Тоқаев мемлекетке келтірілген экономикалық шығын көлемін айтты
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауынша, елдегі бүлік салдарынан ел экономикасына 2-3 млрд доллар шығын келген. Бұл туралы Президент Еуропалық кеңестің президенті Шарль Мишельмен екіжақты келіссөз барысында айтты деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Тараптар Қазақстандағы қазіргі ішкі саяси ахуалды және Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестіктің даму перспективаларын талқылаған.
« Мемлекет басшысы лаңкестердің зорлық әрекеттері салдарынан көптеген құқық қорғау қызметкерілері мен бейбіт тұрғындардың құрбан болғанын, 1300-ге жуық кәсіпкерлік нысанға залал келгенін, 100-ден астам сауда орталығы мен банктердің тоналғанын, 500-ге жуық полиция машинасы өртенгенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағалауынша, мемлекеттің алдын ала экономикалық шығыны 2-3 миллиард АҚШ долларын құрайды» делінген хабарламада.
Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағына ҰҚШҰ-ның бітімгерлік күштері құрамының орналастырылуы жөнінде нақты түсіндірме берген.
“Бітімгерлік күштері әскери операцияларға қатыспайтынын ашып айтқым келеді. Олардың негізгі міндеті – Алматы қаласы мен Қазақстан астанасындағы стратегиялық нысандарды қорғау. Бұл қазақстандық күштік құрылымдардың лаңкестерге қарсы іс-қимылдарын жүзеге асыруына мүмкіндік береді» деді Президент.
2 қаңтар күні Жаңаөзенде сұйытылған газ бағасының күрт көтерілуіне қарсы митиң басталып, одан кейінгі күндері Қазақстандағы жағдай шиеленісе түсіп, экономикалық және саяси талаптар қойылған жаппай наразылыққа ұласты.
4 және 5 қаңтар күндері Алматыда ереуілшілер мен күштік құрылымдар арасында қақтығыс орын алды. 5 қаңтар күні таңертең Қазақстан президенті Асқар Мамин үкіметін қызметінен босатып, Премьер-Министрдің міндетін атқарушы болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Елде төтенше жағдай енгізілді. Президент ҰҚШҰ-дан бітімгерлік көмек сұрады. Ірі қалаларда антитеррористік операциялар жүзеге асырылды.