Жаңалықтар

Алматы жаңалықтары: Шаһарда қандай өзгерістер болып жатыр?

Қаладағы қызмет көрсету орындары жұмысқа кірісті

Бүлік ошағына айналған Алматы біртіндеп қалыпты өміріне орала бастады. 12 қаңтар күні Алматыға келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қаладағы қауіп тезірек сейілтіп, инфрақұрылым нысандарын, оның ішінде мемлекеттік, құқық қорғау және арнаулы құрылымдардың ғимараттарын, бейнебақылау жүйесін қысқа мерзім ішінде қалпына келтіруді тапсырды.

Қазір қаладағы оқушылар мен студенттер қашықтан оқу режиміне ауыстырылды. Бас санитарлық дәрігер міндетін атқарушы Сәдуақас Байғабыловтың айтуынша, оқушылар үшін қашықтан оқу режимі 31 қаңтарға, студенттер үшін 6 ақпанға дейін жалғасады.  

Байғабыловтың сөзінше, «омикрон» штамының кең таралуы себепті қала карантин шараларын қатаңдатты және шаһар «қызыл» аймақ қатарына өтті. Қаулыға сәйкес, қаладағы карантин шаралары бес күн ішінде (тіпті одан да ерте) қатаңдатылады. 

«Әрине, Алматы қаласында болған қиын ахуал кезінде бұл кәсіпкерлер мен қала тұрғындары үшін қосымша қиындық болары сөзсіз. Бірақ коронавирус ешқайда кеткен жоқ. Індет вакцина алмаған қалалықтарға қатты тиюде» деді Байғабылов. 

Жоспарланған карантин шаралары туралы қосымша хабарланбақ. Әзірге Алматымен қоса Атырау облысының да «қызыл» аймаққа өткенін айта кетейік. 

* * *

Бүгін, 13 қаңтардан бастап Алматы әуежайы жұмысын бастайды. Әуежай басшылығының алдын ала таратқан ақпараты бойынша, әуежай 8:00-21:00 аралығында ішкі және халықаралық рейстерді орындайды. Бүлікшілер 6 қаңтар күні Алматы әуежайын басып алған еді. 

* * *

Қазір шаһарда 147 ірі және орта супермаркеттің 120-сы жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 51 сауда базары жұмысқа кірісті. 

* * *

11 қаңтардан 6 сауда ойын-сауық орталығы – «Глобус», «Спутник», «Ритц Палас», «Алма-Ата», «Гранд Парк», «Алматы молл», тағы 60 сауда орталығы мен сауда үйі ашылды. 

12 қаңтардан«Достық плаза», «Мега парк», «Мега Алма-Ата», «Атакент молл», «Март», «Силкуэй сити», «Алатау», «АДК» ашылды. 

3,2 мың қоғамдық тамақтану орынының 1,5 мыңы 9:00-18:00 аралығында жұмыс істей бастаған. Жалпы, бүлік кезінде 39 осындай нысан зардап шеккен. 

* * *

120 өнеркәсіптік кәсіпорынның 82-сі жұмысын бастаған. 19 қаңтарға дейін 38 кәсіпорын қайта іске қосылмақ. Қалада халықты азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету қарқынды жалғасуда. Қазір 4 наубайхана – «Ақсайнан», «Алматынан», «Рузинан», ИП «Баширов» күніне 130 тонна әлеуметтік нан шығарып жатыр. 

Қала әкімдігінің хабарлауынша, бакалея және сүт өнімдерін жеткізушілер өнім жеткізуді штаттық режимде жүзеге асыруда. «Алсад Казахстан» ЖШС мен «Алатау Құс» ЖШС қоймаларында жұмыртқаның жеткілікті қоры бар. Барлық ірі сауда желілері мен дүкендерге дер уақытында өнім жеткізілуде. 

* * *

Қаладағы 970 дәріхананың әзірге 877-сі ашық. Уақытша сақтау қоймаларында медициналық мақсаттағы бұйымдар мен дәрі-дәрмектің жеткілікті саны бар. Террорлық әрекет салдарынан 19 аптекаға залал келген. Сонымен қатар қала басшылығы қазір 220 жанармай құю бекетінің 127-сі жұмыс істеп тұрғанын, 13 қаңтардан бастап 33 желілік емес бекеттің ашылатынын мәлімдеді. Жалпы, 74 жанармай құю станциясына зиян келсе, солардың 14-і қалыпқа келтірілген. 

* * *

Бүлікшілер әрекетінен ең көп зардап шеккен Magnum компаниясы 12 қаңтар күні қаладағы барлық дүкендерін толықтай ашты. Компания өкілі Дмитрий Шишкиннің айтуынша, сондай-ақ адал клиенттер үшін қаңтардың соңына дейін кешбекті 5 пайызға ұлғайтумен акция жариялаған.  

«Magnum сауда желісі өз жұмысын толыққанды қалпына келтірді. Ең қатты зардап шеккен 5 дүкеннен (ол жерлерде құрылғыларды ауыстыруға тура келеді) өзгесі жұмысқа кірісті. Барлық жұмыс орны сақталады. Сауда желісінде 12 мыңнан астам адам жұмыс істесе, соның 5300-і Алматы және Алматы облысында істейді. Тез бұзылатын өнімдерді қоса есептегенде барлық тауарларды жеткізу жолға қойылды» деп мәлімдеді Шишкин. 

* * *

Өнеркәсіп нысандары да шаруаға кірісуге көшті. 120 кәсіпорынның 76-сы жұмыс істеп тұрса, 44-і 11-19 қаңтар аралығында есіктерін ашпақ. Соның ішінде азық-түлік саласындағы 21 кәсіпорынның 18-і, құрылыс индустриясындағы 20 кәсіпорынның 10-ы, көлік құрастырудағы 14 кәсіпорынның 7-еуі, сусын өндірісіндегі 12 кәсіпорынның 9-ы, химия өнеркәсібіндегі 10 кәсіпорынның 3-еуі, жиһаз өнеркәсібіндегі 8 кәсіпорынның 3-еуі, фармацевтикадағы 8 кәсіпорынның 6-ы, металлургиядағы 8 кәсіпорынның 7-еуі, қағаз өндірісіндегі 7 кәсіпорынның 6-ы, жеңіл өнеркәсіптегі 6 кәсіпорынның 4-еуі, полиграфиядағы 6 кәсіпорынның 3-еуі жұмыс істеп тұр. 

* * *

Сонымен қатар Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің хабарлауынша, Алматыдағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары да қалыпты режим бойынша жұмысын бастап кетті. 

«Жеке куәлік, паспорт және миграциялық қызметтерді рәсімдеуден бөлек қызметтердің барлығы дерлік клиенттер үшін қолжетімді. Алматы ХҚКО-лары дүйсенбі-жұма аралығында 9:00-ден 18:00-ге жұмыс істейді» делінген хабарламада.