28 ақпанға дейін үлгеріңіз. Бизнес-жобалар конкурсында кімдердің бағы жанады?

Жарияланды
Байқау туралы туралы толық ақпарат

«StartUp Bolashaq» республикалық бизнес-жобалар конкурсына өтінімдер қабылдау аяқталуға жақын. Бұл туралы «Болашақ» қауымдастығы мәлімдеді. Байқаудың бас демеушісі Қаныш Төлеушиннің айтуынша, осы кезеңде 4 000 жуық өтінім тіркелген. Әлеуметтік жоба тарихында бұл ең жоғары көрсеткіш. Өтінімдер саны бойынша Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы және Алматы облысы көш бастап тұр.

«Секторлық бөліністе IT-сала мен MarketPlace, білім беру секторы, дизайн, сән бағыттары алда. Қатысушылардың жасына келсек, барлық санаттағы азаматтар деуге болады. Биылдан бастап біз ешқандай шектеулер қоймаймыз, орташа жас – 28. Басты жаңалықтардың бірі – гранттар болмайды, біз финалист бизнес-періштелерге өз жобаларын тікелей таныстыра алатын алаң ұсынамыз, өтініш берушілер мен инвесторлар арасында ашық, жақсы диалог орнайды деп ойлаймыз. Бұл қазіргі кезде болып жатқан нәрсе. Келіссөздер қалай өтетінін, қалай келісілетінін ашып көрсетпекпіз. Менің ойымша, бұл көптеген адамдарға жақсы үлгі болады және барлығы жобаны таныстыруды, есептеуді, айтуды, қорғауды, инвестор тартуды үйренеді. Екінші үлкен жаңалық – бизнес періштелерге ментор болуға мүмкіндік беріледі. Бұл енді бастап отырған кәсіпкер үшін үлкен плюс, өйткені ол ақшаға ғана емес, өмірлік серіктеске де ие болады».

Қаныш Төлеушин

Биыл «StartUp Bolashaq» республикалық бизнес-жобалар байқауын өткізу форматы өзгерген. Егер бұрын конкурс қорытындылары бойынша перспективалы стартаптарға гранттар ұсынылса, бесінші маусымда финалистер Қазақстанның танымал және беделді бизнесмендерінің инвестициялық және сараптамалық қолдауына ие болады.

Бизнес-періштелер қауымдастығына Қаныш Төлеушин, Арманжан Байтасов, Мұрат Әбдірахманов, Қанат Көпбаев, Гаухар Қаппарова, Тимур Турлов, Ерлан Исекешев, Бейбіт Әлібеков, Динара Сәтжан және басқа да танымал тұлғалар кірді. Олар перспективалы бизнес-идеяларды қарауға бірлесіп қатысуға және 100 млн теңгеден басталатын инвестициялары бар шағын және орта бизнес кәсіпкерлерді қолдауға дайын. Бизнес-періштелердің инвестициялық ұсынысы бір жобаға 10 млн теңгеден бастап қаралады.

«Әлеуметтік желілерде таратылған екі мифті сейілткім келеді. «Менің идеямды ұрлап кетуі мүмкін бе? Мұндай тәуекелдер бар ма?» деген сауал жиі қойылады. Шындығында идеялар көп. Жай ғана Google-ды ашсаңыз, мыңдаған идея шығады. Мәселе мұнда ғана емес. Біз идеялар байқауын өткізіп жатқан жоқпыз, бұл дарынды болашақ кәсіпкерді анықтау, оны тәрбиелеу және оған қолдау көрсету жөніндегі байқау. Шын мәнінде, осы идеяларды жүзеге асыра алатын адамды анықтауға бағытталған конкурс. Мәселе, жобаны жүзеге асыратын командада. Екінші миф: «Жобаға инвестиция салатын періштелер менің жобамды алып, өздері жүзеге асыратын шығар?». Біріншіден, бизнес періштелердің тізіміне қарасаңыз, бұл Қазақстанда ғана емес, жаһандық деңгейде жұмыс істеп жүрген табысты адамдар. Олар үшін бұл әлеуметтік жауапкершілік: көмектесу, қолдау, жаңа Қазақстанды құруға үлес қосу. Бұл өте бай, табысты адамдар. Олар таңдауға, ақша беруге, инвестициялауға, тәлімгерлік қолдау көрсетуге ниетті. Оларды қошеметтеп, алғысымызды білдіруіміз керек».

Қаныш Төлеушин

Жобаның бренд амбассадоры Динара Сәтжан идея көп, енді оларды жинақтап, таныстырып, олардың нәтижелі болатынын дәлелдеу өте маңызды дейді.

«Мен бұл іспен өмір бойы айналысып келемін. Керемет идеясы бар, бірақ жабдықтары жоқ, шикізатқа ақшасы жоқ жас дизайнерлер келеді, олар оны қалай жүзеге асыру керегін білмейді. Тек эскиздері ғана бар. Мен дизайнерлерге жиі инвестиция саламын, біз бренд ашамыз, жасаймыз, оны сәтті сатамыз. Фэшн-индустрияны ғана емес, қандай да бір жаңа креативті салаларды да қарастыратынымды айтқым келеді. Видеоконтент жасау да болуы мүмкін. Мен ол адамға инвестор болып, 10 млн теңге беріп қана қоймаймын, оның құрбысына, досына, қарындасына, оған бағыт-бағдар беретін адамға айналамын. Өкінішке орай, біз комиссияға кірмейміз, мен барлық 4 мың өтінімді қуана қарар едім. Себебі олардың арасында маған ұнайтын және болашақта жұмыс істегім келетін адамдар болатынын білемін. Бұл ретте бизнес періштелер – бұл ақшаның қайтып, көбейгенін қалайтын кәсіпкерлер. Сондықтан мен үлкен қуанышпен қатысуға келістім».

Динара Сәтжан

Ол жобаның мемлекеттік емес екенін атап өтті. Кәсіпкерлер үшін бедел маңызды, идеяларды ешкім ұрламайды.

«StartUp Bolashaq» бизнес-жобалар байқауына 50 жастан асқан қазақстандықтардан 5 өтінім келіп түскен. Бұл экология және өңдеу өнеркәсібі саласындағы идеялар. Қаныш Төлеушиннің айтуынша, қатысуға өтінімді жасына қарамастан ісін жаңа бастаған, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер бере алады.

Өтінімдерді қабылдау 28 ақпанда тоқтайды. Жартылай финалға шыққандар наурызда таңдалса, жеңімпаздар тізімі наурыз айының соңында анықталмақ. Оларды бизнесмендер, қоғам қайраткерлері, сарапшылардан тұратын комиссия мүшелері іріктейді. Бұл ретте идея ғана емес, жобаны жүзеге асыратын адам немесе команда да маңызды.

Сондай-ақ оқыңыз