Санкция қысымына ұшыраған ресейлік JSC Raiffeisenbank Астана қаржы орталығында тіркелді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Ресейлік JSC Raiffeisenbank Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелді. Сонымен қатар ол AIX биржасында кастодиан-банк ретінде тізімде тұр.

JSC Raiffeisenbank – аустриялық Raiffeisen Bank International AG-дің Ресейдегі еншілес ұйымы. Қаржы ұйымының 100% акциясы халықаралық қаржы тобына тиесілі.

Алайда Ресей сотының шешімімен 2024 жылдың қыркүйегінде бұл акцияларға қатысты бүкіл операцияларға тыйым салынған. Шешім Ресейде Rasperia Trading Limited компаниясының STRABAG SE, оның аустриялық негізгі акционерлері және Raiffeisenbank-ке қарсы басталған сот процестеріне байланысты шыққан. «Райффайзенбанк» АҚ шағымда басқа жауапкерлерге қатысты ұйым ретінде көрсетілгенімен, бірақ ешқандай айып тағылмаған.

Bloomberg басылымының жазуынша, Ресей батыс елдерінің санкцияларына байланысты шетелдік банктердің елдегі активтерін сатуына тосқауыл қойды.

Басылымның ақпаратына сүйенсек, Ресей үкіметі аустриялық Raiffeisen Bank International (RBI) пен итальяндық UniCredit банктің елдегі активтерін сатуына тосқауыл қою мүмкін. Бұл кейін өзге шетелдік банктерге де қатысты қолданылатын саясат болмақ. Басты себеп банктердің ресейлік активтерін сатып алған Ресей азаматтарының батыс санкциясына ілігіп кету қаупі болып отыр. Сондықтан елден кетпес бұрын шетелдік банктер Ресей билігімен тікелей келіссөздер жүргізуі керек.

Агенттіктің хабарлауынша, Батыс елдері шетелдік банктердің Ресей үкіметімен келіссөз жүргізуіне мүдделі емес. Мәскеу шетелдік банк активтерін сатып алған азаматтар санкцияларға ұшырауы мүмкін деп алаңдайды, себебі бұл елдің газ экспортына қатысты төлемдеріне қауіп төндіруі ықтимал. Ресейдің ірі банктері негізінен SWIFT төлем жүйесінен шығарылған.

2022 жылдан бері аустриялық Raiffeisen банкі Ресейдің реттеуші органдарына бірнеше әлеуетті сатып алушы бар екенін айтып келеді. Алайда кейбір сатып алушыларды Батыс елдері қолдамаса, кейбіріне Мәскеу келіспеген. Басылымның жазуынша, Еуропа банктерінің Ресейдегі активтерін сата алмауы олардың басқа елдердегі банктеріне де кері әсер етуі мүмкін.

Қазақстан қор биржасында 1 сәуірде келтірілген дерек бойынша, «Райффайзенбанк» АҚ-ның таза пайдасы 324 млн еуроны құраған. Жиынтық активі 20 млрд еуроға тең. Міндеттемелері 16 млрд еуродан асады.

Былтыр 1 тамыздан, ресейлік Райффайзенбанк кассаларында жеке тұлғалардан доллар мен еуроны қабылдау мен сатып алуды тоқтатты. Санкция қысымына қарамастан жұмыс істеп тұрса да, 2024 жылдың 2 қыркүйегінен жеке клиенттер үшін шетел валютасында сыртқа аударым жасамайтынын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз