2022 жылы декреттік төлемдер қалай өзгерді?

Жарияланды
Жұмыс істейтін әйелдерге жақсы жаңалық бар

Биыл баланың өмірге келуіне және оның бір жасқа дейінгі күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы көлемі өзгерді. Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдерге берілетін шектік сома да ұлғайтылды. Осы ретте 2022 жылғы өзгерістер туралы толық ақпарат бергенді жөн көрдік. 

Мемлекеттің «көрімдігі»

Алдымен мынаны есте ұстаңыз. Жүкті және босанған әйелдерге берілетін төлемнің үш түрі болады: босанғанға дейін, босанған соң және бала бірге толғанша берілетін жәрдемақы. Оның алғашқысы, яғни босанғанға дейінгі төлем жұмыс істейтін немесе жеке кәсіпкерлікпен айналысатын, салық төлейтін әйелдерге төленеді. Яғни үй шаруасында отырған әйелдерге төлемнің бұл түрі қарастырылмайды. Одан кейін — бір реттік жәрдемақы. Мұны бала туған кез келген әйел алады. Былайша айтқанда, мемлекеттің балаға берген көрімдігі десек болады. Оның бекітілген көлемі — 38 АЕК. Айлық есептік көрсеткіш жыл сайын өзгеріп тұратындықтан, 2021 жылы 110 846 теңге болса, биыл 116 394 теңгеге өсті. Бір айта кететін жайт, бір реттік төлем бала санына қарай беріледі. Яғни алғашқы үш балаға 116 394 теңге берілетін болса, төртіншіден әрі қарай — 192 969 теңге. Бекітілген көлемі — 63 АЕК.   

Бала бірге толғанша берілетін жәрдемақы

Жәрдемақының бұл түрі әркімде әр түрлі. Нақтырақ айтқанда, жұмыс істеген әйелдер табысына қарай алады. Ал енді үй шаруасындағы әйелдер үшін бекітілген сома бар. Атап айтқанда, жұмыс істемейтін әйелдерге 2022 жылы бірінші балаға — 17 642,8 теңге, екінші балаға — 20 859 теңге, үшінші балаға — 24 044 теңге, төртіншіден әрі қарай — 27 360,7 теңге. Егер егіз не үшем туған жағдайда, бір реттік жәрдемақы да, бір жасқа дейінгі төлем де әр балаға жеке беріледі. Яғни бала санына байланысты екі не үш еселеп алады. Егер декреттік демалысқа шыққанға дейін әйел жұмыс істеген болса, онда жәрдемақы көлемі оның соңғы екі жылдағы ресми табысына байланысты болады. Бұл ретте ескеру керегі, жәрдемақы есептейтін кезде әйелдің зейнетақы жарнасына емес, әлеуметтік салымына қарайды. Есептеу тәсіліне келсек, соңғы 2 жылдағы табысын қосып, оны 24-ке бөлу керек. Сол шыққан санды 0,4 коэффициентке көбейтесіз. Одан соң, 10 пайызын алып тастайсыз. Себебі ол зейнетақы салымына алынады. 

Қалай есептейміз?

Айталық, сіздің соңғы 24 айдағы орташа табысыңыз 200 мың теңге болсын. Соны 0,4-ке көбейтіп, 10 пайызын алып тастайсыз. Сонда сізге ай сайын 72 мың теңге түсіп тұрады деген сөз. Негізі бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақы ең жоғары айлық табыс шегінің 40 пайызынан аспауы керек. Ол дегеніміз биыл аталған жәрдемақының шегі 168 мың теңге деген сөз. Осыдан артық сома шықса да, берілмейді. Жұмыс істемейтін әйелдер жұмыссыз әйелдерден аз жәрдемақы алуы мүмкін емес. Төлену тәртібіне келсек, есептеу кезінде баланың туған күніне байланысты. Мысалы, 2021 жылдың 8 қарашасында дүние келген балаға бірінші жәрдемақы 22 күнге, ең соңғысы 8 күнге төленеді. Жоғарыдағы мысалды жалғастырып, ай сайынғы жәрдемақы 72 мың теңге көлемінде алып көредік. Осы соманы 30 күнге бөлгенде 2400 теңге шығады. Демек, баланың әр күніне мемлекет тарапынан 2400 теңге беріледі. 8 қарашада туған балаға 22 күн үшін бірінші жәрдемақы ретінде 52 800 теңге түссе, бірге толатын кезде, яғни соңғы жәрдемақысында 8 күн үшін 19 200 теңге алады. Сонымен бірге, егер бала 2021 жылдың соңында туса, демек есептеу сол жылдағы шамаларға сәйкес есептеледі. Мысалы, 31 желтоқсанда туса.

Босанғанға дейінгі төлем және ол қалай есептеледі?

Төлемнің бұл түрі жұмыс істейтін әйелдерге ғана қатысты. Яғни әйел соңғы 12 айдағы табысына байланысты жәрдемақы алады. Жүктіліктің 30-аптасына декреттік демалысқа шыққан әйел қажет құжаттарды тапсыруы керек. 2022 жылы жүктілік пен босануға байланысты төлемнің максимал сомасы өсті. 2021 жылы 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен жоғары (297 500 теңгеден астса) табыс тапса, ол әйелге 1 124 550 теңгеден артық берілмейтін (42 500*7*4,2-10%). Ал енді биыл ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өсті. Бұл дегеніміз 2023 жылдың қаңтарынан бастап, әйелдер 1 587 600 (60 000*7*4,2-10%) ала алатынын білдіреді. Ал 2022 жылы әр ай сайын максимал төлем біртіндеп осы шамаға қарай жылжи береді. Түсініктірек болу үшін мысал түрінде келтірсек. Айталық, декретке шілдеде шығасыз делік. Демек төлеміңіздің жартысы — 2021 жылғы, жартысы 2022 жылғы есепке сәйкес жасалады. Сонда шілдеде шығатындар үшін максимал сома — 1 356 075 теңге. Егер әйел соңғы 1 жылда жұмыс істеп, табысы ай сайын 500 мың теңге болып, 126 күнге жүктілік пен босануға байланысты демалыс алатын болса, онда есеп бойынша 500 000 * 4,2 – 10 % = 1 890 000 теңге шығады. Байқағаныңыздай, бұл максимал сомадан асып кетті. Демек, мемлекет тарапынан 2022 жылы 1 587 600 теңге ғана ала алады. Қалған 302 400 теңгені егер жеке еңбек шартында қарастырылған болса, жұмыс беруші төлейді. Бұл жерде бастысы — әлеуметтік салымдардың салынуы. Егер салынбаса, ол айда зейнетақы жарнасын төлегеніңіз есепке алынбайды.   

Жәрдемақыны қалай рәсімдейміз?

Баланың бірге толғанына дейін төленетін жәрдемақыны рәсімдеудің бірнеше тәсілі бар. Біріншісі — тұрғылықты мекенжайына қарасты Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, құжат тапсыру. Ол үшін мына құжаттарды апарасыз:
•    Жеке басты куәландыратын куәлік;
•    Баланың туу туралы куәлігі туғаны туралы жазбаның көшірмесі;
•    Екінші деңгейлі банктердің бірінде немесе банктік операцияларды жүзесе асыратын «Қазпошта» сынды мекемелердің банктік есепшот нөмірі туралы ақпарат;
•    Өтініш толтыру.

Екінші әдіс — Egov.kz арқылы. Ол үшін сізді компьютер не ноутбук, ЭЦҚ, банктегі арнайы есепшот нөмірі болуы керек. Сонымен бірге мобайл азаматтар базасында нөміріңіз болса, сізге СМС келуі керек. Соған жауап беру арқылы да рәсімдеуге болады. Тағы бір тәсіл Kaspi және Halyk банктердің мобайл қолданбалары арқылы. Егер арнайы есепшот болмаса, ашу керек болады.  

Kaspi:
«Барлық төлемдер» – «Мемлекеттік қызметтер, айыппұлдар мен салықтар» – «Жәрдемақы рәсімдеу».

Halyk:
«Басты бет» – ««Мемлекеттік қызметтер- «Баланың өмірге келуіне байланысты жәрдемақы». 
Өтініш 8 жұмыс күні ішінде қарастырылады. Егер мақұлданды деген жауап келсе, бір айдан кейін жәрдемақы түседі. Бұл төлемді алып үлгеруді ұмытпаңыз. Себебі бала туғаннан кейін 12 ай ішінде тапсырмасаңыз, одан кейін төленбейді. 

Жиі қойылатын сұрақтар

1.    Бала бірге толғанша әйел жұмысқа шығып кетсе, жәрдемақы тоқтай ма?

– Жоқ, ай сайын түсіріліп тұрады. Бірақ мемлекет сіз үшін зейнетақы салымдарын салуды тоқтатады. 

2.    Жұмыс істеген әйел бір декреттен екіншісіне шығатын болса, жүктілік пен босануына байланысты төлем беріле ме?

Жоқ, мұндай жағдайда әйел жұмыссыз әйелдерге берілетін бір реттік төлем мен бекітілген бір жасқа дейінгі жәрдемақыны ғана ала алады. Себебі жүктілік пен босануға байланысты бір реттік төлем әлеуметтік салым төлегендерге ғана беріледі. Декретке шығарда бұл төлемді алу үшін ресми жұмысқа шығып, салымдар салынуы тиіс. 

3.    Әкесі бала күтіміне байланысты жәрдемақы ала ала ма?

Ай сайынғы жәрдемақыны ата-ананың біреуі ғана ала алады. Яғни анасына рәсімделсе, әкесі өтініш бере алмайды. Ал енді әкесі ресми түрде жұмыс істейтін болса, бала күтіміне байланысты демалыс алғысы келсе, шыға алады. Сәйкесінше, табысына байланысты ай сайынғы жәрдемақы алып отырады. Бірақ баланың әкесі баласы бірге толғанша жұмысқа шығып кетсе, жәрдемақы бірден тоқтайды. 

4.    Бала шетінеп кетсе, төлемдер қайтару керек пе?

Мұндай жағдайда декреттік төлем, яғни жүктілік пен босануға байланысты төлемді қайтару сұралмайды. Бірақ бала шетінеп кеткеннен кейінгі түсірілген жәрдемақыны қайтару қажет болады.   
 

Сондай-ақ оқыңыз