21 қаңтар күні емлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесуде Қаржы нарығын реттеу агенттігіне үкіметпен бірлесіп стресті активтер цифрлық платформасы мен инфрақұрылымын құруды тапсырған еді. Сонымен қатар оларды сатып алатын және сататын қосалқы нарық қалыптастыру, салықтық ынталандыру міндеттелген еді. Осы міндеттерді орындау үшін агенттік арнайы заң жобасын әзірлеген.
«Атап айтқанда, жеке инвесторлардың қатысуы үшін стрестік активтерді сатып алушылардың тізімін кеңейту ұсынылады. Заң жобасында стрестік активтерді сенімді басқаруды жүзеге асыратын сервис компаниялар құру көзделген. Қарыз алушылардың құқықтарын қорғау үшін қарыз алушылармен өзара қарым-қатынас бойынша барлық қолданыстағы заңнамалық шектеулер жаңа инвесторлар мен сервистік компанияларға қолданылатын болады. Сонымен қатар, заң жобасы банктерді өндірілген мүлікті экономикалық айналымға тартуға ынталандыруға бағытталған. Ол үшін мұндай мүліктің банктердің балансында болуының 3 жылдық мерзімін белгілеу ұсынылады» дейді агенттік.
Қазіргі кезде Қазақстандағы стрестік активтер мөлшері 2,5 трлн теңге деңгейінде бағаланады. Бұл:
- төлеу мерзімі 90 және одан көп күннен асып кеткен қарыз,
- қаржылық жағдайдың нашарлауына байланысты қайта құрылымдалған қарыз,
- банктердің стрестік активтерді басқаруды жүзеге асыратын еншілес ұйымдарының балансындағы активтер,
- өндіріп алынған мүлік.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, соңғы 5 жылда қаржы жүйесіндегі стресті активтер көлемі айтарлықтай қысқарған. Олар қазіргі уақытта қарды секторының тұрақтылығына қауіп төндірмейді.
2020 жылы Агенттік банктердің стресті активтерді қысқартуға ынталандыру мақсатында кейбір банктермен стресті активтерді 2026 жылға қарай 0,9 трлн теңгеге дейін кезең-кезеңімен қысқарту жөнінде жеке жоспарын жасаған. Қазіргі кезде оның 47%-ы орындалған.
2021 жылы банк секторы активтерінің сапасына 2019-2020 жылдары жүргізілген бағалау (AQR) нәтижелері бойынша банктердің провизияларды қалыптастыру және кепіл мүлкін бағалау процестерін жетілдіруге бағытталған реттеушілік талаптар қабылданды. Бұл банктердің кредит бойынша провизияларды неғұрлым уақтылы және толық қалыптастыруына ықпал етеді, бұл стрестік активтердің баланстық және әділ құны арасындағы алшақтықты қысқартады.
Тағы бір басым міндет – стрестік активтер нарығы үшін толыққанды инфрақұрылымды қалыптастыру. Бұл стресті активтерді еркін сатып алу-сату үшін алаң құруды және нарыққа қатысушылар үшін ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуді қамтиды.
Қазіргі уақытта нарықтың жеке ойыншылары стрестік активтерді сату бойынша жергілікті платформалар арқылы жұмыс істейді. Сонымен қатар, халықаралық тәжірибе сатушылар проблемалық кредиттер мен өндіріп алынған активтерді бірыңғай электрондық платформа арқылы тікелей сату есебінен неғұрлым жоғары құн ала алатынын көрсетеді.
Бірыңғай платформа сатушылар мен инвесторлар арасындағы «ақпараттық асимметрияны» еңсеруге ықпал ететін және сатылатын стрестік активтер жөнінде жалпыға қол жетімді ақпарат көзі болады. Платформа нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасындағы қазіргі баға алшақтығын азайтуға және стрестік активтерді сатып алуға мүдделі инвесторлар базасын кеңейтуге, стрестік активтерді сатып алу мен сатудың қайталама нарығын құруға мүмкіндік береді.
«Бірінші кезекте, платформа жекелеген кредиттер мен активтер туралы ақпаратты, сондай-ақ бенчмаркинг мақсаттары үшін мәмілелер бағалары жөніндегі деректерді қоса алғанда, деректерді шоғырландырушы болуға тиіс.Сонымен қатар, платформа транзакция процесін стандарттай алады, бұл транзакция шығасыларының төмендеуіне әкеліп, стрестік активтер нарығына әлеуетті инвесторлардың кіруіне кедергілерді жоюды қамтамасыз етеді» делінген хабарламада,
Агенттік Ұлттық Банкпен және Қазақстан Республикасының Үкіметімен бірлесіп, стрестік активтерді сатып алу және сату бойынша барлық мүдделі инвесторлар мен проблемалық кредиттерді ұстаушылар үшін ашық қолжетімділікті қамтамасыз ететін бірыңғай платформа құру мәселесін пысықтайтын болады.