Геосаяси қысым жағдайында үкімет қандай қадамға барады?

Жарияланды
Геосаяси қысым жағдайында үкімет қандай қадамға барады?

Геосаяси жағдайда шиеленісіп тұрған күрделі кезеңде ел экономикасының басым бағытын дұрыс анықтау, соған орай сәтті стратегия құра білу өте маңызды. Премьер-министр Әлихан Смайылов Үкімет пен Ұлттық банктің Бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға кіріскенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жоспар инфляцияны бақылауда ұстауға, валюта нарығында тұрақтылықты сақтауға, жұмыспен қамтуды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және кәсіпкерлікті дамытуға бағытталып отыр.

Қаржы нарығының тұрақтылығы мен қорғалуын қамтамасыз ету үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе отырып, теңгелік салымдарды қорғау бағдарламасын іске асырады. Теңгелік депозиттерді қорғау аясында депозиттер бойынша сыйлықақы есептеу қарастырылған. Сондай-ақ Үкімет Ұлттық банкпен және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі жаңа шаралар кешенін қабылдады.

«Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша қаржыландыру, оның ішінде субсидиялау мен кредиттерге кепілдік беру ұлғайтылмақ. Бизнеске шамадан көп әкімшілік жүктемені жоя отырып, кемшіліктерге талдау жүргізілді. Басым салаларда мемлекеттік органдардың реттеушілік актілері қайта қаралады. Биыл «Ауыл – ел бесігі», өңірлерді дамытудың кешенді жоспары және басқа да бағдарламалар аясында республикалық бюджеттен өңірлерді дамытуға қосымша қаражат бөлінбек.

Сонымен қатар Үкімет отырысы барысында отандық индустриялық-өнеркәсіптік кешенді қолдау және дамыту мәселесі қозғалды.

«Отандық өнеркәсіпті дамыту үшін экономиканы индустрияландыру және инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы импорттық тауарларды алмастырудың маңызы ерекше. Бұл орайда мемлекеттен қолдау алған кәсіпорындар қызметкерлерінің жалақысын өсіруге міндеттеме алады. Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін субсидиялау жүйесінің жаңа тәсілдері әзірленіп жатыр. Ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға енгізу арқылы ауыл шаруашылығы кооперациялары мен отбасылық шаруашылықтарды дамытуға қосымша жағдай жасалады. «Бірінші кезекте ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге бағытталған жобалар басым түрде мемлекеттік қолдауға ие болады. Биыл осы және басқа да шаралар қабылданады. Оларды іске асыру үшін Үкімет барлық күш-жігерін жұмсайды деп сендіремін. Біздің басты міндетіміз – халқымыздың әл-ауқатын арттыру» деді Смайылов.

2021 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасында кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеу саясатын енгізу мәселелері жөніндегі заңға қол қойғаны белгілі. Заңның қолданылуын қамтамасыз ету үшін қабылдануы қажет құқықтық актілердің тізбесі 164 нормативтік құқықтық актілерді қамтиды. Мемлекеттік бақылаудың жаңа формалары тексерістерден профилактикалық іс-шараларға көшуді қамтитын болады.

Заң аясында тексерістер мен профилактикалық бақылау жүргізу кестелерін дайындауға адамның барынша аз қатысуын қамтамасыз ететін, тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыру жөніндегі нормалар заңнамалық түрде бекітілді. Үкіметке мемлекеттік органдардың бизнеске қоятын талаптарын қысқарту мақсатында тәсілдерді сапалы іске асыруды қамтамасыз ету тапсырылды. Қазіргі кезде мұндай талаптардың 40 пайызы жаңа тәсілдерге сәйкес келмейді. Реформаны жаңадан іске асыру бизнес-ортаны реттеу тиімділігін арттыруға және кәсіпкерлікті жандандыру үшін қолайлы әрі ынталандырушы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Бизнес шамадан тыс әкімшілік жүктеменің азайғанын сезіне бастауы тиіс. Ол үшін міндетті талаптар реестрін құруды және сапалы қалыптастыруды қамтамасыз ету қажет.

Премьер-Министр Ұлттық экономика министрлігіне «Атамекен» палатасымен бірлесіп, реттеудің жаңа тәсілдеріне сәйкес міндетті талаптар реестрін құрудың кестесін бекітуді тапсырды.

«Қаржы министрлігі Әділет министрлігімен бірлесіп, бюджетті нақтылау аясында «Әділет» ақпараттық жүйесінің базасында реестрді құруға қаражат қарастырсын. Сондай-ақ қабылданған заңға сәйкес, бұған дейінгі реттеушілік актілерге олардың жаңа базалық тәсілдерге сәйкестігі тұрғысынан тексеру және бағалау жұмыстарын жүргізу қажет. Барлық мүдделі мемлекеттік органдарға биылғы 1 шілдеге дейін аталған актілерді қайта қарау тапсырылады. Мемлекеттік бақылау және бизнестің есеп беру жүйесін автоматтандыру қажет. Сондықтан Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Ұлттық экономика министрліктеріне Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетімен бірге осы жүйені автоматтандыру бойынша тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын» деді премьер-министр.

Сондай-ақ үкімет басшысы еңбек саласын цифрландыру мәселесіне де назар бұрды.

«Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірыңғай ақпараттық жүйе құруды аяқтау қажет» деді Смайылов.

Үкімет басшысы цифрлық форматтың мүгедектігі бар адамдар үшін өте маңызды екенін атап өтті. Сондықтан, оларға арналған барлық қызметті, әсіресе, мүгедектікті медициналық-әлеуметтік сараптама арқылы сырттай белгілеу қызметін цифрландыру керек.

Әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруды күшейту үшін премьер-министр Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әкімдіктермен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, жыл соңына дейін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын электрондық форматқа ауыстыруды қамтамасыз етуді және жұмыс іздеп жүгінген азаматтардың кемінде 40 пайызына онлайн режимде қызмет көрсетуді тапсырды.

Сондай-ақ оқыңыз