Астық жинаудан қай өңір көш бастады

Жарияланды 9 Қараша 2026 15:41

Аягөз Құрмаш

Аягөз Құрмаш

a.kurmasheva@kursiv.media
Ақмола облысы астық жинаудан көш бастады/ gov.kz

Ақмола облысы 2026 жылғы егін жинау қорытындысы бойынша өңірлер арасында бірінші орынға шықты. Өңір диқандары 6,3 млн тонна астық жинады, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс көлемі 5,6 млн гектарды құрады. Оның 4,5 млн гектарына дәнді және бұршақ дақылдары егілді. Орташа өнімділік гектарына 14 центнерден айналды. Жиналған астықтың шамамен 90 пайызы үшінші сұрыпты бидай. Оның 70 пайызға жуығы ақуыз мөлшері жоғары Hi-Pro санатына жатады. 

Бұдан бөлек, өңірде 837,9 мың гектар алқаптан 839,1 мың тонна майлы дақыл жиналды. Сондай-ақ 168 мың тонна картоп пен 21,4 мың тонна көкөніс өндірілді. Егін жинау науқанына 14,5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылды. Оның ішінде 7 мыңға жуық комбайн бар.

Диқандарды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін 81,2 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Мал шаруашылығына қажетті жемшөп қоры да толықтырылды.

Атап айтқанда, 1,35 млн тонна шөп, 256,8 мың тонна пішендеме, 225,7 мың тонна сүрлем және 812,7 мың тонна сабан дайындалды. Қазіргі уақытта облыста жалпы сыйымдылығы 7,3 млн тонна болатын астық сақтау қоймалары бар.

Оның ішінде 67 астық қабылдау кәсіпорнының сыйымдылығы 4,4 млн тоннаны құрайды.

Айта кетейік, 2026 жылы Ақмола облысының агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға шамамен 324,8 млрд теңге қарастырылған. Ал 2027 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына қажетті тұқым қорының 539,8 мың тоннасы дайындалған.

Биыл жалпы 24,3 млн тонна астық жиналған.

Сондай-ақ оқыңыз