2022 жылғы 4 наурыз күні S&P халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстан Республикасының тәуелсіз кредит рейтингінің «BBB-» деңгейінде растады, болжамы «тұрақты». Кредит рейтингіне орнықты фискалдық позиция, ауқымды сыртқы резервтер, мұнай нарығындағы жағымды жағдай сияқты факторлар қолдау көрсетті, деп хабарлайды Ұлттық банк.
S&P пікірінше, геосаяси жағдай Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз саяси, қаржылық және экономикалық қарым-қатынастарға қарамастан мемлекеттің кредит рейтингіне ықпал еткен жоқ. Ресейге қатысты қабылданған экономикалық санкциялардың қосымша әсерлері реттеуге келеді және Қазақстан үшін ең маңызды экспорт нарықтарына қолжетімділігін шектемейді.
«Кредит рейтингінің сақталуының шешуші факторы ретінде мемлекеттік борыш деңгейінің төмендігі мен айтарлықтай өтімді активтермен ерекшеленетін мемлекеттің тұрақты фискалдық позициясын қарастыруға болады. S&P сарапшыларының пікірінше, Ұлттық қордан бюджетке аударылатын трансферттердің көлемін шектейтін бюджеттік ережені басшылыққа алу және мұнай өндірісінің көлемін арттыру Қазақстанға тұрақты фискалдық позициясын сақтауға мүмкіндік береді. Қазақстанның сыртқы резервтерінің көлемі айтарлықтай деңгейде сақталған, ал сыртқы қаржыландыруға мұқтаждығы төмен» делінген хабарламада.
S&P 2022 жылы ЖІӨ-нің өсімі 3,6% деңгейінде болады деп болжайды. Агенттік инфляция 2021 жылы Ұлттық Банк орнатқан 4-6% дәлізден жоғары орта есеппен алғанда 8% құрағанын және бұл жағдай іске асырылып отырған ынталандырушы фискалдық саясат пен импорттық тауарлардың бағасының өсуіне байланысты орын алғанын атап өткен. S&P болжамына сәйкес инфляция өсімі 2025 жылға қарай баяулап 5% құрайтын болады.
Агенттік сарапшыларының пікірінше кредит рейтингінің динамикасы мемлекеттік басқару, мемлекеттік институттар саясатының одан әрі жетілдірілуі мен монетарлық саясат тиімділігі және банк секторының жағдайына тәуелді болады.