Гуманитарлық жүк 150 мың адамның қажеттіліктерін өтеуге мүмкіндік береді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Гебрейесус мұқтаж тұрғындарға көмек көрсету үшін Киевте гуманитарлық дәлізді шұғыл ашуға шақырды. Бұл туралы ТАСС агенттігі хабарлады.
«Мұқтаж адамдарға керек-жарақтарды жеткізуді қамтамасыз ету үшін шұғыл дәліз құру қажет», – деді ол.
Бас директор Украинадағы қазіргі қақтығысқа дейін ДДҰ 23 ауруханаға медициналық құралдар жібергенін түсіндірді. Сонымен бірге Киевте сақталған қорлар қазір қолжетімсіз.
Гебрейесустың айтуынша, ДДҰ бейсенбі күні Польшаға 36 тонна түрлі материал жібереді. Бұл 1000 науқастың жарақаттары мен хирургиялық операцияларын емдеуге көмектеседі. Жеткізілген жүк 150 мың адамның сұранысын қанағаттандыруға мүмкіндік береді.
ДДҰ басшысы ұйымның төтенше жағдай қорынан 5,2 миллион доллар бөлгенін айтты.
«Алдағы үш айда бізге Украина үшін 45 миллион доллар және көршілес елдерге босқындарды емдеуде қолдау көрсету үшін 12,5 миллион доллар қажет», – деді ол.