Ресурстар

«Болашағымыздың» Ресеймен байланысуы қауіпті ме?

«Болашақ» бағдарламасының бағыты Ресейге бұрылатын болды. Нақты айтқанда, басымдық берілмек. Әлбетте, бұл батыстың алдыңғы қатарлы оқу ордаларына есік тарс жабылады деген сөз емес.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнес өкілдерімен болған кездесуінде осы жайлы сөз қозғаған. Әлемнің үздік жүздігіне енбесе де, ресейлік университеттерге «Болашақтың» тізімінен орын берілетін болды. Оған қоса, орыс тілін білсе жеткілікті, ешқандай халықаралық тест тапсыру міндеттелмейді. Бұл бастаманың Қазақстанға әсері қандай болады?

Соңғы кездері қызу талқыға түсіп жатқан тақырыптың шығу төркініне қысқаша тоқталсақ. Тоқаев елде экономист, заңгер мен менеджерлер қаптап кеткенін айтып, енді бізге техниканың тілін білетін мамандар қажет екенін атап өткен еді. Бұл тенденция бүкіл әлемде бар. Алысқа бармастан Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай еңбек нарығындағы сұранысты мысал етсек. Еуразиялық экономикалық комиссия ЕЭО елдерінің құзырлы органдарымен бірлесіп сұранысқа ие мамандықтарды тізген. Ішінде дәрігер, мұғалім, жүргізуші және IT-технологиялар саласы көш бастаған еді. Қош, диджитал дәуірде «технарлардың» керегі онсыз да белгілі. Ал енді ресейлік IT-мамандардың берері көп пе? Көрші елде бұл сала кеңінен қанат жайған ба? Мәселе осында.

Алдымен «Болашақтың» талаптарына келсек. Бағдарламаның ерекшелігі сол — әлемнің «ең, ең» деген үздік оқу орындарына ғана түсуге болатыны. Олай дейін десең, Ресейдің тек Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті TOP-100 ішінде бар. Бағдарлама листінде 27 елден 200-ден астам оқу орны енгізілген. Енді техникалық бағыттағы мамандарды даярлайтын тізімге ресейлік ЖОО-лардан Н.Е.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті, «MИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университеті, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университеті және Мәскеу физика-техникалық институты енді. Сондай-ақ министрлік қазіргі уақытта «МИСиС» Ұлттық техникалық зерттеу университетін және ИТМО Ұлттық зерттеу университетін тізімге енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Осы орайда ресейлік техникалық ЖОО-лар рейтингіне көз салсақ. Forbes ТОП-10 техникалық университеттер қатарына мыналарды жатқызған:

  1. «МИФИ» ұлттық ядролық зерттеу университеті;
  2. Мәскеу физика-техникалық институты;
  3. «МИСиС» ұлттық технологиялық зерттеу институты;
  4. ИТМО ұлттық зерттеу университеті;
  5. Томск ұлттық политехникалық зерттеу университеті;
  6. Н.Э.Бауман атындағы Мәскеу мемлекеттік техникалық университеті;
  7. Ұлы Петр атындағы Санкт-Петербор политехникалық университеті;
  8. Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті;
  9. Санкт-Петербордағы В.И.Ульянов атындағы «ЛЭТИ» мемлекеттік электротехникалық университеті;
  10. «СТАНКИН» Мәскеу мемлекеттік технологиялық университеті.

Саясаттанушы Дос Көшім президенттің ресейлік университеттерге көбірек студент жіберу бастамасын мемлекет үшін қауіп деп бағалап отыр.

«Бұл — Ресейге жақындасудың бір жолы. Орыстану саясатын сол күйі сақтап қалу бағытындағы жұмыс. Бұдан басқа ештеңе емес. Шынында, Тоқаев келгелі Ресейге жақындасу мәселесі тым ашық жүріп жатыр. Негізі отаршылдықтан шыққаннан кейін метрополияға жақындай беру — үлкен қателік. Өйткені біздің тіл, дін, мәдениетімізді сол нәрсе құртты. Барынша алшақ болуымыз керек еді. Дегенмен біздің билеуші топтың бәрі орыстың «сүтін емген». Сондықтан олар үшін Ресей тілі, мәдениеті, білімі ең мықты боп көрінеді. Олар биліктен кетпейінше ештеңе өзгермейді де. Мысалы студенттерді өзге елге білім алуға жіберуді алсақ. Біліммен қоса міндетті түрде идеология жүреді. Қайда оқысаң, сол елдің бағыты жақынырақ болады. Тіпті оқулықтарды қарасаңыз, әлдебір ғылымның негізін салушы деп Иванов, Петровтар көрсетіледі. Себебі одан басқаны көрмеген. Ал негізін қалаған шын мәнінде Смит не Чарльз болуы да мүмкін. Ресей «Бізден асқан ешкім жоқ» дегенді миымызға әлі де сіңіре береді. Өйткені метрополия қашан да өзін жоғары санайтыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда бұл — мемлекет үшін үлкен қауіп».

Дос КӨШІМ

Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының атқарушы директоры, АҚШ-тың Пенсильвания университетінің түлегі Мақсұтбек Айтмағанбет те Ресейге жіберуді құптамайтынын айтып отыр.

«Ресейге жіберіп қажеті қанша? Ол жақта «Болашақсыз» да 60 мыңнан астам студент оқып жатыр. Болмаса, сонда техникалық мамандықта оқитындарға қайтарымсыз жолақы гранттарын немесе азғантай шәкіртақы болсын тағайындалсын. Көмек әрі Қазақстанмен байланыс болады. Студенттердің әр алуан жерде оқығаны жақсы. Мысалы технология және инженерия саласында оқытуға бүгінде технологиялық жағынан қарыштап дамыған Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Германия, Израиль және сол сияқты елдерге жіберген дұрыс. Ал енді ресейлік оқу орындарының сапасына келсек, Ресей жастары АҚШ-қа барып оқып, сонда қалып жатыр. Демек, ондағы білім деңгейі оларды қанағаттандырмайды».

Мақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТ

Көрші елдің жастары Америкаға расында құмар екен. Оған дәлел мынау. АҚШ-та оқу бітірген аспиранттарға Survey of Earned Doctorates жобасы сауалнамаға қатысуға ұсыныс білдіреді. Соның ішінде «диплом қорғап болған соң Америкада қалғың келе ме?» деген сұрақ бар. Мысалы 2020 жылғы сауалнама нәтижесінде сол жақта қалғысы келетін ресейлік аспиранттар үлесі 82,5 пайыз болыпты. Демек, түлектердің дені оқу үшін де, өмір сүру үшін де АҚШ-қа бүйрегі бұрып тұрады.
Бір қызығы, қазақстандық түлектер, керісінше, Ресей оқу орындарына көп түседі. Соның ішінде, бакалавриатқа. РФ Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2020 жылғы деректеріне сүйенсек, елге оқуға келетін әр екінші студент Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан не Тәжікстанның азаматы екен. Аталған елдердің түлектерінің үлесі Ресейдегі жалпы шетелдік студенттердің 47 пайызына тең. Мұндай тенденция өскенін өзіміз де жақсы біліп отырмыз. Тіпті әрбір төртінші шетелдік студент — қазақстандық.

Ресейдің оқу орындарына студенттерді көптеп бағыттау идеясын Нұр-Сұлтандағы технологиялық колледж директоры, маслихат депутаты Ләззат Разбекова құптап отыр.

«Біз ауылдың әл-ауқатын, ауыл балаларының білім деңгейін арттырамыз деп жатырмыз. Ал Ресей — бізге жақын, көрші мемлекет. Әрі ол жаққа оқуға түсу үшін тілдік барьер болмайды, оқу ақысы арзанырақ. Демек, көбірек студентті қамтуға мүмкіндік туады. Ресейдің кез келген университетімен келісім жасалғалы жатқан жоқ. Ең үздік, талай жылдан бері өз білім деңгейін дәлелдеп келе жатқан МГУ сияқты беделді университеттермен байланыс орнатылады. Тәжірибе алмасу тек оң нәтижесін берері сөзсіз. Бұдан қоғамда дау-дамай туғызып жатқан орыстану саясатын мүлдем көріп тұрған жоқпын. Өзге мемлекеттермен де байланыс, қарым-қатынас тоқтап қалмақ емес. Әрине, Ресейдің материалдық базасы еуропалық оқу орындарымен теңесе алмайды. Дегенмен жақсы тұсын алуға әбден болады».

ЛӘЗЗАТ РАЗБЕКОВА

Нидерландыдағы Booking.com компаниясының бағдарламалық жабдықтама менеджері Әлібек Датбаев Ресейдегі техникалық білімнің сапасы жоғары екенін айтып отыр.

«Мектеп бітірерде МГУ немесе МФТИ-ға түсемін деген ойлар көп болды. Алайда сол жылдары (2004-2005) скин-хэд деген нәрсе кең таралған болатын. Сондықтан ата-аналарым Мәскеуге жібермей қойды. Кім білер, мүмкін өзім де барып, Ресейдің техникалық білімін алушы едім. Жалпы Ресейде инженерлік/техникалық білім өте мықты. Сондай-ақ, қазақстандықтардың көбі орыс тілінде жақсы сөйлейтіндіктен, тіл барьері болмайды. Ал, АҚШ немесе Ұлыбританияға баратын болсаңыз, ең алдымен ағылшын тілін өте жақсы меңгеруіңіз тиіс, оған уақыт кетеді. Осыған қоса ағылшын native ортада қолданылатын тіл тіпті әдеби емес, ол сәл қиындау болады. Өзім Калифорнияға көшкен кезде, алғашқы 5-6 ай жөнді сөйлей алмадым, себебі америкалықтардың қарапайым өмірде сөйлегенде көп дауыстарды «жеп қояды», оған үйрену керек. Әрі менің ойымша Ресейге түсуге жеңілірек болады. Себебі кейбір оқу орындары өздері келіп презентация жасайды. Мысалы Томск қаласының танымал ТУСУР университеті менің туған қалам Павлодарға жыл сайын келетін. Сонда 10-11 сыныптың оқушылары алдын-ала кейбір емтихандарды тапсырып, университет туралы ақпарат алып, біраз networking жасайтын. Немесе Астанада МГУ-дың филиалы бар. Қос-программамен оқып, МГУ-дың өзінде бірнеше жыл оқуға болады, ал бұл —дүниежүзілік деңгейдегі оқу орны. Сол себепті Ресейде оқығанның біраз артықшылықтары бар деп ойлаймын».

Әлібек ДАТБАЕВ

Тіл білуге қатысты айта кететін жайт, «Болашақ» талабында шет тілін жоғары деңгейде білетінін халықаралық емтихан нәтижесімен шегелеу бар. Осы орайда сала министрлігіне «Ресей оқу орындарына тапсыру үшін де әлгі талап сақтала ма?» деген сауал жолдадық. Баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, орыс тілін білсе жеткілікті екен. Демек, мемлекет есебінен тегін оқып, шәкіртақы алып, жетекші сала маманы болғысы келетіндер ендігі жылдан бастап ағылшын тілін үйренуге бас қатырмаса да болады деген сөз. Әлбетте, көңіл қалауы Ресей оқу орындарына түссе ғана. Өйткені «Болашақпен» оқитындар көбіне шет тілін жоғары деңгейде үйреніп, мүлдем жаңа ортаға барып, Илон Маск пен Марк Цукербергтер білім алған университтерге түскенді құп көреді. Бірақ тізім кеңейді, таңдау құқығы берілді — оқу не оқымау талапкердің тілегіне қарай. «Болашақ» шәкіртақысының иегерлері ресейлік техниктерден не үйренгенін алдағы екі жылда көреміз.