Қазақстанда жерді пайдалану мен қорғауға кім жауапты?

Жарияланды
Жерді пайдаланбай отырған тұлғаларға жаза жоқ

Жер – Қазақстанның жанды жері. Жер үшін қанша дау-дамай, қаншама көтеріліс болды, соған қарамастан жерді қорғау мен пайдалануға қатысты мәселеге әлі нүкте қойылмады. Жақында Ауылшаруашылығы министрлігі жерді ұтымды және тиімді пайдалану проблемасына орай түсініктеме берді.

2014 жылдан бері жерді пайдалану мен қорғауды мемлекеттік бақылау функциясы облыс әкімдіктеріне тиесілі болып келсе, енді аталған міндет министрлік құзіретіне қайтарылған. Алайда, жер қатынастары басқармалары (ұсыну) мен жер инспекциялары (бақылау) бір мемлекеттік органның құрамына кіргендіктен, белгілі бір сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен мүдделер қақтығысы туындаған. Бұл туралы Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов айтты.

«Жер беру жөніндегі функциялар әкімдіктерде қалды, ал әкімдіктердің жерді беруі мен пайдалануын және жерді меншік иелерінің/жер пайдаланушылардың аумақтық департаменттер құру арқылы пайдалануын бақылау жөніндегі функциялар министрліктің Жер ресурстарын басқару комитетіне берілді. Осылайша, жер қатынастары саласында жинақталған проблемаларды шешу және тәртіпке келтіру үшін маңызды қадам жасалды деп ойлаймыз».

2021 жылы Қазақстанның барлық аумағында ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бойынша ғарыштық мониторинг жүргізу әдісі енгізілген.

«Жалпы, космомониторинг пайдаланылмай жатқан жерлерді немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылып жатқан жерлерді анықтау бойынша өзінің тиімділігін көрсетті, өйткені ол қысқа мерзімде республиканың барлық ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға талдау жасауға мүмкіндік береді, көзбен шолып қарау және пайдаланбау фактісін тіркеу арқылы жеке баруды болдырмайды, нәтижесінде уәкілетті органдардың уақыт және материалдық шығындарын үнемдейді. Осылайша, космомониторинг қорытындысы бойынша 3,6 млн га пайдаланылмаған жер ерікті түрде қайтарылды».

Мемлекет басшысының биыл жыл басында пайдаланылмай бос жатқан жерді алып қою мерзімін 2 жылдан 1 жылға қысқартқаны белгілі (заңға қол қойды).

Теміржановтың сөзінше, микрокәсіпкерлік субъектілерінің сауда дүңгіршектерін заңсыз орнатуы және жұмыс істеп тұрған меншік иелері мен жер пайдаланушылардың ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбау фактісі жұмысқа ынталы өзге бір топтардың ренішін тудырары сөзсіз. Алайда заң бұзған азаматтарға уәкілетті органдар тексеріс жүргізе алмайды, өйткені мораторий бар.

«Осыған байланысты, 2021 жылы Ауылшаруашылығы министрінің бұйрығымен Президент Жарлығының қолданылу кезеңінде ауыл шаруашылығы жерлерін пайдаланбау немесе тиімсіз пайдалану мәселелері бойынша тексерулер жүргізу мүмкіндігі үшін «жаппай қауіп» ұғымын айқындау жөніндегі ұсынымдар бекітілді. 2015 жылдан бастап Салық кодексіне сәйкес, мәслихаттардың шешімдері негізінде пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне жер салығының базалық мөлшерлемелері 10 еседен асырылмай көтерілуі мүмкін. Жоғары базалық мөлшерлемені Мемлекеттік кіріс органдары жер инспекторлары жер пайдаланушыға жазбаша ескерту берген күннен бастап есептейді. Көбінесе, жер пайдаланушылар ескертуді тапсырған сәттен бастап пайдаланылмайтын жерлерге жоғары салық төлемеу үшін жер учаскесінен өз еркімен бас тартады. Сонымен қатар, салықтың өсуіне қарамастан, жерді пайдалануға кіріспейтін және мәселені сот талқылауына жеткізетін жер пайдаланушылар аз емес. Жосықсыз жер пайдаланушылардың пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерінен өз еркімен бас тартуына экономикалық мәжбүрлеу жағдайларын жасау үшін 2020 жылғы желтоқсанда Салық кодексіне пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлеріне салық мөлшерлемесін 10-нан 20 есеге дейін екі есе ұлғайтуды көздейтін түзетулер қабылданды» деді министрлік өкілі.

Спикердің айтуынша, келешекте жер ресурстарын басқару жөніндегі стратегия құру қажеттілігі туындап тұр. Тағы бір міндет – «республика-облыс-аудан» қағидаты бойынша мемлекеттік бақылау бірыңғай жүйесін құру.

Министрлік жайылым мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Жер ресурстарын басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлжахан Бимендинаның айтуынша, жайылым мәселесі алғаш рет 2016 жылы көтерілді. 2017 жылы «Жайылым туралы» заң қабылданды. Содан бері елдімекеннің маңындағы 2 млн гекатарға жуық жер қайтарылды.

Жалпы, министрлік мәліметінше, 2018 жылдан бастап Қазақстанда ауыл шаруашылық мақсаттағы пайдаланылмай жатқан 5 млн га жер анықталды. Оның ішінде, 2,7 млн га мемлекет меншігіне қайтарылды және 4,1 млн га тиісті іс шаралар жүргізу қорытындысы бойынша, бұрынғы жер пайдаланушылар мен жер иеленушілермен қайтып айналымға енгізілген.

Сондай-ақ оқыңыз