Ресурстар

Сақтандыру қызметін цифрландырудың артықшылығы қандай?

Цифрлық технологияларды қолдану сақтандыру секторын дамыту мен реттеу жолдарын өзгертеді

Соңғы жылдары Қазақстан сақтандыру саласын цифрландыруда айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Дәстүрлі қызметтердің онлайн форматқа ауысуы азаматтардың өмірін жеңілдете түсті. Заманауи үрдістен сақтандыру нарығы да тыс қалған жоқ.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті директорының орынбасары Әсел Әмірбаеваның айтуынша, онлайн-автосақтандыруды іске асыру мемлекеттік органдардың, ведомстволардың және сақтандыру нарығының тарапынан айтарлықтай үйлестірілген жұмысты талап етті.

«Мемлекеттік органдардың дерекқорларын интеграциялаудың арқасында сақтандыру шартын жасасу бизнес-процесін автоматтандыру мүмкін болды. Егер клиент үшін бұл сақтандыру шартын бірден жасасу болса, ішкі процесс автокөлік иесінің дербес деректерін Әділет министрлігінің дерекқорымен, автомобиль бойынша – Ішкі істер министрлігінің дерекқорымен салыстырып тексеруден, сақтандыру сыйлықақысын автоматты түрде дербес есептеуден, бірегей нөмір беруден және клиент сақтандыру сыйлықақысын төлегеннен кейін электрондық полис беруден тұрады. Сақтандырудың ең көп тараған түрі – міндетті автосақтандыруды цифрландыру шарт жасасу рәсімін жеңілдеткені және осы қызметтің географиялық тұрғыдан қол жетімділігін арттырғаны сөзсіз. Халықтың сақтандыру шарттарын қашықтан отырып, 24/7/365 режимінде жасауға мүмкіндігі бар».

Сақтандыру бойынша барлық деректер Бірыңғай сақтандыру дерекқорында (Мемлекеттік кредиттік бюроның www.mkb.kz сайтында) нақты уақыт режимінде бар. Мемлекеттік органдардың осы дерекқор арқылы өздерінің бақылау функцияларын жүзеге асыру мүмкіндігі бар. Мысалы, жол полицейлерінің өз планшеттері арқылы автокөлікті тоқтатпай онлайн сақтандырудың бар-жоғын тексере алады.

Сақтандырушылардың ақпараттық жүйелері мен Бірыңғай сақтандыру дерекқоры үшін ақпаратты, дербес деректерді қорғаудың және киберқауіпсіздіктің ең жоғары деңгейіне қойылатын талаптар белгіленген.

Онлайн-сақтандыруды дамытудың келесі кезеңі сақтандыру төлемдерін онлайн реттеуді енгізу болмақ. Бұл сақтандыру төлемін алу рәсімін айтарлықтай жеңілдетіп, транспарентті етуге мүмкіндік береді. Халық қашықтан, сақтандырушының кеңсесіне келмей-ақ төлемдерді алуға өтініш беріп, құжаттар пакетін қалыптастырып, жібере алады, сақтандыру төлемін ала алады.

«Қашықтан отырып сақтандыру шартын жасасу кезіндегідей, онлайн-төлеу кезінде бизнес-процесті үйлестіруді және автоматтандыруды қамтамасыз ететін және сақтандыру жағдайын реттеу процесінің барлық кезеңдерін тіркейтін Бірыңғай сақтандыру дерекқоры негізгі оператор болады. Бұл жаңалық цифрлық қызметтерге, құжаттар мен ақпаратқа қол жеткізу үшін мемлекеттік органдардың дерекқорымен одан әрі интеграциялауды талап етеді. Осылайша, жақын арада міндетті автосақтандыру шартын жасаудан бастап сақтандыру төлемін алуға дейін сақтандыру қызметтерінің толық циклін цифрландыру қамтамасыз етіледі. Бұл әсіресе пандемия кезеңінде, сақтанушының тұратын өңірі мен орналасқан жеріне қарамастан, оның қашықтан қызмет алуы үшін өзекті болып отыр» дейді Әсел Әмірбаева.

Онлайн-реттеуді іске асыру қазіргі уақытта Мәжілісте қаралып жатқан заңнамалық бастамаларда көзделгенін атап өткен жөн. Бүгінгі күні Бірыңғай сақтандыру дерекқоры – сақтандыру нарығын цифрландыру процесінің негізгі операторы.

Бұл база онлайн-сақтандыру сервистерін жүзеге асыру үшін де, бүкіл сақтандыру секторы бойынша деректерді жинау үшін де ақпараттық-технологиялық платформа болып есептеледі. База міндетті сақтандыру шарттарын жасасуды ұйымдастыруды, мемлекеттік дерекқорлармен өзара іс-қимыл жасауды, талдау мен есептеулер жүргізу үшін қажетті статистиканы жинақтауды және басқа да функцияларды қамтамасыз етеді.

«Бірыңғай сақтандыру дерекқорында 2008 жылдан бастап міндетті автосақтандыру бойынша, 2015 жылдан бастап сақтандырудың өзге де міндетті сыныптары бойынша (қызметкерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруды қоспағанда) статистика қалыптастырылады, 2022 жылдың басынан бері дерекқор сақтандырудың ерікті сыныптары бойынша да деректермен толықтырылады. Сақтандырудың бүкіл циклін цифрландыру үшін сақтандыру шарттары бойынша ғана емес, сонымен қатар сақтандыру оқиғалары бойынша да толық статистика қажет екенін түсіну керек» дейді агенттік өкілі.

Саланы цифрландырудың үдемелі өсуін ескере отырып, Бірыңғай сақтандыру дерекқорының функционалын тұрақты жаңғырту және дамыту қажет. Бірыңғай сақтандыру дерекқорын дамыту бағыттары Insurtech (Insurance Technologies), RegTech (Regulatory Technology), SupTech (Supervisory Technology) іс-шараларына бағытталған. Мысалы, Insurtech бағытындағы жаңғырту сақтандырушыларға электрондық алаңдарды, жаңа онлайн сервистерді құру, шығындарды азайту, сондай-ақ сақтандыру саласындағы алаяқтықтың алдын алу үшін жаңа технологияларды қолдануға мүмкіндік береді.

Бәсекелестіктің тиімді құралы ретінде цифрландыру деңгейін арттыру ұсынылатын сақтандыру өнімдері мен қызметтерінің сапасын одан әрі жақсартуға ықпал етпек. Жаңа технологиялық шешімдер – халық пен бизнес үшін сақтандыру қызметтерінің қаржылық және географиялық қолжетімділігін арттыру үшін негізгі драйвер.