланысты көп ақша басып шығарып, өзінің мемлекеттік қарызын көбейтті. Экономика мен халық тұрмысын қолдауға бағытталған ақша инфляцияны күшейтіп жіберді. Нәтижесінде доллар бүкіл әлемде құнсыздана бастады. Инфляцияның бұлай бүлінуі өзге елдерге, оның ішінде Қазақстанға да әсерін тигізді. Еліміз көптеген тауарды сырттан импорттайтындықтан, бұл қақпанға алғашқылардың бірі болып ілікті. Сатып алулар негізінен доллар арқылы жүреді. АҚШ-тағы инфляция салдарынан баға да өседі. Біз долларды қымбатқа сатып алуға мәжбүр болдық. Сәйкесінше, инфляция деңгейі Қазақстанда да шарықтап өсті» деп түсіндіреді сарапшы.
Бірқатар сарапшылардың айтуынша, 2022 жылы да Қазақстанның әлемдік мұнай, металл бағасына деген тәуелділігі жалғаса береді.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, 2022 жылы ел экономикасы 3,9-4 пайыз деңгейінде өсім көрсетуі мүмкін. Қызмет көрсету секторындағы өсімнің қалпына келуі, өндірістегі өсім қарқынының сақталуы, сауда балансының нығаюы және өндіруші емес салалардағы инвестициялық белсенділік жалпы экономикалық өсімді ынталандырады. Ұлттық экономика министрлігінің болжамынша, 2022 жылы тауар экспорты 60,1 млрд долларды құраса, импорт көлемі 40,8 млрд долларға жетпек.
«Шикізаттық емес экспортты арттыруға арналған шаралар төлем балансының жағдайын айтарлықтай жақсартады. Экономиканы қалпына келтіруге жұмсалған қаржыландыру көлемін есепке ала отырып 2021-2022 жылдары республикалық бюджеттің тапшылығы ЖІӨ-нің 3,5-3,3 пайызында болады деп болжанады. 2024 жылы бюджет тапшылығының деңгейі ЖІӨ-нің 2,5 пайызына дейін қысқарады деп жоспарланып отыр» дейді қауымдастық сарапшылары.
Қауымдастық экономистерінің айтуынша, 2020-2021 жылдары көптеген елдердегі ақша-несие және бюджеттік саясат шаралары экономикалық құлдырауды тежеп, экономиканы қалпына келтіруге мүмкіндік сыйлады.
«Дамыған елдерде экономиканы монетарлық ынталандыру және инфляцияны бақылау қажеттілігі арасында балансты іздеу жалғасып жатса, дамушы елдердің орталық банктері (Ресей, Қазақстан, Бразилия, т.б.) ақша-несие саясатын қатаңдатып, базалық ставканы көтеріп тастады» дейді қауымдастық.
Қазірдің өзінде теңгеге сенетін қазақстандықтар саны аз. Көбі доллар, еуро, тіпті болмаса рубль сатып алып жатыр. Бұл тенденцияны ақша айырбастау бекеттерінен анық аңғаруға болады. Сарапшы Сергей Домниннің айтуынша, ақша-несие саясатын қатаңдатып тастау доллар мен еуроның күш алуына алып келеді. Бұған мұнай бағасының әлі де құбылуы мүмкін екенін қосар болсақ, теңгенің биылғы тағдырын болжау қиын емес. Төл валюта курсы тағы да әлсірей түсуі ықтимал.