Балаңыздың смартфонына дұрыс бақылау орнату жолдары
«Балаға телефон керек емес» деген ұстаным бір қарағанда дұрыс секілді. Дегенмен пандемия кезінде немесе қыстың қақаған суығанда оқушылар көбіне онлайн оқып жүр. Соған байланысты бүгінде отбасы мүшелерінің бас-басына бір смартфон керек. Иә, батырмалы қарапайым «кірпіш» емес, интернетке кіретін, түсті смартфон қажет. Мұндай мұқтаждық болған жерде ата-ана өз тарапынан бақылауға алуды да ойланғаны жөн. Өйткені бүгінде зиян контенттен көз сүрінеді. Балаңыз бәлеге ұшырап қалмасын десеңіз, телефонын тексеріп тұрумен қатар, бірқатар баптауларды қосып қойыңыз. Ол қандай баптаулар десеңіз, бүгінгі материалымызда тарқатамыз.
Кіріспе: жалпы қағидалар
Common Sense халықаралық ұйымының зерттеуіне сүйенсек, ата-аналар әдетте балаларына телефонды 6-8 жастан бастап береді екен. Одан қала берді NetMums жүргізген зерттеуде балалардың басым бөлігі интернетті үш жасынан бастап қолдана бастайды деседі. Демек бұл ретте ата-ана тарапынан бақылау қажет деген сөз. Бірақ бір ескеретін жайт, ата-ана бақылауы функциясын қосқан соң, балаңыздың смартфон қарап отырған уақытының жартысы не тіпті толықтай 99 пайызы ойын ойнаумен өтетінін байқауыңыз мүмкін. Әлбетте, балаларға ойын қызық-ақ. Осы ретте баланы түгелдей тыйып тастамай, бірақ қатты жұмсақ болып, бірнеше сағат бойы тапжылмай ойнап отыруына да жол бермей алтын аралығын табу маңызды.
Егер балаңыз телефонға үңіліп алатын болса, бұл жерде ұрсумен мәселе шешілмейді. Сол сияқты зиянды контент қарап отырған жерінен ұстап алсаңыз да солай. Бұл жерде кешенді шарала жасау керек. Оның ең алғашқы қадамы ретінде ақпаратты фильтрден өткізу, іздеу, талдау сынды қабілеттерді бойына сіңіруден бастаған дұрыс. Неғұрлым ертерек бастасаңыз, соғұрлым миына «құйып» алуы жеңілдейді. Себебі сіздің диджитал сауатқа қатысты сабақтарыңызды өтпей тұрып балаңыз әлеуметтік желіге тіркеліп алса, онда біраз шашыңыз ағаруы мүмкін.
Сонымен қатар, психологтардың айтатын бір маңызды кеңесі — балаңыздың мессенджерлердегі біреумен сөйлескен хатын оқымаңыз. Әрине, кіммен сөйлесетінін білуім керек деп ойлайсыз. Бірақ бұл екеуара сенімге селкеу түсіреді, реніш тууына себеп болады. Жалпы алғанда балаға ес кіріп, оң-солын ажырата бастаған сайын көбірек еркіндік берген жөн. Ал оған дейін тиісті тәрбие берсеңіз, ол еркіндіктің кері әсері болмауға тиіс.
Ата-ана бақылауы функциясын қалай қолдану керек?
Баласына алаң болған ата-аналар үшін Android та, iOS та ата-аналар бақылауын әзірлеген. Алдымен ол не екеніне тоқталайық. Ата-аналар бақылауы — кәмелетке толмаған балалардың жасына сай емес контентті көруін шектейтін бағдарламалық жасақтама. Яғни оны қосып қойсаңыз, балаңызға порнография, ішімдік не өзге де зиян дүниелердің жарнамасы шықпайды. Жасақтама өздігімен бұғаттап тұрады. Сонымен бірге бұдан басқа да қажет және қажет емес сайттар тізімін әр ата-ана өзі жасап қоя алады. Ақ сайттар — рұқсат етілген, қара сайттар — тыйым салынған. Мұны баптауларға кіріп, өзіңіз жасайсыз.
Келесі функция — уақыт шектеуі. Айталық, балаңызға смартфонды ұзақ қолдануға болмайтындай етіп қоя аласыз. Яғни бір тәулікке арналған шек қойылады. Егер күндіз лимитті тауысып тастаса, одан кейін кіргісі келген сайттар бұғатталып қалады. Болмаса, түнгі 21:00-де ұйықтауы қажет болса, смартфонынан сол уақыттан кейін белгілі бір бағдарламалар не интернетті қосылмайтын қылып қоюға болады. Бұл үй ішінде тәртіптің сақталуына да жақсы әсер етеді.
Қолданбаларды бұғаттау. Балаңыз белгілі бір мобайл қолданбаны қолданбасын десеңіз, оны да реттей аласыз. Мейлі лимиті бітпесе де, смартфон ұстайтын уақыты бітпесе де, кей аппликейшндерге бұғат қоя аласыз.
Геолокацияны қарау. Бұл бүгінгі таңда өте керек функция. Мысалы мектепке барды ма, келе жатыр ма, қай жерден өтіп бара жатыр — бәрін біліп отырасыз.
iOS пен Android-тағы баптаулар
Ең алдымен кез келген телефонды қолдана бастағанда қолданушы аккаунтын ашасыз. Яғни Apple ID болмаса Google аккаунтын тіркейсіз. Есіңізде болсын, 13 жасқа дейінгі балалар үшін тіркеуді ата-анасы жасап беруі керек. Егер жаңа телефон болса, бірден баптауын қоса жасайсыз. Ал ескі телефон болса, жүйелік баптаулардағы өзіңіздің есептік жазбаңыздан шығып, жаңасын қосасыз.
Android баптауы: «Баптаулар» → «Қалпына келтіру не тазалау» → «Баптауларды тазалау» → «Бәрін тазарту». Бұдан кейін баптаулар ішінен «Жаңа аккаунт ашу» деп, баланың аты-жөнін, жынысын, жасын, электронды поштасы мен құпиясөзін енгізесіз. Осыдан соң өзіңіздің Google аккаунтыңызға кіріп, балаңыз екенін растауыңыз қажет. Содан соң жаңа аккаунттан қосфакторлы аутентификацияны қосып, резервтік телефон ретінде өзіңіздікін көрсетесіз.
iOS үшін: «Баптаулар» → «Негізгі» → «Тазарту» → «Контент пен баптауларды тазарту». Apple смартфондарында балалардың Apple ID-і ата-ананың аккаунтындағы «Отбасылық рұқсат» функциясы арқылы қосылады. Ол үшін «Баптаулар» → «Apple ID» → «Отбасылық рұқсат» → «Отбасы мүшесін қосу» → «Балаға есептік жазба ашу». Осыдан соң балаңыздың деректерін енгізесіз. Егер «Отбасылық рұқсат» функциясы істемей тұрса, дмек қосылмай тұр деген сөз. Соны қосуды ұмытпаңыз.
Экранды бұғаттап, құпиясөз қойып қойыңыз. Ашып жүруге ерінемін десеңіз де, смартфонда жеке мәлімет жетерлік. Сондықтан өз телефоныңызға да, балаңызға да құпиясөз қойып қойған дұрыс. Ол код, сурет түрінде, болмаса саусақ ізі мен бет-әлпетті тану арқылы ашылатын болуы мүмкін. Ол енді әр смартфонның функциясы мен сіздің таңдауыңызға байланысты.
Қосфакторлы авторизацияны қосыңыз. Бұл дегеніміз есептік жазбаға біреу кірмекші болғанда, бөгде адам болса аша алмайтын функция. Яғни сіз бір нөмірді бекітіп, сенімді деп қоясыз. Сөйтіп баланың есептік жазбасына кіретін кезде құпиясөзден бөлек, әлгі нөмірге келген кодты да сұрайды. Бұл өте қажет.
Отбасылық қолданыс. Кейде бір контентті сатып алып, оны бірнеше құрылғада қосуға болады. Айталық, IVI немесе Netflix аккаунтары дегендей. Сол үшін отбасы боп қолдана алу үшін бөлісуге болады. Яғни бала қарау үшін сізден рұқсат сұрайды, ал сіз уақытта шектеп қоя аласыз. Сонымен бірге отбасылық қолданыс қосылса, қай жерде жүргенін қарап отыруға болады.
Телефонға қолданба орнатқысы келсе, сізден сұрайтындай етіп қойыңыз. Қазір неше түрлі мобайл қолданба бар. Оның ішінде зияны қаншама. Міне, сондайда өзіңіз фильтр жасап отыру үшін сұраныс жіберетін функцияны қосып қойған жөн. Сондай-ақ, балалар кейде ақылы қолданбаларды сатып алып жатады. Егер карта байлаулы тұрса, ақшаңызды суырып алады. Тіпті тегінін жүктейін десе де, алдымен сіздің рұқсатыңыз сұралатын болады. Ол үшін Android-та Family Link қолданбасынан баланың профайлын ашып, «Баптаулар» → «Google Play-дегі әрекеттер» → «Қай кезде рұқсат алу керек» дегенге кіріп, өзіңізге лайықтап ала аласыз. iOS-та «Баптаулар» → Apple ID → «Отбасылық рұқсат» → «Сатып аларда сұрау» деп басып, бала профайлынан тумблерді қосу керек.
Контентіне шектеу қойыңыз. Азаптау фактілері, сексуал сипаттағы бейәдеп контенттерді көрмеу үшін бұл функция өте керек. Android: Family Link-тің баптауларынан баланың профайлына өтіп, «Google Play-дегі әрекеттер» бөлімінен ойындар, қолданбалар, фильмдер, музыка және өзге де контенттерді қалауыңызға қарай фильтрлеңіз. «Google Chrome фильтрлері» деген жерден «Ересектерге арналған сайттарды бұғаттау» опциясын таңдаңыз. «Google іздеу жүйесінің фильтрлеріне» кіріп, «Қауіпсіз іздеуді» қосыңыз.
iOS: Мұнда «экран уақыты» функциясы арқылы реттейсіз. «Баптаулар» → «Экран уақыты» → «Контент және құпиялық» → «Контентке шектеу қою» деп таңдайсыз. Кейін музыка, фильм, қолданбаларға жас ерекшелігі қойылады. Ал ересектерге арналған контентті «Уеб-контент» деген жерден реттеуге болады. Боғауыз сөздерді естіртпес үшін Siri-ді баптау қажет.