Талап етілмеген кепілдік өтем қаржысы БЖЗҚ-дағы ЕЗЖ бойынша шоттарға аударылады

Жарияланды
2022 жылдың 1 мамырынан бастап

2022 жылдың 1 мамырынан бастап Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорындағы (ҚДКБҚ) кепілдік берілген депозиттер бойынша бір жыл бойы талап етілмеген кепілдік өтем қаржысы ерікті зейнетақы жарналарын (ЕЗЖ) есепке алу бойынша жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) аудару үшін БЖЗҚ-ға аударылатын болады.Бұл туралы БЖЗҚ АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Егер депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесінің қатысушысы болып табылатын, әрі банк операцияларын жүргізу лицензиясынан айырылған екінші деңгейдегі банктегі (ЕДБ) депозит салымшысы кепілдік берілген өтемді төлеу басталған күннен бастап бір жыл ішінде ҚДКБҚ-ға жүгінбесе, ҚДКБҚ кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасын БЖЗҚ-ға ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ-ға аударады.

Бұл норма Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңына енгізілді. Осылайша, бұрын лицензиясынан айырылған ЕДБ-дегі депозит салымшылары 2021 жылдың 1 мамырынан бастап 2022 жылдың 1 мамырына дейін төлем алу үшін ҚДКБҚ-ға жүгіне алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 1 мамырынан бастап БЖЗҚ-да ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ автоматты (өтінімсіз) түрде ашылады. БЖЗҚ-да ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ ашуға төмендегілер негіз болып табылады:

– жеке тұлғадан өз пайдасына немесе үшінші тұлғаның пайдасына БЖЗҚ-ға келіп түскен алғашқы ЕЗЖ / БЖЗҚ-ға агенттер ұсынатын жеке тұлғалардың тізімі;

– ҚДКБҚ ұсынған кепілдік берілген депозиттер бойынша кепілдік өтеудің талап етілмеген қаржысы бар салымшылардың (алушылардың) тізімі.

Бұл ретте пайдасына төлемдер жүргізілетін тұлғаның жеке басын сәйкестендіру ЕЗЖ аудару кезінде төлем тапсырмасының электрондық форматында көрсетілген дербес деректер (аты жөні, тегі, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Тұлғаның жеке басын куәландыратын қолданыстағы құжаттың деректемелері, тұрақты мекенжайы және өзге де барлық қажетті мәліметтерді БЖЗҚ мемлекеттік органдардың тиісті ақпараттық жүйелерінен алады.

Салымшы (алушы) ЕЗЖ есебінен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шартқа алғашқы жарна түскен күннен бастап қосылған болып есептеледі.

Егер жеке тұлғада ЕЗЖ есепке алу үшін БЖЗҚ-да ашылған ЖЗШ болса, онда талап етілмеген кепілдік өтем қаржысы осы шотқа түседі. ЖЗШ-ға есептелген талап етілмеген кепілдік өтем қаржысы өзге зейнетақы активтері сияқты тәртіп бойынша инвестицияланатынын атап өткен жөн.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес ЕЗЖ есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығы зейнетақы жинақтары бар келесі тұлғаларда туындайтынын атап өткен жөн:

1) елу жасқа толған;

2) мүгедек болып табылатын;

3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға кететін немесе кеткен, Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған, кету ниетін немесе дерегін растайтын құжаттарды ұсынған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар;

4) ЕЗЖ сомасы және оларға есептелген инвестициялық табыс аясында зейнетақы жинақтары бар, БЖЗҚ-да кемінде бес жыл болған зейнетақы жарналары бар тұлғалардың ерікті зейнетақы жарналары есебінен зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

Жоғарыда көрсетілген шарттар басталмай тұрыып талап етілмеген соманы қайтару үшін салымшы (алушы) Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Заңына сәйкес ҚДКБҚ-ға өтініш жасай алады. Өз кезегінде ҚДКБҚ қаражатты қайтару туралы БЖЗҚ-ға хабарлама жібереді. Бұл ретте, егер ЕЗЖ есепке алу үшін ЖЗШ-да ҚДКБҚ/төлемдер қайтарылғаннан кейін қаражат қалмаса, онда ЖЗШ бір айдан кейін автоматты түрде жабылады.

Сондай-ақ оқыңыз