Қазақстан, Ресей, Беларусь пен Өзбекстан – авторитарлық режим орнаған мемлекеттер. Дүниежүзі халқының тек жартысына жуығы (45,7%) демократия орнаған мемлекеттерде өмір сүреді. Бұл көрсеткіш 2020 жылмен салыстырғандаедәуір төмен (49,4%). 2021 жылғы демократия индексін жариялаған британдық Economist Intelligence басылымы осылай деп жазады.
Индекс дерегіне сәйкес, Қазақстан әлемдегі демократия индексі бойынша 167 елдің арасында 128-орында тұр. Бұл индекс 2006 жылдан бері жарияланып келеді. Содан бері еліміз авторитарлық елдер қатарынан табылған. Ресей —124, Беларусь — 146, Өзбекстан — 150-і орында. Сонымен қатар авторитарлық режим орнаған елдерге Қырғызстан (115), Тәжікстан (157), Түрікменстан (161) кіреді.
Ал демократиялық елдер қатарында Норвегия, Жаңа Зеландия, Финляндия, Швеция, Исландия, Дания, Ирландия, Тайвань, Австралия, Швейцария тұр. Жетілмеген демократиясы бар елдерге Франция, Израиль, Испания, Чили, АҚШ, Эстония, Португалия жатады.
Британдық басылымның мәліметінше, әлем халқының тек 6,4 пайызы толық демократия жағдайында өмір сүреді. Бұл деңгей 2020 жылмен салыстырғанда біршама төмен (6,8%). Осы уақыт аралығында Чили мен Испания рейтингте «жетілмеген демократия» деңгейіне төмендеді. Әлем халқының үштен бірі (37,1%) авторитарлық режимде өмір сүреді.
2021 жылы Молдова, Черногория және Солтүстік Македония өздерінің мәртебесін «гибридті режимнен» «жетілмеген демократияға»дейін көтерді. Эквадор, Мексика, Парагвай және Тунис «гибридті режимге» төмендеді. Мавритания «авторитарлық» жіктеуден «гибридті режимге» ауыстырылды. Қырғызстан рейтингте сегіз саты төмендеп, «авторитарлық режимге» түсті.
Былтыр көптеген елдердің орташа көрсеткішінің нашарлауы немесе тоқырауы байқалған. 167 елдің тек 47-дегі (28,1%) жағдайдың жақсарғанын атап өтті. Шамамен 74 елдің (44,3%) 2020 жылмен салыстырғанда жалпы балы төмендеген. Қалған 46 (27,5%) елдің көрсеткіштері 2020 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалған. Бірнеше елде демократияға қатысты жағдай біршама жақсарған: Молдова мен Индонезия көрсеткіші жақсарса, ал Ауғанстан, Мьянма және Тунисте құлдырау тіркелген. Латын Америкасы елдерінің көпшілігінде демократия көрсеткіші нашарлаған.
Индексте тағы қандай өзгеріс болғанын мына сілтеме арқылы оқуға болады.
Демократия индексі – әлемнің 167 еліндегі демократия даму деңгейінің рейтингі. Ол жыл сайын Economist Intelligence Unit әзірленген саяси режимдер жіктелімі арқылы анықталады. Жіктелімде 5 санатқа топтастырылған 60 түрлі көрсеткіш ескеріледі: сайлау және плюрализм, азаматтық бостандық, үкіметтің қызметі, халықтың саяси тұрақтылығы және саяси мәдениет.