Несиені түгел жабудың өзі жеткіліксіз. Банк алдындағы берешектен толық құтылу үшін не істеу керек?

Жарияланды

Несие мәселесі Қазақстан халқы үшін аса өзекті әрі маңызды. Кейде қаржылық сауаттылықтың төмендігінен клиент банк алдындағы берешегінен толық құтыла алмай, іс сотқа дейін жетіп жататын сәттер аз болмайды. Ең көп кездесетін қиындық – несиені толық жаптым деген азаматтың өзі соңында берешектен құтылмаған болып шығады. Осы және өзге де несиенің қыр-сырын ұғыну үшін сарапшы кеңесін ұсынамыз. 

1. Сіз банк қарызын толық жапқаныңызға сенімдісіз. Ал бірақ банк хабарласып, әлі де берешегіңіз бар екенін айтады. Себебі бірнешеу болуы мүмкін: 

•    Төлем банкке келіп түспеген. Сіз банк реквизитін енгізген кезде қателескен болуыңыз мүмкін. Бұл жерде банк кінәлі емес. 

•    Кейде техникалық ақау салдарынан төлеміңіз банкке жетпей қалады. Демек, бұл банк немесе қаржы ұйымының кінәсі. Мұндай жағдайда банкке барып, барлық төленген төлемдер анықтамасына тапсырыс беріңіз (үш айда бір рет тегін беріледі), не болмаса осы қарыз төлемі жайлы дәл қазіргі сәттегі шот анықтамасын сұратыңыз (бұл ақылы қызмет). 

•    Несие төленгені туралы ақпарат несие бюросына барып түспеді. Егер несиені сіз жақында ғана өтеген болсаңыз, онда ақпарат әлі жаңартылмаған болуы мүмкін. Жаңарту айына екі мәрте жүреді, яғни әрбір 15 күнтізбелік күн сайын. 

•    Сіз қарызыңызды толық жаппағансыз. Несиенің соңғы төлемін төлер кезде төлем күніне қатысты нақты соманы есептетіп алғаны дұрыс. Егер кішкентай сома төленбей қалған болса – оған мерзімі өткен берешек ретінде қарап айыппұл мен пеня есептеле береді. 

2. Несиенің толық жабылғанына көз жеткізу үшін не істеу керек?

«Несиені мерзімінен бұрын жабасыз ба, әлде график бойынша бұл маңызды емес, маңыздысы – банктен қарыздан толық құтылғаныңызды растайтын анықтама талап етіңіз. Мұндай анықтама 3 жұмыс күні ішінде тегін беріледі. Бұл ретте анықтама – сіздің кепіліңіз бен қорғаныңыз. Анықтама алу кезінде берешекті толық өтемегеніңіз белгілі болса, дереу өсімпұлды төлеп, қарызды толық төлейсіз. Несие өтеу тарихыңызды онлайн-банкингтен қарауға болады, бірақ оған 100 пайыз сену қажет емес. Сондықтан банктен анықтама алу – ең әділ әрі сенімді жол. Егер сіз несие төлеуді кешіктіріп, нәтижесінде коллектор немесе жеке сот орындаушысы жұмыс істесей бастаса, сіз қарызды бәрібір банк арқылы төлейтін боласыз. Коллекторлардың ақшаны өздерінің реквизиті немесе шоты арқылы төлетуіне құқықтары жоқ» дейді сарапшы Нұржан Бияқаев. 

3. Несиені төлей алмаса не болады?

Егер несие немесе ипотека бойынша қарызды төлей алмайтыны анықталса онда бірден банктің өзіне хабарласқан дұрыс. Займ бойынша шарттардың бәрі келісімшартта егжей-тегжейлі жазылған. Сондықтан мұндай жағдайда қалай әрекет етуді банк өкілімен талқылау қажет. 

Бұл ретте клиентте бірнеше нұсқа бар: несие төлемін кейінге қалдыру, қайта қаржыландыру, несиелеу шартын өзгерту және мемлекеттік сауықтыру бағдарламасын пайдалану. 

Несие төлемін кейінге қалдыру арқылы қарызды өтеу уақыты кейінге шегеріледі. Бірақ мұндай жағдайда банк өтінішті орындамауы да мүмкін. Ал қайта қаржыландыру дегеніміз – ескі несиені өтеу мақсатында рәсімделетін жаңа қарыз. Бұл займның талаптары басқаша: басқаша пайыздық ставка, ай сайынғы төлемнің мөлшері мен мерзімі. Қайта қаржыландыру кезінде банк несие тарихын тексереді және ол нашар болған жағдайда өтінішті қанағаттандырмайды. 

Сонымен қатар банктен несие шартын өзгертуге өтініш білдіруге де болады. Қалай болғанда да сіздің берешекті толық алғысы келгендіктен бұл шартқа көнуі мүмкін. Алайда сарапшылардың айтуынша, мұндай жағдай өте сирек орын алады. Несиесін төлей алмайтын қазақстандықтың қаржылық жағдайын реттеуге мемлекеттік сауықтыру бағдарламасы мүмкіндік береді. Егер сіз кешіктірілген төлемді толық өтесеңіз және әрі қарайғы 12 ай мерзімде уақытыл төлеп отырсаңыз, онда несие бюросынан «сауықтырылған» мәртебесін ала аласыз. Осылайша, несие тарихын түзеп алуға мүмкіндік туындайды. Егер сіз кезекті төлемді кешіктірген болсаңыз, онда банк сіздің кешіктірген әр күніңізге өсімпұл есептей бастайды. Бұл – сіз айыппұл түрінде төлейтін белгілі бір пайыз. Ол келісімшартта көрсетілген. Сондай-ақ келісімде банктің коллекторға немесе сотқа шағымданатын мерзімі де жазылған. 

Заңгерлердің айтуынша, көп жағдайда коллекторлар қызметі клиенттің жүйкесіне тиіп, психологиялық тұрғыда қысым жасау үшін пайдаланылады. Ал клиент бірнеше төлемді кешіктірген жағдайда банк сотқа шағым білдіруге мәжбүр болады екен. 
 

Сондай-ақ оқыңыз