Жеңілдетілген автонесие бағдарламасының шарттары қандай? Жаңа көлікті кімдер алады?

Жарияланды (жаңартылды )
Алғашқы жарна төлеудің керегі жоқ

Биыл Қазақстанда жеңілдетілген автонесие бағдарламасы қайта басталады. Жұртшылық утильалымды төмендетіңдер деп талап қойған кезде, жаны мұрын ұшына келмесе де, біршама терлеп-тепшіген үкіметтің өзінше өгіз өлтірмей, арба сындырмай істемек болған әрекетінің бір ұшқыны, осы – жеңілдетілген автонесие жобасы. Қазақстанда құрастырылған көліктерді несие арқылы сату – елдегі бай-бағландардың бизнесі екенін ел біледі. Білсе де амалсыз іштен тынады дағы.

Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасына 100 млрд теңге бөлінеді.

«Бағдарлама шарты келесідей: жылдық 4 пайыз және алғашқы төлем талап етілмейді. Мерзімі – 7 жылға дейін. Бағдарлама аясында қымбат емес автокөліктер сатылады. Осылайша, 71 мың азамат қолжетімді бағамен жаңа көлік алу мүмкіндігіне ие болады».

Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаевтың сөзінше, рәсімдей алатын несиенің максималды сомасы – 10 млн теңге.

«Егер алғыңыз келетін көлік құны 10 млн теңгеден асса онда өз қалтаңыздан 1-2 млн қосасыз. Өте қымбат автокөліктерге жеңілдетілген автонесие берілмейді. Сонымен қатар желіде автонесие тек белгілі бір моделдер бойынша беріледі деген дерек жүр. Ол шындыққа сәйкес келмейді. Автонесие барлық моделдерге қатысты».

«Astana Motors» бас директоры Бекнұр Несіпбаев жеңілдетілген автонесие бойынша биыл 15-17 мың қазақстандық көлікті болады деген ой айтады.
Жеңілдетілген автокредитті халықтың әлеуметтік осал топтарына ғана беру көзделіп отыр. Заң бойынша әлеуметтік осал топтарға бірнеше санат кіреді:

• Ұлы Отан соғысының ардагерлері;
• ҰОС ардагерлеріне теңестірілген азаматтар;
• Басқа мемлекеттерде жауынгерлік қызмет атқарғандар;
• I-II топтағы мүгедектер;
• Мүгедек балалар тәрбилеп отырған отбасылар;
• Зейнеткерлер;
• Жетім балалар;
• Қандастар;
• Көпбалалы отбасылар;
• Мемлекеттік немесе қоғамдық міндетті атқару кезінде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
• Толық емес отбасылар.

Еске салайық, үкімет бірер күн бұрын утилизациялық алымды 50 пайызға төмендеткен еді.

Қайрат Еламанов,
Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі.

«Утиль алымды 50 пайызға дейін төмендету өте орынды шешім дер едім. Алайда бұл шара отандық автокөлік бағасын реттеуге соншалықты әсер етпейді. Себебі Қазақстанда автокөлік сатуда отандық өндірушілер үлесі – 65 пайыз. Елімізде KIA, Chevrolet, Lada, Hyundai сияқты жеңіл көліктер жасалады. Яғни жоғарыда аталған көліктерге утильалымының айтарлықтай әсері жоқ. Елімізде автокөліктердің бағасы диллер және дистрибьюторларға байланысты. Әрине, бағаны мемлекет белгілемейді, мемлекет жағдай жасайды, мүмкіндік береді. Осы орайда қазір мемлекет отандық көлік өндірушілерге жағдай жасап отыр. Яғни ендігі уақытта отандық өндірушілер утильалымды көліктің бағасына қоспайды. Бүгін Үкіметте айтылған тағы бір маңызды шара – автокөлік алғысы келетіндер үшін бастапқы жарнасыз, жеңілдетілген несие беруді жетілдіре түсу. Бағдарламаға сұраныс бар, сәтті іске асып келеді. Оның нәтижесін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Қазір көлік алу кезегінде 15 мыңдай адам тұр. Меніңше, аталған шара халық пен қоғам үшін өте пайдалы».

Қайрат Еламанов,
Қазақстан автобизнес қауымдастығының өкілі

Эксперт Артур Мискарянның айтуынша, Қазақстанда негізінен төмен баға сегментіндегі автокөліктерге деген сұраныс жоғары. Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы да сол сұранысқа орайластырылмақ.

«Автокөліктерге деген қолжетімділік дилерлер мен өндірушілердің жоспары мен мүмкіндіктеріне байланысты. Әзірге қаржыландыру алгоритмі түсініксіз. Бағаға келер болсақ, бастапқы баға сегментінде соңғы жылда әжептәуір қымбаттау болды. Оның жаһандық та (бүкіләлемдік тапшылық және логистика құнының өсуі), локалдық та (Қазақстандағы ірі автоқұрастыру зауыттарының бірінің жабылуы фонында ұсыныстың қысқаруы) себебі бар. Жалпы, автокөлікке деген сұраныс тұрақты. Алайда 2022 жылы көлік тапшылығы проблемасы шешіле қояды дегенге сенім аз».

Артур Мискарян

Оның айтуынша, халық көлік қымбатшылығына дайын болуы тиіс. Өйткені бұл бүкіләлемдік практика деген уәж айтады.

«Жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасының іске қосылуы сұранысты тек күшейтеді. Өз кезегінде сұраныс бағаға да әсер етеді. Жаңа жылдан бастап көптеген дилер өз бағаларын қайта қарады. Өткен жылмен салыстырғанда 8-10 пайызға қымбаттауды базалық сценарий жағдайында бірінші тоқсанда-ақ байқауға болады».

Сондай-ақ оқыңыз