
Қазақстанда бизнес субъектілеріне берілген кредит көлемі бір жылда 14,2 пайызға артып, 16,4 трлн теңгеге жетті. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Ұлттық банктің мәліметінше, кредит портфелінің ең жоғары өсімі шағын және орта бизнес сегменттерінде байқалған.
Атап айтқанда, шағын бизнеске берілген несиелер 24,8 пайызға, орта бизнеске берілген кредиттер 15,4 пайызға өскен. Сонымен қатар ұзақ мерзімді несиелеу қарқыны да артып келеді.
Бір жылдан астам мерзімге берілген кредиттер 15,2 пайызға өссе, қысқа мерзімді несиелердің өсімі 12,1 пайызды құраған. Қазіргі таңда ұзақ мерзімді кредиттердің бизнес портфеліндегі үлесі 70,7 пайызға жетті. 2026 жылғы тамызда соңғы 12 ай ішінде бизнеске жаңадан берілген кредиттер көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,9 пайызға ұлғайған. Өсім ірі, орта және шағын бизнес сегменттерінің барлығында тіркелді.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, банктердің қаражатты орналастыру кезінде мемлекеттік бағалы қағаздардың кірістілігімен қатар, қарыз алушылардың төлем қабілетін, кредиттік тәуекелдерді және қаржыландыру мерзімдерін ескереді. Оның сөзінше, бизнесті несиелеуді ынталандыру үшін бірқатар реттеушілік және салықтық шаралар қабылданған.
Атап айтқанда, мемлекеттік бағалы қағаздардан түсетін кірістерге салық салу кезең-кезеңімен енгізіліп, бизнесті кредиттеуден түсетін кірістерге корпоративтік табыс салығының мөлшерлемесі 20 пайыз деңгейінде белгіленген. Ал банктер қызметінің өзге бағыттарынан түсетін кірістерге 25 пайыздық мөлшерлеме қолданылады.
Сонымен қатар Ұлттық банк ең төменгі резервтік талаптарды жетілдіріп, жеке тұлғаларға берілетін кредиттер бойынша 2 пайыздық секторлық контрциклдік капитал буферін енгізген. Ұлттық банк мәліметінше, қабылданып жатқан шаралар банктердің қаражатын экономиканың нақты секторына бағыттауға және кәсіпкерлер үшін кредиттік ресурстардың қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Осыған дейін Құрылтайда депутат бизнеске берілетін несиенің қымбаттығы және осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерген.