Мемлекет кімдердің баспана арендасын төлеп береді? Бұл көмекті алу үшін нені білу керек?

Жарияланды
Үкімет жеңілдікке ие болатын санаттарды жариялады

Елімізде жуық арада азаматтардың баспана арендасы құнының тең жартысын мемлекет төлейтін болды. Бірінші кезекте әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көмек берілу көзделіп отыр. Жаңа механизм 2021 жылдан бастап әзірленген еді. Жобаның басты мақсаты – мемлекет есебінен жалдау ақысының жартысын өтей отырып, азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету.

Мемлекет жалға алу құнының 50 пайызын төлеп береді. Есептеу үшін ресми статистикада көрсетілген нарықтағы 1 шаршы метрдің құны негізге алынады. Деректе ондай мәлімет жоқ болған жағдайда сол облыс немесе аудандағы дерек ескеріледі.

Ал көмекті кімдер алады? Олар – тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар. 

Үміткерлерге қойылатын талаптар: 

1. ҚР азаматы болуы; 
2. Отбасының әрбір мүшесі табысының 36 018 теңгеден аспауы. 
3. Мына категориялар бойынша әкімдік кезегінде тұруы: 
– I және II топтағы мүгедек; 
– Мүгедек баласы бар немесе мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар; 
– Жетім балалар және жасы 29-дан аспаған, кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар; 
– Көпбалалы отбасылар және көпбалалы аналар.  

Қандай тұрғын үйді жалға алуға болады?

  • Отбасында 1-3 адам болса  – 40 шаршы метрден көп емес; 
  • 4-5 адам болса – 60 шаршы метрден көп емес; 
  • отбасында 6 және одан да көп адам болса  – 80 шаршы метрден көп емес. 

Аумағы бұдан да көп тұрғын үйді жалдай беруге болады. Бірақ қаржыландыру көрсетілген параметрлердің 50 пайызы деңгейінде ғана жүргізіледі. 

Арендалық төлемді өтеуді қалай алуға болады?

1. ЭЦҚ көмегімен «Отбасы банкке» өтініш беру. Ол үшін мемлекеттік құқықтық кадастрде тіркелген тұрғын үй арендасы туралы келісімшартты енгізу қажет. 

2. «Отбасы банк» өтініш берушінің төлем қабілетін және арендалық төлемдерді түсіру үшін ол адамда арнайы шоттың болуын тексереді. Шот болмаған жағдайда оны «Отбасы банктен» ашу қажет. 

3. Барлық талаптарға сай болған жағдайда банк төлемді тағайындайды және оны жалға алу келісімшартында көрсетілген аренда иесінің шотына жібереді. 

Бұл ретте өтініш берушінің шотында арендалық төлем мөлшерінің 50 пайызы және үй аумағы үлкейген жағдайда соған қажетті сома болуы тиіс. Төлемдер жалға алу келісімшартында көрсетілген мерзім көлемінде ай сайын электронды түрде жіберіліп отырады. 

Ал арендатор қандай шығындарды өзі төлейді?

Олар: 

1. Коммуналдық төлем. 
2. Жөндеу жұмыстары. 
3. Жалпы үй мүлкін ұстау және басқа да эксплуатациялық шығындар. 
Бұл ретте туысқанының үйін арендаға алып, оның жалға алу құнының 50 пайызын мемлекеттен сұрауға тыйым салынады. 

Мынадай жағдайларда төлем тоқтатылады: 

  • Көмек алушы тұрғын үйге мұқтаждық мәртебесінен айырылса; 
  • Төлемнен өзі бас тартса; 
  • Қандай да бір себептермен пәтерден шығарылса; 
  • Басқа тұрақты тұру мекен-жайына кетсе немесе қайтыс болса. 

Арендалық тұрғын үйді мақсатты пайдалану мәселесі бойынша жергілікті әкімдік мониторинг жүргізетін болады. 

Соңғы деректер бойынша Қазақстанда арендалық төлемақы қымбаттаған. Finprom дерегінше еліміз пәтерді жалға беру бағасының қымбаттауы жөнінен 107 елдің ішінде 82-орын алған. Біздегі аренда бағасы – 303,85 доллар. Ең қымбат үйлер Гонконг, Сингапур және БАӘ-де. Ең арзаны – Непалда. ТМД елдерінің ішінен Қазақстаннан да арзан арендалық баспананы 266,3 долларға Әзірбайжаннан табуға болады. Ресейде айлық аренда бағасы – 412,5, Арменияда – 396,74, Украинада – 366,11, Өзбекстанда – 322,27, Белорусияда 306,17 доллар. 

2021 жылдың желтоқсан айында Қазақстанда жайлы жабдықталған тұрғын үйдің арендалық төлемі бірден 17,5 пайызға қымбаттап, 1 шаршы метрі 1,9 мың теңгеге жеткен. Ірі қалалар арасында қатты қымбаттау Алматыда байқалады – бірден 40,6 пайызға өскен. Антилидерлер қатарынан Оралды (+32,5 пайыз) және Шымкентті (+31,3 пайыз) көреміз. Ең төменгі жылдық өсім Таразда (+5,5 пайыз) байқалады. 

«Аренда бағасының  өсуі көптеген факторлармен, соның ішінде жылжымайтын мүлік нарығындағы сату құнының өсуімен байланысты. Аренда сегменті мен тұрғын үй сатылымы тығыз байланысты. Үй сатып алуға деген жоғарғы сұраныс және 2021 жылғы баға қымбатшылығы аренда сегментіндегі ұсынысты «шайып» жіберді. Пәтер бағасының өсіп жатқанын пайдаланып көптеген арендалық баспана иелері пайда табу үшін үйлерін сатылымға шығарды. Ал сатқысы келмегендер аренда бағасын көтерді. Сөйтіп, табыстылықты сақтап қалуға және оны ұлғайта түсуге әрекеттенді» дейді тұрғын үй саласының тәуелсіз сарапшысы Анна Шацкая. 

Сарапшының айтуынша, үй сатып алуды жоспарлап, бірақ баға өсуіне байланысты бұл жоспарын кейінге қалдырып, пәтер жалдап тұруға көшкен азаматтар да сұраныстың өсуін туғызды. Ондай жағдайда ұсыныс жасаушылардың да (аренда иелерінің) қымбат бағамен саудаласуға тырысатыны белгілі.

Сондай-ақ оқыңыз