Бір жыл ішінде қазақстандықтар QR кодпен 2,8 млрд теңгеден астам сомаға төлем жасаған
Өткен жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Kaspi және Halyq Bank-пен бірлесіп, ХҚО-ларда мемлекеттік бажды QR көмегімен төлеу сервисін енгізді. Бір жыл ішінде қазақстандықтар QR кодты 700 мыңнан астам рет сұратып, 2,8 млрд теңгеден астам сомаға төлем жасаған.
Мемлекет басшысы 2021 жылғы қыркүйектегі жолдауында мемлекеттік қызметтерді алу кезіндегі проблемаларға назар аударып, бұл процестерді толығымен цифрландыруды тапсырған болатын. QR код арқылы төлем жасау сияқты сервистер азаматтардың мемлекеттік қызметтерді алу ретін жеңілдетуге көмектеседі.
Қазір QR кодтың көмегімен 146 түрлі мемлекеттік қызметтің ақысын төлеуге болады. Болашақта бұл тізім толықтырылатын болады.
«Сервис енгізілген сәттен бастап бөлімдердегі кассалар жүктемесі төмендеді. Клиенттер уақытын үнемдеп, оператордың алдында отырып-ақ қызмет ақысын төлейді, әрі QR код арқылы төлем жасалғанда комиссия алынбайды», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова.
QR төлемді белсенді қолданғандардың ішінде Алматы қаласының (72 052) тұрғындары көш бастап тұр, екінші орында қарағандылықтар (63 278), одан кейін тізімде астаналық тұрғындар (54 354).
QR кодтың көмегімен мемлекеттік қызметтердің баж алымын ең аз төлегендер Атырау (23 080) мен Солтүстік Қазақстан облысындағылар (23 449).