Ресурстар

АЭС Қазақстанға не үшін керек? Мамандар қайда оқытылады?

Салатын орын ретінде екі аймақ таңдалып отыр

Бұған дейін АЭС салу мәселесін бірнеше рет көтерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында бұл тақырыпға тағы айналып соқты. Және атом энергетикасын қолға алмасақ бүкіл экономикадан айырылып қалу қаупі туады деп ескертті.

«Жауапты тұлғалардың неліктен АЭС құрылысына келгенде жауап беруден дипломатиялық түрде жалтарып кететінін түсінбеймін. Экономикалық шындықтан алшақ популистердің жетегіне еруге болмайды. Үкімет атом энергетикасының маңыздылығы туралы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қолға алуы керек» деген еді Мемлекет басшысы.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов та Қазақстанда АЭС салуды перспективалы шешім деп санайды.

«Электр энергиясының тапшылығын, көмір генерациясына тәуелділікті төмендетуді, сондай-ақ өндіріс қуаттылығының тозғанын, елдің атом энергетикасына қатысты потенциалын ескере отырып Қазақстанда АЭС салу – аса қажетті шешім деп ойлаймыз. Атом энергетикасын дамыту үшін Қазақстанда барлық артықшылық бар. Республика табиғи уран қоры жөнінен әлемде бірінші орында тұр».

Болат Ақшолақов

Оның айтуынша, қазір елімізде атом өнеркәсібі саласында 24 мыңға жуық адам еңбек етеді. Ал ел жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бері «ядролық және техникалық физика» бағыты бойынша 3 мыңдай маман даярланған. Жақында Қазақстан мен Ресей президенттері кездесіп, Ресейдің алдыңғы қатарлы университеттерінде осы сала бойынша маман даярлау мәселесі қарастырылған еді.

Осы саладағы белгілі эксперт Жақып Хайрушев елде АЭС құрылысын салуды қолдайды.

«Өзіміз білетіндей атом энергетикасы көмірсутегін қажет етпейді, демек атмосфераға шығатын көмір қышқыл газы да азаяды. Өз кезегінде оның аз шығуы климаттың жаһандық жылыну процесіне де аз әсерін тигізеді. Қазақстанның өзін көміртекті бейтарап ел деп жариялағанын және бұл белгілі бір міндеттемелерді жүктейтінін есте ұстаған жөн. Қазақстан бұған дейін де атом энергетикасымен айналысты және өзінің де шикізаты бар. 1973 жылы Ақтауда жедел нейтрондағы әлемдегі алғашқы тәжірибелік-өнеркәсіптік реактор – БН-350 энергетикалық реакторы пайдалануға берілді. Ұлттық ядролық орталық құрылды, ядролық технологиялар паркі де дамып жатыр. Атомдың бақылау комитеті де бар».

Жақып Хайрушев

Оның сөзінше, құрылыс барысында «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер болмас үшін арнайы комиссия құрылуы тиіс.

Министрдің мәліметіне сүйенсек, электр энергиясын тұтыну 2035 жылға қарай 152,9 млрд. КВт*сағ дейін өседі.

«2021-2035 кезеңінде электр энергиясын тұтынудың орташа жылдық өсуі 2,7 пайызға артады. Экономика мен халықтың қажеттілігін жабу үшін 2035 жылға қарай 17,5 ГВт жаңа генерация қажет болады».

Саясаттанушы әрі эколог Марат Шибұтов та елде АЭС салынуын құптайды.

«Электр энергиясының тапшылығы қатты сезілуде. Жақын бірнеше жылда біз Ресейден 1000-2000 МВТ сатып алатын боламыз және бұл тек алдын ала есептеу ғана. Сонымен қатар бізде жоспарлы тапшылық та бар. Ол бойынша тапшылық 2030 жылға таман 2000-2700 МВт-қа жетуі мүмкін. Әрі құрылғылар да тозған, апат жиі болады. Үшіншіден, бізге көмірмен жұмыс істейтін станция тұрғызу қиынға соғады. Өйткені Глазгодағы климат саммитінен кейін бізге ол бағыт бойынша несие бермейді. Оған қоса газ қымбаттап жатыр. Баламалы энергия көздері тым қымбат. Оның үстіне бізде парниктік газдар шығарылымын төмендету бойынша міндеттеме де бар».

Марат Шибұтов

Оның айтуынша, және бізде АЭС-ы бар елдерде жоқ керемет басымдықтар бар.

«Біріншіден, елде 4 жұмыс істеп тұрған және 1 жұмысы тоқтаған ғылыми-зерттеу реакторлары бар. Оның бәрінде өзіміздің азаматтар жұмыс істейді. Мамандар дайындауға негіз бар. Пайдалану мерзімі 60 жылға дейін болғанына қарамастан бірде бір нысанда апат болмаған. Екіншіден, әлемдік уран өндірісінің 42 пайызы бізге тиесілі. Үшіншіден, жанармай бағасы айтарлықтай төмендейді».

Қазір Қазақстанда 214 электр станциясы электр энергиясын өндіріп тұр. Электр станцияларының қолда бар қуаты – 20,1 ГВт. Бұл туралы Болат Ақшолақов мәлімдеді.

«11 ақпандағы жағдай бойынша жұмыс қуаты шамамен 15 ГВт құрайды, қолда бар және жұмыс қуаты арасындағы айырмашылық елдің моральдық тұрғыдан ескірген энергия көздеріндегі жоспарлы және авариялық жөндеу жұмыстарына және теңгерімге ЖЭК объектілерінің қатыспауына байланысты. 2021 жылы электр энергиясын тұтынудың күрт өсуі байқалды және ол 113,89 млрд кВтсағ құрады, бұл 2020 жылдың көрсеткіштерінен 6,1 пайызға жоғары. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд кВт сағ немесе 2020 жылдың көлеміне 105,89 пайызды құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өндіру құрылымындағы отын түрлері бойынша генерациялайтын көздердің үлесі мынадай: көмірде – 69 пайыз; газбен – 20 пайыз; гидроэлектр станциялары (шағын ГЭС-сіз) – 7,4 пайыз; ЖЭК (КЭС, ЖЭС, шағын ГЭС, БГҚ) – 3,6 пайыз».

Болат Ақшолақов

Ведомство басшысы 2021 жылға дейін жүргізілген статистикалық талдауға сәйкес елімізде электр энергиясын тұтыну жылына орта есеппен 2 пайызға өскенін, ал 2021 жылы тұтыну өсімі өткен жылдың ұқсас кезеңіне қарағанда 6,1 пайызға артқанын атап өтті. Бұл ретте Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағында бұл көрсеткіш 12 пайызды құрайды.

Министрліктің хабарлауынша, АЭС салынуы мүмкін орын ретінде екі аймақ қарастырылып отыр. Оның бірі – Алматы облысындағы Үлкен елдімекені болса, екіншісі – Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы. Екі локацияның да сейсмотұрақтылығы бірдей.