Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құрамыз дегелі бері қоғамда өзгерістер лебі айқын сезіле бастады. Сарапшылар сан алуан болжам айтады. Оның бірі дәл келер, бірі бәлкім қиыс кетер, қалай болғанда да елдің жаңа дәуірінің басталғанын ешкім де жоққа шығара алмайды.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Мадияр Қожахметтің айтуынша, қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтық қоғам мен мемлекет арасындағы жаңа қоғамдық келісім-шарт мәселесі және азаматтық қоғаммен бірге қарым-қатынас байланыстарын қайта қарастыру жөніндегі көптеген талқылаулар жүріп жатыр.
«Осыдан 2 жыл бұрын бейбіт шерулерге байланысты арнайы қабылданған заңдар және басқа да шаралардың іске асырылып жатқаны белгілі. Дегенмен, бұл жұмыстардың қажетті деңгейде, нәтижелі еместігіне бір ай бұрынғы оқиғалар дәлел болды. Сондықтан осы саланы ары қарай дамыту мәселесі өзекті».
Мадияр Қожахмет
Оның айтуынша, бір айда ел азаматтарынан Президент атына мыңдаған хат келіп түскен. Оның барлығын министрліктер жинақтап, қарастырып жатыр. Ішінде құнды, пайдалы және қоғамға қажетті ұсыныстар бар дейді Мадияр Қожахмет.
«Мемлекет басшысы наурыз айында екі маңызды оқиға: Nur Otan партиясының кезектен тыс съезі, сондай-ақ Қазақстан халқына Жолдауы болатынын жариялады. Ол азаматтық қоғамның өзара іс-қимылының өзгеруінің негізгі форматтарын айтуға уәде берді, менің ойымша, сараптамалық кездесудің бүгінгі ұсыныстары да оның сөзінің негізін құрайды. Менің ойымша, сұранысқа ие болатын ұтымды шешімдер мен қажетті дүниелер айтылады және іске асырылады. Ешқандай күмән жоқ. Президент өз сөзінде тұрады».
Экономист Рахым Ошақбаевтың сөзінше, елге көмектесе алатын бірден-бір экономикалық рецепт – мерзімінен бұрын мәжіліс, мәслихат сайлауын өткізу, партиялық алаңды ырықтандыру.
«Шын мәнінде, кез келген экономикалық реформаның көкжиегі ауқымды болады және орындалу кезектілігін талап етеді. Ол үшін заңдылық қажет, таңдау заңдылығы, ол үшін саяси қайта жүктелу қажет. Бұл тезисті біз көп жылдан бері айтып келеміз және қазір қандай да бір маңызды экономикалық реформаны немесе жоспарды іске асыру мүмкін еместігін көріп отырмыз. Қазақстандағы басты дерт – «көкжиектің қысқа болуы», былайша айтқанда шорт-термизм. Оларды ұзақ уақыт іске асыру мүмкін емес, өйткені біздің қазіргі саяси шеңберіміз мүмкіндік бермейді, сонымен қатар, қаңтарда барлық жерде дерлік жаппай наразылық болды.Біз әлі күнге дейін экономикадағы нақты жағдайды білмейміз. Экономикалық жағдайды бағалауға болатын негізгі индикаторлар – жұмыссыздық, инфляция, халықтың нақты табысы, экономикалық өсу. Бұл көрсеткіштердің барлығы өте бұрмаланған деп ойлаймын. Статистика бойынша жұмыссыздық – 4-5%, инфляция – 7,5-8%. Бұл шынайылыққа сай келмейтін цифрлар».
Рахым Ошақбаев
Ошақбаев тағы бір үлкен мәселе ретінде халықтың жаппай банктерге қарыздануын айтады.
«Біз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» элементтерін қоғамдық институттар түрінде транзиттік, аралық деп аталатын институттарды дамыту жолымен ұзақ уақыт бойы құруға тырыстық, омбудсмен институттары пайда болды, ҰКП сайлау арқылы өзінің өңірлік кәсіпкерлер палаталарын құруға тиіс болды. Біз бұл демократияның «бастамасы» болуы керек деп ойладық, онда саяси қатысуға деген сұраныс, өкілдік жүзеге асырылуы керек еді. Бірақ сәтсіздікке ұшырадық, кешігіп қалдық, бұл енді жеткіліксіз».
Президенттік Жастар кадрлық резервінің мүшесі, «Жастар» ҒЗО директорының орынбасары Элина Паулидің айтуынша, Жаңа Қазақстанды құру – мемлекеттік аппараттың толық жаңаруы немесе ел экономикасының қайта түрленуі ғана емес, бұл бірінші кезекте қоғамдық трансформация.
«Жаңа Қазақстан дегеніміз – қоғамдық институттар мен үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғам құрудағы батыл бастамаларының жүзеге асуы, әлеуметтік қордаланған мәселелерді ақылмен шешіп, ел әл-ауқатының едәуір жоғарылауы, зияткер жастардың тың ойларының қолдау тауып, елдегі жаңа технологиялық үрдістің ілгерілеуі. Қазақстан халқы 19 млн-ға жеткен. Оның ішінде 3,7 млн астамын 14-28 жас аралығындағы жастар құрап отыр. Жастардың белсенділік мәні мен деңгейін анықтайтын, ынталандыру мен мотивация берудің маңызды элементтерінің бірі олардың құндылықтары мен мүдделері. Осылайша экономикалық мінез-құлық пен қоғамдық саяси позиция қалыптасқан құндылықтар әсерінен пайда болады».
Элина Паули
Оның пікірінше, Жаңа Қазақстан зияткер ұрпақ, білімді жас ізденімпаз және жасампаз азамат деген түсінікке сай болуы тиіс.