Қоғамда жалпы кәсіпкерлікке жақсы көңіл бөлініп жатыр. Соның ішінде ерекше қолдауды қажет етіп тұрған сегмент – әлеуметтік кәсіпкерлік саласы. Өйткені бұл жерде бірінші орында пайда табудан бұрын әлеуметтік саланы дамыту, түрлі әлеуметтік топты жұмыспен қамту мәелесі тұрады.
Бейресми ақпарат бойынша қазір елімізде 250-дей әлеуметтік кәсіпорын бар. Бірақ бәрі бірдей өсіп-өркендеп, қанатын кеңге жайып жатыр деуге келмейді. Біріншіден, бұл салаға қоғамдық серпіліс қажет болса, екіншіден мемлекеттің қаржылай қолдау білдіруі де аса маңызды.
Сарапшылардың айтуынша, бұл сала көршілес Ресейде жақсы дамыған. Онда әлеуметтік кәсіпкерлерге түрлі жеңілдетілген несие беріледі, әкімшілік барьерлер де жойылған. Ал батыс елдерінде әлеуметтік кәсіпкерліктің дамып кеткеніне жарты ғасырға жуықтап қалды. Бізде мұндай түсініктің пайда болғанына 5-6 жыл ғана болды.
Ұлттық экономика министрлігінің өкілі Ерік Жамбыловтың хабарлауынша, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі тоқсан сайын жаңартылып отырады.
«Қазіргі кезде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ресстрінде екі кәсіпкер ғана тіркелген, бірақ жыл ішінде толықтыру бөлігінде тізілім құрамын қайта қарау көзделген. Өңірлік комиссиялар тоқсан сайын тізімді толтыру бойынша жұмыс жүргізетін болады. ҰЭМ өңірлік комиссия ұсынысы бойынша тиісті субъектілерді осы тізімге енгізеді. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектісінің тізіліміне енгізу нені білдіреді? Оған қолданыстағы заңнамада көзделген мемлекеттік қолдауды алу мүмкіндігі беріледі. Әлеуметтік кәсіпкерліктің өзіне қосымша қаражат қарастырылмайтынын атап өткім келеді. Бұл қаражат қолданыстағы тетіктер шеңберінде бизнесті қолдау бойынша қолданыстағы құралдар ретінде салынды».
Ерік Жамбылов
ҰЭМ өкілінің сөзінше, өзге елдерде әлеуметтік кәсіпкерлік әлеуметтік мәселелерді шешудің ең тиімді тәсіліне айналған.
«Халықаралық тәжірибеде әлеуметтік кәсіпкерлік кәсіпорын иелерінің табысын арттыру тәсілі ретінде емес, белгілі бір әлеуметтік мәселелерді шешу және қоғамға пайда әкелу мақсатында қызметтер көрсету және тауарлар өндіру деп түсіндіріледі. Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл мүмкіндігі шектеулі адамдар іске қосқан бизнес немесе кәсіпкердің ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен оған мұқтаж халыққа жұмыс орындарын тікелей қамтамасыз етуі».
Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері тізіліміне енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің әлеуметтік осал санаттардағы жұмыскерлерді:
• кәсіп игеру;
• кәсіптік даярлау;
• қайта даярлау;
• біліктілігін арттыру
бойынша оқытуға жұмсалған шығын мөлшерінде, бірақ салық кезеңі үшін бір жұмыскерге АЕК-тің 120 еселенген мөлшерінен аспайтын салық салынатын кірісті азайтуға құқығы бар.
Мұндай жеңілдіктер әлеуметтік кәсіпкерлік туралы жаңа заңда көзделген.
«Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдауға арналған бірқатар ынталандыру шаралары бар. Мысалы, ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер саны 51 пайызды құрайтын ұйымдар корпоративтік табыс салығынан, әлеуметтік және жер салықтарынан босатылады, мүлік салығын есептеу кезінде жеңілдіктер жасалады».
Сондай-ақ Эрик Жамбылов Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерлерге қандай жеңілдіктер ұсынылатынын да атап өтті. 2021 жылы маусым айында елімізде «әлеуметтік кәсіпкерлік туралы» заң қабылданды. Аталған заңда әлеуметтік кәсіпкерлік саласына мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі жазылған. Заң биыл 1 қаңтардан бастап күшіне енді.
- Мемлекет ұсынатын жеңілдіктер:
- Салық кодексіне сәйкес салық жеңілдіктері;
- Қаржылық қолдау;
- Сыйақы ставкасын субсидиялау;
- Нысан арендасын төлеу;
- Мемлекеттік мүлікті өтеусіз жеңілдікті шарттармен жалға беру;
- Ақпараттық, консультациялық және методикалық қолдау;
- Акселерация орталықтарын дамыту;
- Өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесу;
- Мемлекеттік гранттар ұсыну.
Заң бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік саласында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды, зейнет жасындағы кісілерді, бостандығынан айыру орындарынан босаған адамдарды жұмысқа тарту көзделген.