Министр 2022 жылы ел экономикасы қалай құбылатынын айтты. Президент берген тапсырманың 44-і шешімін тапқан

Жарияланды
2025 жылға қарай инфляцияны 3-4% деңгейге дейін төмендету көзделіп отыр

Үкімет Президент тапсырмасын орындауға байланысты іргелі қадамдарға кіріскен сыңайлы. Дәл қазіргі басты міндет – елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жағдайды тұрақтандыру болып отыр. Қазірге дейін Мемлекет басшысы міндеттеген жедел және жүйелі сипаттағы 140 тапсырманың 44-і орындалған. 32 тапсырма аяқталу сатысында.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев:

• Халықтың әл-ауқаты мен табысын арттыру;
• Теңсіздікті азайту және жұмыс орындарын ашу;
• Инвестициялар тарту;
• Шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде нақты міндеттер қойған еді.

  • Осы міндеттер аясында Ұлттық экономика министрлігіне 5 тапсырма бекітілген:
  • Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу;
  • Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлеу;
  • Шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға бағыттай отырып «Атамекен» ҰКП-ны реформалау;
  • «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігіне талдау жүргізу;
  • Майнингке салықты бірнеше есе арттыру.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу жөніндегі тапсырманы орындау шеңберінде еңбек нарығына, өмір сүру деңгейі мен кедейлік көрсеткіштеріне, халықтың кірістері мен шығыстарының құрылымына талдау жүргізілді. Талдау нәтижелері бойынша халықтың әл-ауқатын жақсартуға кедергі келтіретін негізгі себептер анықталған. Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, анықталған мәселелерді жою мақсатында бағдарлама 4 бағыт бойынша кешенді шараларды іске асыруға бағытталмақ:

  • Халықтың еңбек қызметінен түсетін табыстарын арттыру;
  • Кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыстарды арттыру;
  • Жоғары өнімді жұмыс орындарын құру;
  • Жұмыс күшінің дағдыларын арттыру.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасын әзірлеу шеңберінде әртүрлі делдалдар мен монополиялық операторлардың комиссиялары мен тарифтерін төлеу бойынша халықтың қосымша шығыстарын қысқарту жөніндегі шаралар пысықталуда. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінгі күні Үкімет кірме жолдарды ұсыну қызметтері бойынша тарифтерді төмендетуде жедел шаралар қабылдады. Осылайша, кірме жолдардың ірі теңгерім ұстаушысы болып табылатын «Көліктік сервис орталығы» АҚ үшін тарифтер 92%-ға төмендеді. Сондай-ақ, Павлодар облысында кірме жолдарды ұсыну қызметтерін көрсететін «Arman Kala Limited» ЖШС үшін тарифтер 93%-ға төмендеген дейді министр.

«Көрсетілген шара «Богатырь көмір» ЖШС өндіретін көмірдің құнына жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап еліміздің бірқатар өңірлерінде кірме жолдарды ұсыну қызметтерін жүзеге асыратын 21 субъектіге тарифтер орта есеппен 80%-ға төмендеді. Бұл шара энергетикалық көмір құнына және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасына теріс әсерді болдырмауға мүмкіндік береді».

Бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2022-2024 жылдарға арналған Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін әзірлеген. Ол өнім өндіру көлемін ұлғайтуға, сақтау мен логистикаға, бөлшек саудаға, баға белгілеуді бақылауға, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеуге бағытталған жедел және орта мерзімді сипаттағы 61 іс-шарадан тұрады.

Инфляцияны бақылау және төмендету бойынша шаралар кешенін іске асырудың мақсаты – инфляцияны 2022 жылы 4-6% дәлізінде ұстап тұру және оны 2025 жылға қарай 3-4% деңгейге дейін төмендету. Шаралар кешені «Өнім өндіру көлемін ұлғайту», «Тауарларды сақтау және логистика», «Тауарлардың бөлшек саудасы», «Баға белгілеуді бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу» бағыттары бойынша іс-шараларды қамтиды. Қуантыров атап өткендей, бұл іс-шаралар Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспарын қабылдауды, тұрақтандыру қорларының жүктемесін қамтамасыз етуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өткізушілер үшін жалдау ақысын төмендетуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай, көмір, электр энергиясы, дәрілік препараттар бағаларының өсуін тежеуді қамтиды.

Жүйелі шаралар шеңберінде жанар-жағармай нарығындағы өнімсіз делдалдардың санын азайту жоспарлануда. Халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында оларды коммуналдық төлемдерді төлеу кезінде жеке топқа бөлу практикасы енгізілетін болады.

«Мемлекет басшысының «Атамекен» ҰКП қызметін реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде палата қызметіне функционалдық талдау жүргізу жоспарлануда. Осы жұмыстың қорытындысы бойынша ұлттық палата қызметі шағын және орта бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға қайта бағдарланатын болады. Ол үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы қызметі мәселелері бойынша заңнамаға тиісті түзетулер әзірленетін болады. Бұл күшті және бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті қалыптастыруда қосымша институционалдық құралға айналады».

«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының тиімділігін талдау бойынша алдын ала бағалау жүргізіліпті. Ол 2020 жылы Бағдарлама қатысушыларын қолдауға бағытталған 1 теңге субсидия 40 теңге өнім шығаруға және 3 теңге салық төлеуге ықпал еткенін көрсетті. Бағдарламаны іске асырудың екі жылында 1,4 трлн теңге сомасына өнім шығарылды және 136 млрд теңге сомасына салық төленді. 2019 жылдан 2021 жылға дейінгі кезеңде 54 мың жұмыс орны құрылды және сақталды.

«2021 жылға толық талдау төленген салықтар мен өнім шығару және бағдарлама қатысушыларының айналымы бойынша деректер алынғаннан кейін, 2022 жылдың шілдесіне қарай жүргізіледі. Бағдарламаға өзгерістер енгізу бойынша нақты шешімдер осы жұмыстың нәтижелері бойынша ұсынылатын болады. Сонымен қатар майнингке салықты бірнеше есе ұлғайту жөніндегі тапсырманы орындау бойынша министрлік тиісті тәсілдерді пысықтауда. Бүгінгі таңда шамамен 640 МВт электр қуатын ресми тіркелген майнингтік компаниялар тұтынады. «Көлеңкелі» майнингті тұтыну ресми тіркеуді талап етеді. Бұл ретте, майнингтік компаниялар электр энергиясын тікелей энергия өндіруші ұйымдардан немесе реттелмейтін энергиямен жабдықтаушы ұйымдардан тұтынады. Мұның басты себебі – тарифтің тартымдылығы».

Осыған байланысты, министрлік тұтынушылардың басқа топтарына қарағанда, олар үшін неғұрлым жоғары тарифтер белгілеу мақсатында энергия өндіруші ұйымдар тұтынушыларының жеке тобын бөлу мәселесін қарауды ұсынады.

Сондай-ақ оқыңыз